Туберкулез қандай ауру?


Туберкулез – инфекциялық жұқпалы ауру. Егер туберкулездің бактерия бөлетін түрімен ауыратын науқас тез арада дәрігерге қаралып емделмесе, жақын байланыста болған, қорғаныс қабілеттері төмен адамдарға туберкулез жұқтыруы мүмкін.

Туберкулез инфекциясы ауру адамнан сау адамға жөтелгенде, түшкіргенде ауа тамшылары арқылы жұғады.

Туберкулез инфекциясына тән негізгі белгілер: жөтелдің екі аптадан аса уақытқа созылуы, салмақ жоғалту, тершеңдік, кеуде қуысындағы ауырсыну, жалпы әлсіздік және тез шаршау, ұзақ уақыт дене қызуының көтерілуі, қақырықта қан пайда болуы. Жөтел туберкулезге тән ең алғашқы белгілердің бірі. Егер жөтел 2 аптадан ұзаққа созылса, міндетті түрде медицина мекемесіне барып, дәрігерге қаралып, туберкулезге тексерілу қажет.

Дұрыс, құнарлы тамақтанбау, организмде витаминдер мен минералды заттардың жетіспеушілігі, жиі суық тиіп ауыру, үнемі күйзелісте, стресс жағдайында болу, зиянды әдеттердің болуы (темекі шегу, арақ ішу, наркотиктер қабылдау) дене шынықтырумен айналыспау, жеке басы тазалығын, тұрмыста тазалық ережелерін сақтамау туберкулез ауруының пайда болуына әсер етеді.

Балалар арасында туберкулезді ерте анықтау мақсатында Манту сынамасы және рекомбинантты аллерген (Диаскинтест) сынамасы қолданылады.

Жасөспірімдер мен ересектер арасында туберкулезді ерте анықтау үшін флюорографиялы және рентгенографиялық тексеру әдісі қолданылады. Туберкулезді анықтаудың тағы бір әдісі ол лабораториялық экспресс әдіс, ол әдіспен жұқпалы бактерия бөлетін түрімен ауыратын науқастарды 2 сағатта анықтауға болады.

Манту балалар арасында туберкулезді ерте анықтау мақсатында жасалатын сынама. Туберкулин бактериясынан алынған сығынды. Егер БЦЖ вакцинасы, иммундық жүйені нығайту үшін қолданылса, ал Манту сынамасы – ағзаның оған туберкулез қоздырғышының енуіне реакциясын анықтау. Бұл иммунитеттің қалай жұмыс істейтінін, нақты инфекциямен тиімді күресуге болатындығын түсіну үшін қажет. Манту сынамасы вакцинациялау алдында 2 айдан асқан балаларға, туберкулез ошақтарындағы балалар мен жасөспірімдерге және «тәуекел» тобындағы балаларға жасалады.

Бекітілген Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, туберкулезге қарсы вакцинациялауға: нәрестелер өмірінің алғашқы 1-4 күндері жатады. БЦЖ препаратына қарсы көрсетілімдер бар: шала туылу (дене салмағы 2500 грамнан аз); инфекциядан туындаған аурулар; орталық жүйке жүйесінің зақымдануы; иммундық жүйенің проблемалары, иммунитетті басатын дәрі-дәрмектерді қолдану; анадағы АИТВ. Мүмкіндігінше медициналық шеттетудің себептері көп емес. Сондықтан бұл вакцинаны балалардың 90%-ы туылғаннан кейін 3-7 күн аралығында салады. Егер, балада кем дегенде бір қарсы көрсетілім анықталса, вакцинация 60 күнге кейінге қалдырады. Осы уақыттан кейін балада инфекцияның болмауын анықтау үшін Манту сынамасы жасалып, «Теріс» нәтиже анықталса ғана БЦЖ егіледі.

Балалар инфекциялық ауруларға осал болып келеді. Бұл бала организімінің жеткіліксіз жетілуімен және ағзаның жалпы төзімділігінің төмендігіне байланысты. Вакцинация ағзада арнайы антиденелердің түзілуі мақсатында жүргізіледі, ағзаның қорғаныш қызметін (иммунитет) күшейтеді. Туберкулезге қарсы вакцинациялау балалар арасындағы туберкулез менингиті, диссеминирленген туберкулез, таралған туберкулез секілді, туберкулездің ауыр жағдайларының дамуына жол бермейді.

Соңғы жылдары инфекцияға қарсы профилактикалық екпелерді салдырудан бас тарту мәселесі өзекті болып отыр. Туберкулезге қарсы вакциналаудан бас тартқан балалар арасында туберкулездің ауыр түрлері (туберкулез плевриттері, кеуде ішіндегі лимфалық түйіндердің туберкулезі, бастапқы туберкулез кешені) тіркелуде.

Туберкулездің алдын алу жолдары:

- Туберкулезге БЦЖ екпесін алу;

- Жыл сайын диспансерлік бақылану және ерте анықтау (жыл сайын флюорографиялық тексеруден өту).

- Салауатты өмір салтын ұстану (дұрыс тамақтану, жаман әдеттерден бас тарту, дене шынықтыру, спортпен шұғылданып, шынығу.Таза ауда жиі серуендеу, үй ішінде ылғалды жинау жұмыстарын тұрақты жүргізу).

- Жеке және қоғамдық гигиена қағидаларын сақтау.

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік!

Д.САДУЛЛАЕВА,

Шымкент қаласы Тұран ауданының СЭББ бас маманы


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Туберкулез қандай ауру?