Биологиялық белсенді қоспалар


Биологиялық белсенді қоспалар дегеніміз – тағам құнарын арттыру мақсатында қолданылатын табиғи және табиғи тектес заттар. Оны тағаммен қатар тұтынуға болмаса да, тағам құрамына қосып пайдалануға болады.
Биологиялық белсенді қоспаның басым бөлігі өсімдіктен алынады. Биологиялық белсенді қоспалар – дәрі емес, ол ағзаға жетпейтін дәрумендер мен минералдардың орнын толықтыру үшін қолданылады. Оны тағам құрамына қосып та, жеке өзін де қолдануға болады. Алайда ел арасында таралғандай ол қандай да бір ауруға ем болатындай қасиеті жоқ. Қазіргі таңда тамақ өндіру барысында шикізатты бірнеше мәрте өңдегендіктен табиғи сапасын жоғалтуы мүмкін. Оның орнын толтыру үшін биологиялық белсенді қоспалар қолданылады.

Биологиялық белсенді қоспа дәріні алмастыра алмайды, бірақ жалпы емдеу жиынтығын толықтырады. Сонымен бірге:

- Жұмыс істеу қабілетін арттырады;

 -Иммунитетті нығайтады;

- Асқорытуды белсенді етеді;

- Ағзадағы зиянды заттарды шығарады;

- Метоболизмді жақсартады;

Дәрумендік және минералды кешендер науқасқа ғана емес, сау адамға да қажет. Себебі ғалымдардың айтуынша қазір бірде-бір тағам рационы минералды заттар мен дәрумендерге деген қажеттілікті өтемейді. Сондықтан да қазір дәрумендер мен минералдардың жетіспеушілігі барлық адамда кездеседі. Биоқоспа ауру кезеңінде ағзаға аурумен күресуге көмектеседі, күш береді. Негізінен ББҚ-ны ауыр емделуден өткендер, бұлшықет массасын өсіретіндер және инфекцияны жылдам қабылдайтындар, иммунитеті төмен жандар қабылдайды. Дәрігерлер ББҚ-ға үлкен үміт артпаған дұрыс дейді. Ол тек қосымша көмек ретінде әсер етеді. Биоқоспаны пайдаланар алдында міндетті түрде дәрігердің кеңесіне жүгіну керек. Әсіресе балаларға беретін кезде. Бұл ереже жүкті әйелдер мен жасы келген жандарға да қатысты. Күнделікті ішіп жейтін тағамдар түрлі және толыққанды болған жағдайда, биоқоспаны да пайдалану деңгейі азаяды. Дұрыс тамақтану - ағзаны нәрлі заттармен қамтамасыз етудің ең жақсы тәсілі.

Қазіргі таңда биологиялық қоспалардың сан алуан түрлері бар, алайда түрлі жарнамаға алданып биологиялық қоспаларды пайдаланып, керісінше өз денсаулығының нашарлап кеткені жөнінде дабыл қаққан жандар аз емес. Қанша жерден табиғи өнім дегенімен оны да абайлап қабылдау қажет. Сол себептен де мемлекеттік тіркеуден өткен, санитарлық - эпидемиологиялық басқару органдары бекіткен куәлігі бар биологиялық белсенді қоспаларды қолданған жөн.


М.Сатымбекова

Әл-Фараби ауданы СЭББ бас маманы

 


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Биологиялық белсенді қоспалар