МӘМС – халықтың денсаулығын қорғаудағы маңызды әлеуметтік кепілдік!

2025 жылғы 14 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев МӘМС мәселелері бойынша заңға өзгерістер енгізу туралы құжатқа қол қойды. Бұл өзгерістер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Скринингтік зерттеулер МӘМС пакетiнен ТМККК пакетіне ауыстырылды. Оның ішінде онкологиялық скринингтер де бар. Енді халық сақтандыру мәртебесіне қарамастан жатыр мойны обыры, сүт безі обыры, колоректалды қатерлі ісік, артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, глаукома, вирустық гепатиттер сияқты ауруларды ерте анықтау қызметтеріне қол жеткізе алады. Бұл скринингтер ауруды асқындырмай, ерте кезеңде анықтауға және алдын алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар ауруларға күдік туындаған жағдайда ерте диагностика тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне енгізіледі.
МӘМС жүйесінде халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жарналарды мемлекет төлейді, бұл медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады. Бұл өзгерістер – халық денсаулығын қорғауға, ауыр ауруларды дер кезінде анықтауға және медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
2026 жылдан бастап жергілікті бюджеттен есебінен әл-ауқатының дағдарыстық (D) және шұғыл (E) деңгейі бар 1 млн-ға жуық азамат МӘМС жүйесіне қосымша қамтылады. Ал, 2027 жылдан бастап Қазақстан мемлекет – жұмыс беруші – азамат арасындағы ортақ жауапкершілікке негізделген толыққанды сақтандыру моделіне көшуді жоспарлап отыр.
МӘМС – халықтың денсаулығын қорғаудағы маңызды әлеуметтік кепілдік!
Жібек СЕЙДАЛИНА,
№5 Шымкент қалалық емханасының бас дәрігері
