Адам папиллома вирусы


Адам папиллома вирусы - дененің әртүрлі бөліктерінің терісі мен шырышты қабығына әсер ететін вирустар тобы. Кейбір жағдайларда инфекция папилломалардың (сүйел) пайда болуына алып келеді. АПВ-инфекциясы бүкіл әлемде ең көп таралған инфекция болып табылады. Әр адамда АПВ инфекциясын жұқтырудың 80% ықтималдығы бар, яғни 10 ер мен әйелдіі шамамен 8-і өз өмірінің қандай да бір сәтінде бір немесе бірнеше типтегі АПВ инфекциясын жұқтырады, АПВ инфекциясының ен жоғары таралымы 25 жаска дейінгі ерлер мен әйелдерде байқалады.

Вирус байланыс арқылы жұғады. Заттардың беткі қабатында ұзақ өмір сүре алмайды. Сондықтан көбіне жыныстық жолмен тарайды. Адам папиллома вирусы емдеуді қажет етпейді. Бұл ауру коронавирус не тұмау сияқты байқалмайды. Адамның иммун жүйесі антидене түзеді, 1,5-2 жылда ағза вирусты жеңіп шығады. Бірақ адам папиллома вирусының кей штамдарына иммун жүйесінің шамасы жетпейді. Қатерлі ісікке айналмай тұрып, вирус көп жыл бойы жасушада өмір сүре беруі мүмкін. Ұзақтығы иммун жүйесіне байланысты. Ғылыми тұрғыда дәлелденген жалғыз жолы – вакцина салғызу. Екпе вирус салдарынан туған қатерлі ісіктен немесе басқа да аурулардан емдемейді. Жыл сайын Қазақстанда жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі, жылына 600-ден астам әйел осы патологиядан қайтыс болады.

Біздің елде жатыр мойны обыры барлық жастағы әйелдер арасында сүт безі қатерлі ісігінен кейінгі екінші ең көп таралған қатерлі ісік болып табылады. Адам папиллома вирусына қарсы Вакцина 20 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді. АПВ вакцинациясы әлемнің 135 елінде, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстанда жүргізіледі. Әлемдік деңгейде АПВ вакцинасы өзінің қауіпсіздігі мен тиімділігін дәлелдеді. АПВ вакцинасының 270 миллион дозасын қолдану жағымсыз реакциялар тудырмады. Жасөспірім қыздар арасында адам папиллома вирусына қарсы Вакцинация тиімді екендігі дәлелденді. Бүгін қыздарға апв вакцинасын алу туралы шешім қабылдағанда, сіз оларды болашақта онкологиядан сақтайсыз. Бірқатар елдерде АПВ вакцинасын енгізгеннен кейін вакцинаның құрамына кіретін АПВ түрлерінің таралуы айтарлықтай төмендеді. Бұл елдер Австралия, Канада, АҚШ және Швейцария.

А.Алтаева,

Әл-Фараби ауданы СЭББ бас маманы

 


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Адам папиллома вирусы