Конго-Қырым қанды қызбасынан сақтаныңыз!
Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданында Конго-Қырым қанды қызбасы ауруымен жағдайлар тіркелген жоқ. Алайда кене шағу жағдайлары тіркелуде. Дегенмен, аурудың алдын алу мақсатында зоотоппен елді мекендерде жеке қоралардағы малдардан кене теріліп , зертханалық тексеріліп отырады. Кенелер көктем және жаз айларында (сәуір, мамыр, маусым) көп кездеседі.
Кене шаққанда өзінің сілекейімен арнайы фермент бөледі, сол себепті көпшілік жағдайда кененің шаққаны білінбейді. Кенелер шағу кезінде сілекей бездері арқылы адамның қанына вирус енгізеді. Бұл өте қауіпті Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруына душар етеді. Денедегі кенені жалаңаш қолмен алуға, езуге, малдың жүнін қырыққанда қолғапсыз жұмыс жасауға тыйым салынады. Себебі, вирус адам денесіне қан арқылы еніп, ауруға шалдықтырады. Тоғайлы жерлерге барар алдында кенені денеге жолатпас үшін міндетті түрде арнаулы киім кию керек, немесе ашық түсті кененің жабысқаны көрінетіндей жақсы қорғалған киім, аяқ киім, бас киім киген жөн. Дененің ашық жеріне кенелерді қорқытатын репеленттер (спирттік зат) құралдарын қолдану керек. Табиғатқа шыққанда 2-3 сағат сайын киімдерді, желке мен құлақтың тұсын, қолтық пен шаптың маңайын мұқият қарап отырыңыздар. Демалуға немесе жұмысқа барғанда шөбі қалың емес, бұтасы аз, күннің көзі көп түсетін ашық жерлерге орналасқан дұрыс. Кененің адамдарға ең көп шабуылдайтын уақыты таңғы сағат 8-ден 11-ге дейін және кешкі сағат 17.00 пен 20.00-дің аралығы. Күн ыстықта сағат 11-ден 17-ге дейін олардың белсенділігі төмендей бастайды.
Сізді кене шағып алған болса, міндетті түрде тұрғылықты жер бойынша емдеу мекемесіне көмекке жүгініңіз. Медицина қызметкерлері Сізге 14 күн бойы бақылау жүргізеді. Егер емдеу орталықтарына бару ұзақ уақыт алатын болса, тістеген кенені жұлып алмай, кез-келген сұйық май немесе спирт тамызып, емханаға қаралуды ұмытпаңыз. Емханаға қаралу мүмкін болмайтын алыс шалғай жерлерде, полиэтиленді қалта арқылы ұстап (жалаң қолмен ұстауға болмайды), оңға және солға жайлап қозғау арқылы алып, отқа жағып жіберген дұрыс. Қолымен жаншып өлтіруге мүлдем болмайды. Мүмкін болса шыны ыдысқа салып зертханаға өткізген дұрыс.
ККГЛ аса қауіпті вирусты ауру. Инкубациялық кезеңі 1-14 күнді құрайды.
Басталу кезеңі 9 күнге дейін болуы мүмкін. Ауру адамның қанымен жұққан жағдайда 9 күнге дейін, ал кене шаққан кезде 14 күнге дейін басталуы мүмкін. Сондықтан кене шағу жағдайы тіркелген жағдайда 14 күн жергілікті емхана тарапынан медициналық бақылауда болып, күнделікті дене қызуы жағдайы бақылау парағына толтырылып отырады. Қырым геморрагиялық безгегі кезінде өлім-жітім 10-40% дейін болады. Қырым геморрагиялық безгегінің қоздырғышы — бұл Nairovirus РНҚ-геномдық вирус, қырым геморрагиялық безгегінің белгілері – ауру қатты басталады. Жаурап қалтыраудан дене температурасы 39-40 градусқа дейін көтеріледі. Адамның басы, буын мен бұлшық еті, іш пен бел аурулары, жүрек айнуы және құсу, іштің өтуі басталады. Ауру адамды тексеру барысында бет, мойын, кеуденің жоғарғы бөлігі қызарып, көз ағының тамырларында ұсақ қан бүршіктері пайда болады. Қан қысымы төмендеп, бүйрек тұсы ауырады. Гемморагиялық кезең 3-6 тәулікте басталады, денеде бөртпелер пайда болып, жатырдың, мұрынның қанауы, қан түкіру, үлкен дәретпен қан кету, қызыл иектің қанауы сияқты белгілер болады. 10 тәулікте асқазан және ішектен қан кетулер болады.
Г.Өмірхан,
Әл-Фараби аудандық СЭББ бас маманы
