Ауданда 23 жобаны іске асыру көзделіп отыр
Туризмі өрістеп, «Оңтүстіктің Швейцариясы» атанған өлкеТөле би ауданындағы демалыс орындары тұрғындарға жыл мезгілдеріне орай тауда тынығу, атта серуендеу, шаңғы тебу, сырғанау секілді қызмет түрлерін ұсынады. Қыс мезгілінде таудың әсемдігін тамашалап, таза ауамен тыныстап, шаңғы тебу үшін «Тау Самалы» демалыс аймағының «Алатау» тау шаңғы базасы, «Алма-тау» тау курорты қызмет көрсетеді. Ал, емделушілерге «Біркөлік» санаториясы, «Дихан Тау» саумалмен сауықтыру орталығы жұмыс жасауда. Балық аулауға арналған «Сақ» демалыс аймағындағы 3 көлде карп пен форель балықтары өсірілуде.
Қасқасу ауылының Сарыбұлақ шатқалындағы Ақмойнақ тауының бөктерінде «Қасқасу» туристік рекреациялық кешенінің инженерлік-коммуникациялық жүйелерінің құрылысын жүргізуге 1,7 млрд. теңге қаралды.
Кешен іске қосылған уақытта қоңыр күзден көктемнің ортасына дейін шаңғы тебуге мүмкіндік тумақ. Жазда тау баурайындағы демалыс аймақтары туристерге қызмет көрсетеді. Демек, Қасқасуда жылдың барлық мезгілінде демалуға мүмкіндік ашылады.
Жалпы, Төлеби ауданында демалушыларға қызмет көрсететін орындардың саны 254-ке жеткен. Айта кетейік, ауданда 2024–2030 жылдары туризмді дамыту мақсатында жалпы құны 78,1 млрд. теңге болатын ірі жобаларды іске асыру жоспарланған.Ауданда 23 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Атап айтқанда, жаңа туристік және демалыс орындары ашылады. Жобалар іске асқан жағдайда туристік аймақтың әлеуеті артып, туристер саны 3,7 есеге көбейеді деп болжануда.