ЖРВИ және тұмау туралы біле жүріңіз


ЖРВИ және тұмауға шалдығу эпидемиялық үдерісін сипаттайтын көпжылдық деректерді талдай отырып, эпидемиялық маусымды қазан айынан бастап сәуір айына дейін жалғасады деп болжауға болады. Індет көбінесе 5 жасқа дейінгі балалар мен егде жастағы (65 жастан асқан) азаматтарда тіркеледі. Дәл осы жас топтарында тұмау мен өкпенің қабынуы – инфекциялардың ішіндегі өлімнің себебі ретінде бірінші орынды, барлық өлім себебінің ішінде бесінші орынды алып отыр.

Аурудың алғашқы белгілері байқалысымен дер кезінде медициналық көмекке жүгінудің маңызы зор. ЖРВИ – түрлі вирус салдарынан пайда болған респираторлық вирустық ауру тобы. Ол жоғарғы тыныс жолдарының зақымдалуымен және ағзаның улануымен сипатталады.

Бүгінгі таңда түрлі топ ЖРВИ қоздырушы 200-ден аса вирустың түрі (парагрипп вирусы, тұмау вирусы, аденовирус, риновирус, энтеровирус, т.б.) бар екені белгілі.

Тұмау – эпидемиялық маңызы бар ЖРВИ түрі. Бұл аурулардың даму белгілерін алғашқы сатысында байқаудың маңызы зор. Себебі, ол дер кезінде тұмауды емдеумен қатар, айығуға көмектеседі.

ЖРВИ мен тұмауды емдеудің өз ерекшеліктері бар. Сондықтан, уақытылы дәрігерге жүгіну өте қажет.

Жоғарғы тыныс алу жолдарының шырышты қабаты – инфекция кіретін жол ЖРВИ мен тұмауға ортақ болып табылғандықтан, бұл індеттің де ұқсас белгілері бар. Алайда, тұмау ағыны өткір респираторлық вирустық инфекция ағынынан ерекшеленеді.

Белгілері: Дене қызудың көтерілуі, кейде 38,5°С ден 40°С дейін көтеріледі, кейде одан да жоғарылауы мүмкін. Мұрынның білетуі, жөтел, түшкіру, шаршағандық, әлсіздік, ашуланшақтық, бас ауруы, ұйқысыздық, катаралдық белгілер (тамақтағы ауыруы, болмаса қызару), бұлшық ет пен буындары ауырады.

Тек дәрігерге жүгіну ғана ЖРВИ мен тұмаудан айығуға мүмкіндік береді. Ешқашан өзіндік ем жасауға тырыспаңыз. Себебі, ЖРВИ мен тұмау белгілері бір-біріне ұқсас. ЖРВИ-дің алғашқы белгілері пайда болысымен-ақ дәрігерге көрініңіз.

Тұмауға қарсы екпе жасау – тұмаудың алдын алудағы анағұрлым тиімді әдіс болып табылады. Егер уақытылы екпе жасалса, тұмау вирусын жұқтырғанның өзінде, аурудың ауыр ағымын, сондай-ақ, кейінгі асқынуларын болдырмауға мүмкіндік туады.

Жергілікті бюджет қаражаты есебінен тұрғындардың келесі топтары арасында: созылмалы өкпе, жүрек-тамыр аурулары, жүрек кемістігімен сырқаттанған балалар және жабық мекемелерде (балалар үйлері, мектеп-интернаттар) жиі сырқаттанатын және әлсіз балалар, қарттар үйіндегі адамдар, медицина қызметкерлері мен жүкті әйелдер арасында тұмауға қарсы екпе жүргізілуде. Сондай-ақ, азаматтарға ақылы негізде және жұмыс беру­шінің қаражаты есебінен екпе жасау қарастырылған.

Алдын алу шаралары:

- Ағзаның вирустарға қарсы тұруы үшін саламатты өмір салтын ұстану;

- Бетперде тағу, қоғамдық орындарға барған соң қолды тазалап жуу, жөтел кезінде ауызды жабу, ғимаратты жиі тазалау мен желдету;

- Көкөніс, жеміс-жидек немесе құрамында жеткілікті дәрумендер бар басқа өнімдерді, әсіресе, аскорбин қышқылын пайдалану;

- Адам көп шоғырланған орындарға бармауға, мүмкіндігінше қоғамдық көлікпен емес, жаяу жүруге тырысыңыз;

- Тұмаудың өршу кезінде вирустан қорғанудың маңызды компоненттеріне: дәруменге бай азық-түлікті пайдалану, қажетті мөлшерде су ішу мен тынығу жатады.

Салқын тигеннен болатын аурудың алдын алу – мезгілдік тұмау індеті кезінде ғана емес, азаматтар әрқашан өз денсаулығына күтіммен қараған уақытта ғана нәтижелі жүзеге асады. Тиімді тамақтану, саламатты өмір салтын ұстану, ағзаны шынықтыру мен спортпен айналысу, ағзаның салқын тиюге қарсыласу дәрежесін көтереді және басқа көптеген аурулардың пайда болуының алдын алады.

Құрметті тұрғындар! Өз өміріңізді, денсаулығыңызды және жақындарыңыздың денсаулығын бағалаңыз! Дәрігердің нұсқауынсыз дәрі-дәрмектерді қол­дануға асықпаңыз! Денсаулығыңызға жауапкершілікпен қараңыз!М.Сейдалиева,

Тұран ауданының СЭББ бас маманы


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: ЖРВИ және тұмау туралы біле жүріңіз