Туберкулез аурушаңдығы уралы не білу керек?


Туберкулез – жұқпалы ауа-тамшыларымен таралатын және aғзағa туберкулез бактериялары түскенде дамитын қауіпті ауру. Аурудың негізгі жұқтырушы көзі туберкулездің ашық түріне шалдыққан адамдар. Туберкулез бактериялары науқас адамдан сау адамға түшкіргенде және жөтелгенде сілекей тамшыларымен бірге беріледі. Туберкулез қоздырғыштары ауаға (ауа тамшылары арқылы) тарайды. Туберкулез бактериялары кез келген ағзада дами алады, бірақ көп жағдайда өкпені зақымдайды.

Өкпе туберкулезінің белсенді түрімен ауырғанда келесі белгілер пайда болады:

үш немесе одан да көп аптаға созылатын жөтел;

Жөтел кезінде қақырық қанмен аралас болуы мүмкін;

тыныс алу немесе жөтел кезінде пайда болатын кеудедегі ауырсыну;

әлсіздік пен шаршау сезімі;

жоғары температура, қалтырау, түнде терлеудің жоғарылауы;

тәбеттің төмендеуі және салмақтың біртіндеп төмендеуі.

Балалар арасындағы ауруды ерте анықтау мақсатында қауіпті топтар және туберкулезбен ауыратын науқастармен байланыста болған балалар арасында туберкулез инфекциясына жаппай тексеру қарастырылған.

Манту Сынамасы. Теріге туберкулин енгізіледі ауру тудырмайтын өлтірілген және жойылған туберкулез бактерияларының қоспасы. Егер адам туберкулезбен ауырса, сынама мөлшері ұлғаяды.

Диагнозды растау үшін флюорография немесе кеуде қуысының рентгенографиясы және туберкулез бактерияларына қақырықты микробиологиялық тексеру жүргізіледі.

Біздің әрқайсымызды туберкулезден қорғанудың ең тиімді тәсілі – профилактикалық егулердің ұлттық күнтізбесінде көрсетілген БЦЖ вакцинациясы.

Туберкулез ауруын алдын алудың негізгі шаралары:

- Салауатты өмір салтын ұстану – жүйелі түрде белсенді дене шынықтырумен айналысу, спортпен айналысу, жақсы демалу;

- Тиімді тамақтану – бұл ет пен сүт, балық өнімдерін, көкөністер мен жеміс-жидектерді жетілікті мөлшерде қолдану;

- Зиянды әдеттерден аулақ болу – темекі, алкоголь, есірткіні тұтынбау;

- Жеке тазалық тәртібін сақтау – жуғыш заттар мен таза суды пайдаланып қолды, ыдыстарды жуу, жеке ыдыс қолдану, жөтелген және түшкірген кезде мұрын мен ауызды бүркемелеу;

- Таза ауада жиі болып, табиғат аясында демалыс жасау;

- Үй ішін мезгіл-мезгіл желдетіп, (ылғалды) тазалап отыру;

- Кез-келген жерге қақырықты түкіре салмау – аурудың таралуына ықпал ететін зиянды әдет.

Туберкулез ауруы емделеді, бірақ дер кезінде анықтап емдемесе бұл дерт адамды өлімге әкелуі мүмкін. Өз денсаулықтарыңыз өз қолдарыңызда!

М.САРМАНОВА,

Тұран ауданы СЭББ бас маманы