Шаштараз және косметологиялық қызметтерге қойылатын санитариялық талаптар


Шаштараз, косметикалық және косметологиялық қызметтер халыққа тұрмыстық және әлеуметтік маңызы жоғары қызмет көрсететін объектілер қатарына жатады. Бұл сала бүгінде кең таралған және үлкен сұранысқа ие. Сондықтан жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар мұндай қызмет түрлерін көрсеткен кезде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 26 шілдедегі №ҚР ДСМ-67 бұйрығымен бекітілген «Коммуналдық мақсаттағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын қатаң сақтауы қажет.

 

Қызметкерлердің жеке гигиенасы — қауіпсіздіктің кепілі

Шаштараз, маникюр, педикюр немесе косметолог маманы әрбір клиентке қызмет көрсетуді бастамас бұрын міндетті түрде қолын жууы тиіс. Бұл – жұқпалы аурулардың таралуын болдырмаудың негізгі талаптарының бірі.

 

Қызметкерлерде міндетті түрде медициналық тексерулерден өткенін растайтын жеке медициналық кітапша болуы қажет. Гигиеналық оқыту нәтижелері де осы құжатта белгіленуі тиіс.

 

Құрал-саймандарды дұрыс өңдеу тәртібі

Әрбір клиенттен кейін тарақтар, щеткалар, қайшылар және өзге де аспаптар дезинфекциялау ерітіндісіне толық батырылып өңделуі немесе ультракүлгін сәулелендіру камерасында зарарсыздандырылуы тиіс.

Маникюр, педикюр, пирсинг, татуаж сияқты тері тұтастығы зақымдалуы мүмкін қызмет түрлеріне арналған құралдар міндетті түрде:

·                  дезинфекциядан өткізіледі;

·                  стерилдеуге дейінгі тазартудан өтеді;

·                  стерилденеді.

 

Маникюр мен педикюрге арналған құралдарды дұрыс стерильдемеу арқылы бір клиенттен екіншісіне түрлі инфекциялар, соның ішінде парентералды гепатит пен ВИЧ жұғуы мүмкін. Сондықтан мұндай манипуляциялар тек резеңке қолғаппен жүргізілуі тиіс.

 

Педикюр кезінде пайдаланылатын аяқ астына салынатын жастықша әр қолданудан кейін дезинфекциялау ерітіндісімен сүртілуі керек.

 

Пайдаланылатын косметикалық өнімдердің қауіпсіздігі

Шаштараздарда қолданылатын парфюмерлік-косметикалық өнімдер, шаш, тырнақ және тері күтіміне арналған құралдардың қауіпсіздігін растайтын құжаттар болуы міндетті. Құралдардың құрамы мен сақтау шарттары санитариялық талаптарға сай келуі тиіс.

 

Келушілерге арналған жеке тазалық құралдары

Әрбір клиент таза сүлгімен, сулықпен немесе бір рет қолданылатын бұйымдармен қамтамасыз етілуі керек. Пеньюарлар міндетті түрде бір реттік жаға немесе астарлық лентамен бірге қолданылуы қажет.

 

Шаштараздың ішкі санитариялық жағдайы

Шаштараз үй-жайлары таза болуы және тұрақты түрде желдетіліп отыруы тиіс. Жұмыс аймақтары қызмет көрсету алдында және әр клиенттен кейін дезинфекциялау құралдары бар шүберекпен сүртіледі.

Қолданылатын таза киім-кешектер (сүлгілер, халаттар) арнайы шкафтарда сақталып, жеткілікті мөлшерде болуы қажет.

 

Клиенттің қауіпсіздігі бірінші орында

Қызмет көрсету алдында шебер клиенттің терісінің қолданылатын материалдарға аллергиялық реакциясын тексеруі тиіс. Химиялық препараттарды қолдану кезінде олардың құрамы, концентрациясы және әсер ету уақыты қатаң сақталуы қажет.

Клиенттің жеке ерекшеліктері мен қарсы көрсетілімдері де ескерілуі тиіс.

 

Бақылау – сіздің құқығыңыз

Азаматтар өз денсаулығының қауіпсіздігі үшін шаштараз маманынан құралдарды қалай зарарсыздандыратынын, қандай дезинфекциялау құралдарын қолданатынын сұрауға құқылы. Бұл – қалыпты әрі сіздің қауіпсіздігіңіз үшін маңызды талап.

Қорытындылай келе, шаштараз және косметологиялық қызметтерді пайдаланғанда санитариялық талаптардың сақталуы – әрбір азаматтың денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды шара. Сапалы әрі қауіпсіз қызмет көрсету шеберлердің кәсіби міндеті ғана емес, сонымен қатар қоғам алдындағы жауапкершілігі.

Б.Манабаева

Кентау қалалық СЭББ бас маманы