Ботулизм ауруының алдын алу шаралары

Жаз-күз айлары – көкөністер мен жеміс-жидектерден түрлі салаттар мен тұздықтарды дайындап, қысқа консервілеу маусымы екені белгілі. Алайда үй жағдайында дұрыс дайындалмаған консерві өнімдерін тұтыну адам денсаулығына қауіпті, әсіресе ботулизм секілді ауыр ауруға әкелуі мүмкін. Осыған байланысты, Шымкент қаласы Тұран ауданы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы үй жағдайында дайындалған консервіленген өнімдерді тұтыну кезінде аса мұқият болуға шақырады.

Ботулизм дегеніміз – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын нерв жүйесінің зақымдануымен жүретін, уақтылы емдеу мекемесіне қаралмаған жағдайда тез арада өлімге әкелетін тамақтан уланудың бір түрі. Ботулизм ауруының қоздырғышы анаэробты жағдайда, яғни көбінесе ауа жоқ жерде көбейеді. Ерекшелігі де міне осында, яғни тағамның түсі, түрі еш өзгеріссіз қалпында қалады. Аурудың ерте белгілеріне аз уақыт ішінде байқалатын тамақтан улану симптомдары сияқты басталып ( жүрек айну, құсу, бас ауру), бара-бара бұл ботулизм ауруына тән жүйке жүйесінің жұмысының бұзылуы белгілеріне ауысады.

Адамның ағзасының улануы көбінесе үй жағдайында технологиялық әзірлеу талабы сақталмай әзірленген азықтарды: баялды (баклажан), қияр, саңырауқұлақ, балық, салаттар, шұжықтар, қақталған балықтарды т.б. пайдаланғаннан болады.

Ботулизмнің негізгі симптомдары, клиникалық көріністері:

көздің көруінің нашарлауы «бұлыңғырлану», көз алдының «торлануы», заттың қосарланып көрінуі,  қабағының түсуі (птоз);
сілекей секрециясының бұзылуы, ауыздың құрғауы, жұтынудың қиындауы, шашалып қалу, көмейінде бірдеңе тұрып қалғандай сезіну;
дауыс желбезегінің зақымдануы, мұрыннан сөйлеу, тілінің күрмеленуі;
тыныстың бұзылуы.

Ботулизмнің алдын алу жолдары:
• сатып алынған өнімдерді топырақтарын тазалап, ағынды судың астында бірнеше рет тазалап жуу қажет;
• банкілерді, қақпақтарды  стерилизациялау әдісіне аса назар аудару қажет;
• өнімдерді консервілеудің режимін сақтау, уксус немесе лимон қышқылын міндетті түрде пайдалану;
• қақпағы көтерілген, түсі бұзылып иісі шыққан банкілерді жедел  түрде жою қажет, тіпті дәмін де татудың қажеті жоқ;.
• үй жағдайында консервіленген көкөністерді, жемістерді және саңырауқұлақтарды пайдаланар алдында 15-20 минут термиялық өңдеуден өткізу;
• көшеден үй жағдайында дайындалған салаттар мен консервіленген тағамдарды сатып алмау;
Ботулизмнің алғашқы белгілері айқындалса ТЕЗ АРАДА медициналық көмекке жүгініңіз, бұл Сіздің денсаулығыңыз бен өміріңізді сақтап қалады!

М.Асқарова

Тұран ауданы СЭББ бас маманы


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Ботулизм ауруының алдын алу шаралары