Республикалық балалар шығармашылық марафоны өтті

Screenshot_12.jpg

Түркістан облысындағы Мәдениет үйінде «Jas Túrkіstan-2019» республикалық балалар шығармашылық республикалық марафоны басталды.  Түркістан облыстық Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен жиынның алғашқы күні Түркістан қаласында өтті. Елбасының «Болашаққ бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен марафонда балалар әдебиеті, аудармасы, журналистикасы, анимация саласы, әлеуметтік желілердегі балалар психологиясы және өзге де мәселелер талқыланып, баяндама жасалды. 

Басқосуда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев аталған шараның маңызды екендігіне тоқталды.  «Біз балаларды жан-жақты дамыту, құқығын қорғау, ізгілікке, шығармашылыққа бейімдеу бағытындағы жұмыстарды күшейтуіміз керек. Бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдарының, балалар әдебиетінің, анимация саласының маңызы жоғары. Әлеуметтік желілерде, сайттарда бала дүниетанымына оң әсер ететін дүниелерді көбейту мәселесі де өзекті. Жасөспірімдерді қатыгездікке шақыратын, ой-өрісін, жан-дүниесін бұзатын керітартпа ақпарат көздерін шектеуіміз қажет. Бұған қарсы тұру үшін бүгінгі жиынға қатысып отырған шығармашылық өкілдері мен жергілікті билік күш біріктіргені жөн.», - деді Мәлік Отарбаев. 

Айта кетейік, жиынға жазушы Жүсіпбек Қорғасбек,  «Балапан» телеарнасының бас продюсері Сандуғаш Баймаханқызы, «Сақ» киностудиясының директоры Нұриддин Пәттеев,  , «Балдырған» журналының бас редакторы  Дүйсенбек Мағлұмов, ғылым докторы Халил Четин, жазушы Аягүл Мантай, аудармашы, ақын  Есей Жеңісұлы сынды бірқатар белді азаматтар қатысты.

Еліміздің балаларға арналған «Балапан» телеарнасының бас продюсері Сандуғаш Баймаханқызы былтыр 50-ден астам жоба дайындағанын, биыл да осындай көлемде жобаларын дайындап, арнаның жаңа маусымын Түркістан облысының әкімі қолдаса киелі қалада тұсауын ашсақ деген ниеті барын жеткізді. Ал Talbesik.kz сайтының бас редакторы Азамат Битан жиында екі ай ішінде жасап шығарған «Ілияс пен Заңғардың планшеті», «Ыбырай атаның әңгімелері» деген кітаптарын облыс әкімінің орынбасары М.Отарбаевқа сыйға тарту етті. 

Марафонның екінші күні  Келес ауданының орталығы Абайда өтті.