Вакцинация АПВ-дан қорғайды

АПВ.jpg

Елімізде 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап жасөспірімдерді адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау жоспарланып отыр. Бұл вирус әйелдердің және ерлердің жыныс мүшесінің қатерлі ісігіне апарады.

Адам папиллома вирусы деген не? 

Әлемдегі ең көп тараған әрі ең қауіпті вирустардың бірі.

Адам папиллома вирусы әлемде ең көп тараған. Бүгінгі күні бұл вирустың 200-ге жуық штамы зерттелген. Ең қауіптісі 16 және 18-түрлері, олар онкогенді және жатыр мойнының және әйелдердің сыртқы жыныс мүшелерінің, ерлердің жыныс мүшелерінің, сонымен қатар шырышты қабаты бар басқа органдардың қатерлі ісігін тудырады.

Жатыр мойны қатерлі ісігі жатыр мойнының эпителиінде пайда болады. Бұл еліміздегі әйелдер арасында сүт безі қатерлі ісігінен кейін ең көп таралған онкология ауруы болып есептеледі. ДДСҰ дерегінше, әйелдердің жатыр мойны ісігінің 95 пайызы АПВ әсерінен болған.

Жатыр мойны қатерлі ісігі әлем бойынша әйелдер арасында жиі кездесетін онкология аурулары ішінде төртінші орында тұр. 2020 жылы дүниежүзінде шамамен 604 мың науқастың жатыр мойны қатерлі ісігі болса, оның 342 мыңы ауру салдарынан қайтыс болған. Ал Қазақстанда тек 2013 жылдан бері жатыр мойны ісігінен 4359 әйел қайтыс болған.

АПВ-дан қалай қорғанамыз?

Адам папиллома вирусы жыныстық жолмен беріледі. Сондықтан ол мектепте жыныстық сауат сағатын өткізудің маңызы зор.

АПВ-дан қорғану үшін жыныстық әдепті сақтау керек. Жыныстық қарым-қатынасты ерте бастау, партнер көп болғаны вирус жұқтыру ықтималын арттырады. 12-13 жас жыныстық өмір үшін тым ерте. Бірақ балаға дәл осы жастан бастап жыныстық сауат жайлы көп айту керек.

Адам папиллома вирусы организмге енгенімен, ешқандай айқын симптомы болмайды. Бұл вирустың қауіпті тұсы да сол, адам оның бар екеніне күдіктенбей өмір сүре береді. Вирусты ерте немесе уақтылы анықтау мүмкін емес. Дәл осы себептен оның алдын алу амалын ғана ойластыра аламыз.

Әйел организмінде вирустың бар-жоғын анықтау үшін тұрақты түрде скринингтен өтіп тұру керек.

Елімізде 30-70 жас аралығындағы әйелдерге төрт жыл сайын жатыр мойны қатерлі ісігін анықтауға арналған скрининг өткізіледі. Ол үшін тіркелген емханаңызға бару керек. Дәрігер жатыр мойнынан жұғынды алып, оны зертханаға жібереді. Бұл бар-жоғы бес минутта әрі ауыртпай жасалатын процедура. Нәтижесі бірнеше аптадан кейін дайын болады.

АПВ-ның алдын алу үшін тек жыныстық сауат ашу жеткіліксіз. Міндетті түрде вакцина салдыруы керек.

Жоғарыда айтылғандай, бұл вирус ешқандай сипмтомсыз-ақ дами береді. Ал оның организмде бар екенін анықтағанша, вирус әлдеқашан қатерлі ісікке айналған болуы мүмкін. АПВ инфекциясының арнайы емі де жоқ. Вирус жұқтырғандардың 90 пайызының иммунитеті екі жыл ішінде инфекциямен өз бетінше күресіп, вирус өздігінен жойылуы мүмкін. Бірақ жыныстық қатынаста жаңа партнер пайда болса, АПВ қайтадан жұғуы мүмкін. Дәл осы себептен сақтанып, вакцина салдырған дұрыс.

АПВ-ға қарсы вакцина қаншалық тиімді?

АПВ-ға қарсы вакцинациялау іске қосылған елдерде әйелдердің жатыр мойны қатерлі ісігі статистикасында оң өзгеріс бар. 

Вакцинацияның тиімді екеніне Аустралия дәлел. Бұл ел алғашқылардың бірі болып 2007 жылы адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялауды қолға алды. Соның арқасында елдегі жатыр мойны қатерлі ісігімен ауыратындар саны 50 пайызға дейін азайған.

Қазақстанда вакцинациялау қалай жүзеге асады?

Елімізде 2024 жылы АПВ-ға қарсы жасөспірім қыздарды вакцинациялау бағдарламасы іске қосылады. Бұл жолы вакцина 12-14 жастағы емес, 11 жастағы қыздарға салынады деп жоспарланып отыр.

Дәл осы жастағы қыздар таңдалғанына басты себеп сол, бұл жаста қыздардың психикасы әлдеқайда тұрақты болады. 12 жастан асқанда өтпелі кезең қиындығынан қыздардың мінезі өзгеруі мүмкін. Ал 11 жастан кіші қыздар тіпті бала болғандықтан, ең оңтайлы жас шамасы 11 жас болды. Бұған қоса вакцина вирустың алдын алу амалы болғандықтан, балалар жыныстық қатынасқа түспей тұрып салынғаны абзал. 

Вакцина ата-ана рұқсат етсе ғана салынады. Қыздарға вакцина мектепте немесе емханада салынады. Адам папиллома вирусы жатыр мойны қатерлі ісігімен қатар, бас, мойын, ауыз-жұтқыншақ қатерлі ісігіне себеп болып жатады.

 Құрметті тұрғындар адам папиллома вирусына қарсы екпе алып, аурушаңдықтың алдын алайық!

Б.МҰСАЕВА,

Тұран ауданының СЭББ бөлімі басшысы


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Вакцинация АПВ-дан қорғайды