Қышыма
Тері жұқпалы ауруларының бірі – қышыма қотыр (чесотка). Оны қышыма қотыр кенесі таратады. Қоздырғыш адамның терісіне жұққан сәттен-ақ өзіне «жайлы орын» жасай бастайды. Ұрғашысы адамның терiсiне енгеннен кейiн жылдам көбейеді, яғни терiге жұмыртқа салады.
Бірер күннен кейін онысы құртқа (личинка) айналып, бір аптадан соң ересек қотыр кенелер пайда болады. Демек қышыма кене адам үшін өте қауіпті жәндік. Оның мөлшері 0,2-0,5 миллиметрден аспайды, сондықтан ұлғайтқыш әйнек арқылы ғана толық көруге болады. Қышыма қотыр адамнан адамға жылдам жұғады. Әсіресе отбасы мүшелеріне тез тарайды. Яғни қышымамен ауырған адаммен тiкелей қарым- қатынаста болғанда, сондай-ақ олардың пайдаланған төсек –орындарын,iш киiмдерiн, киiм-кешектерiн,сүртінетін орамалдарын, жөкелерiн(мочалка), қолғаптарын, басқа да заттарын пайдаланғаннан жұғады. Сондықтан тиісті тазалық талаптарын сақтау қажет.
Қышыма адамға үй жануарларынан жұғуы да мүмкін. Қышыма кене мал денесін де жайлап, адамға көбінесе жылқыдан жұғады. Қышыма кененің әре-кетінен денеде қотыр пайда болады Сондай-ақ тазалық-індет тәртібін сақтамаған жағдайда қышыманы моншадан, душтан, жатақханадан, пойыздан, қонақ үйлерден, яғни кез келген жерден жұқтырып алуыңыз мүмкін. Аурудың жасырын кезеңi 7 күннен 10 күнге дейiн, кейде 1,5 айға дейiн созылуы мүмкiн.
Эпидемиологиялық тексеру нәтижелерiне қарағанда қышымамен әлеуметтiк жайсыз және тұрмысы нашар отбасындағы адамдар жиi ауыратын көрінеді. Қышыма жұқтырған адамдардың ең көп саны мектептерде, орта және жоғары оқу орындарында жаңа ұжымдар құрылғанда, яғни күзгi –қысқы уақыттарда тiркеледi. Соңғы кездері қышыма қотырдың қатты дуылдап қышып, адамның мазасын алмайтын, бөрткені де онша қаптап шықпайтын жеңіл түрі жиі кездеседі. Қышыманың бұл түрінде беті қанталап қабыршақтанған бірлі-жарымды ғана бөрткендер кездеседі.
Белгілері:
- Қолдың саусақтарының арасында, кеуде мен iштiң, санның, аяқтың терiсiнде бөртпелер және қышыма пайда болады.
- Қышыма қотыр жұқтырған адамның денесінің кей тұсы бой бермей дуылдап кышиды, әсiресе түнде қатты қышиды.
- Терiнi үнемi қасығанда оған микробтар түсiп, қышымаға терiнiң iрiңдi жұқпасы қосылып, ауру әрi қарай асқынып кетедi.
- Денесін түрлі түйіншектер, көпіршіктер, қанды қабыршақтар, тырнақ ізі басады
Мұндай жағдай аяқ-қолдың буын бүгілістерінен, саусақ аралықтарынан, тіпті тұла-бойдан да байқалады.
- Адам денесінде қотырдың ізі қалып, ұсақ бөртпелердің көбейіп кетуі. Қышыманың орны ақшыл-сұрғылт жолақтанып ине ұшының ізіндей болады, ізі тура сызықтай болмай, ирелеңкіреп бір-біріне қатарласа түскен үтір сияқтанып жатады.
- Қышыманың бөрткені балалардың алақаны мен саусақтарының арасында, қарнына, шынтақтың бүгілетін тері қатпарына, балтырына, өкшесіне табанның ішкі жағына, құйрығына, иығына беті және басына шығады.
- Емшек жасындағы сәбилердің көбінесе алақаны мен құйрығының ұшына, беттеріне шығуы мүмкін.
Тері ауруларының белгісі байқала салысымен-ақ дер кезінде дәрігерге көрініп, нәтижелі ем қабылдау қажет. Қышымаға қарсы арнаулы емдi терi ауруының дәрiгерi ғана жүргiзедi. Ауырған адам өзiн-өзi емдеуге болмайды Ең бастысы науқас тұтынған заттардағы паразиттің көзін жою керек. Қотыры бар адам дер кезінде дәрігерге көрініп емделмесе, ол созылмалы ауруға айналады. Қотыр, әсіресе, кешке қарай, жылы киінген кезде қатты қышиды. Қышынған адам денесін қасып қанатып та алады. Ол қанаған жер асқынып, іріңдейді.
Тазалық талаптары:
- «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, ең алдымен адам таза болу керек. Апта сайын суға түсіп, іш киімін жиі ауыстыру керек. Әсіресе біреудің киім-кешегі мен заттарын пайдаланғаннан аулақ болыңыз.
- Қышыма-қотыр жұқтырған адам ауруханаға жатпай, үйде емделсе, оның төсек-орыны, тұтынатын заттары өзге отбасы мүшелерімен араластырылмай, жеке ұстаған дұрыс.
- Кірлеген киімдерді де бөлек жинап, бөлек жуған жөн. Яғни оны 1-2% сода ертіндісі немесе кез-келген ұнтақ сабын қосылған, қатты қайнап тұрған суда 10 минуттай қайнатып жуу керек.
- Киімді тек үтіктеп кию керек. Сырқат жатқан бөлмені де күн сайын 2 пайыздық сабын-сода ертіндісімен жақсылап сүрту керек.
- Науқасқа күтім жасағаннан кейін немесе оның жатқан жерін жинастырған кейін міндетті түрде қолды сабынмен жуу керек. Моншаға, душқа түскен кезде отыратын орындықты, сабын, сусабын, ысқы қоятын сөрелерді және жуынатын кіршені ыстық суға хлор араластырып жуған дұрыс.
- Біреудің жуынатын заттарын, сыпыртқысын (веник) пайдаланбаңыз. Әр адамның жеке сүлгiсi және жөкесi болғаны жөн. Жаңадан сатып алған киiм-кешектi, iш киiмдi және төсек жаймаларын мiндеттi түрде үтiктеген дұрыс.
Қышыма қотыр ауруының белгісін байқап, күдiктенсеңізе дереу терi аурулары дәрiгеріне көрiніңіз. Дәрiгерге дер кезінде қаралу – ауруды айналасындағы адамдарға жұқтырмауға, қышыманың таралмауын және одан тез сауығуын қамтамасыз етедi.
Г.АҚБЕРДИЕВА,
Әл-Фараби ауданы СЭББ жетекші маманы