Дезинфекция, дезинсекция және дератизация талаптары


Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 29 шiлдедегi №ҚР ДСМ-68 бұйрығымен бекітілген "Дезинфекция, дезинсекция мен дератизацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидалары  дезинфекция, дезинсекция мен дератизацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын талаптарды белгілейді.

2024 жылғы 1 шілдеден бастап дезинфекция, дезинсекция және дератизация қызметтерін көрсететін жеке және заңды тұлғалар осы қызмет түрін лицензия болған жағдайда ғана жүзеге асыра алатын нормативтік-құқықтық актілер күшіне енеді. Қазіргі уақытта қызметтің бұл түрімен «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» ҚР Заңына сәйкес мамандандырылған ұйымдар айналысады.

Дезинфекциялау, дезинсекциялау мен дератизациялау жүргізу үшін Евразиялық экономикалық одақтың өнімдерді мемлекеттік тіркеу туралы куәліктердің бірыңғай тізілімінде тіркелген құралдар қолданылады. Қазақстан Республикасында халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету мақсатында дезинсекциялық және дератизациялық қызметте қолданылатын уытты заттармен улану фактілерінің тіркелуіне Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің орынбасарының 2020 жылғы 20 ақпандағы №6-ПГВр қаулысымен  жеке кәсіпкерлерге және заңды тұлғаларға 1, 2, 3 қауіптілік сыныпқа  жататын дезинсекция және дератизация құралдарын сатуға тыйым салынған болатын.

Халықтың денсаулығын сақтау және санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету үшін келесі ұсынымдарды сақтау маңызды:

1) жәндіктерден өңдеу жүргізу үшін жәндіктер мен кеміргіштерден профилактикалық өңдеуді жүзеге асыратын мамандандырылған ұйымдарға жүгіну қажет;

2) өңдеуді өз бетінше жүргізуге, тіркелмеген, сондай-ақ ветеринария мен фитосанитарияға арналған препараттарды пайдалануға қатаң тыйым салынады;

3) мамандандырылған ұйымдарды тарта отырып, дезинсекция жүргізер алдында объектінің әкімшілігін (ПИК, МИБ және т. б.) және баспалдақ алаңы мен жоғарыдағы және төмендегі көршілеріңізді оны өткізу күні мен уақыты, қолданылатын құралдар мен сақтық шаралары туралы хабардар етіңіз;

4) дезинсекция терезелер жабық болған кезде жүргізіледі. Жұмыс аяқталғаннан кейін бөлме препаратты қолдану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес мұқият желдетіледі, желдету жүргізілгенге дейін үйде қалмаңыз, бірақ препараттың әсер ету уақытында таза ауада серуендегеніңіз жөн.

Дезинфекциялық, дезинсекциялық және дератизациялық құралдармен өздігінен өңдеу сіздің және туыстарыңыздың денсаулығына зиян тигізуі мүмкін, тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Өзіңізге және жақындарыңызға қамқор болыңыз!

Г.АҚБЕРДИЕВА,

Әл-Фараби ауданы СЭББ жетекші маманы