Салқындатқыш та санитарлық өңдеуді қажет етеді
Заманауи су салқындатқыштары үнемі тазалау жұмыстарын қажет ететін құрылғы. Құрылғыларды санитарлық тазалаудан өткізіп тұру ең маңызды шарт, өйткені олардың жұмысы кезінде қақ пен микробтар жиналады. Бұл әсіресе балалар мекемелеріне, ауруханаларға, қонақ үйлерге, спорт кешендеріне қатысты және санитариялық өңдеу жиілігін кем дегенде тоқсанына бір рет жүргізген абзал.
Салқындатқышты зарарсыздандыру үшін сізге таза шүберек, щетка, бір реттік резеңке қолғап, ыдыс жууға арналған кез келген сұйық жуғыш зат, 50 мл залалсыздандыру сұйығы, таза дымқыл және құрғақ майлық қажет.
Салқындатқыштағы су бөтелкесін әр ауыстырар алдында яғни, бос бөтелкені толық бөтелкеге ауыстыру кезінде өңдеуді (сүрту әдісін) жүргізу қажет, өйткені өндірушіден тұтынушыға жеткенге дейін бөтелкенің бетінде шаң мен микробтар отыруы мүмкін. Орнатар алдында бөтелкеден қорғаныш пленканы және жапсырманы алып тастай отырып, бөтелке қабылдағышты және инені үнемі жуу қажет, өйткені салқындатқыш пен сыртқы ортаның жанасу нүктесінде бактериялар көбейе бастайды. Тазалау кезінде пайдаланған зат адам ағзасына енбес үшін әрбір шүмектегі бірінші жарты стаканды төгу қажет. Электрондық салқындатқыштарды, яғни екі резервуары (суық және ыстық су) бар салқындатқыштардың екі резервуарын да санитарлық өңдеуден өткізу қажет.
Санитарлық өңдеу жұмыстарын бастамас бұрын, кез келген техникалық құрылғы сияқты, салқындатқышты қуат көзінен ажыратып, ыстық судың сууын күту қажет. Жеке бас гигиенасын сақтау, таза қолғаптарды пайдалану және тазалау жұмыстарын таза бөлмеде жүргізу маңызды. Жуу кезінде губканың қатты жағын пайдаланбаған абзал, өйткені бұл резервуардың қабырғаларында сызаттардың пайда болып қақ пен микробтардың ошағы болуы әбден мүмкін. Салқындатқыштарды толыққанды санитарлық өңдеуден өткізуде, оның алынбалы бөліктерін, атап айтқанда крандарды, құбырларды, тамшы коллекторларын да тазалаудан өткізудің маңызы зор.
Салқындатқышты нұсқамасына сай санитарлық өңдеуден өткізіп тұру құрылғының жарамдылығын және ауыз судың қауіпсіздігін арттырады.
Д.Алиасқар,
Әл-Фараби СЭББ бас маманы