Бір айда екі үшем
Түркістан қаласындағы №3 облыстық перинаталды орталығында екі бірдей ана үшем босанып, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі қарсаңында үйлеріне шығарылды. Бір айдың ішінде екі үшемнің өмірге келуі облыс орталығында алғаш рет тіркеліп отыр.
1 мамыр күні мерзімінен ерте босанған Динара Нарханова үш ұлды өмірге әкелді. 27 жастағы келіншектің нәрестелері 1820 гр, 1800 гр, 1730 гр болған.
Дәрігерлер алғашқы кезде шараналардың жағдайы ауыр болғанын айтады. Оларды жасанды тыныстану аппаратына қосып, бір ай көлемінде денсаулықтарына ерекше күтім жасаған. Солай жағдайлары жақсарып, салмақтары екі келіден асқан.
Жасанды ұрықтандыру жолымен жүкті болған келіншек балаларының есімін Икрам, Ислам және Имран қойыпты. Бұған дейін бір қызы бар отбасының перзенттері осылайша төрт балаға көбейді.
Ал, екінші үшемдерді босанған Сайера Туклиева – 29 жаста. Бірлік ауылында тұратын келіншек 27 мамыр күні босанған. Кесарь тілігі арқылы екі қыз бен бір ұлды өмірге әкелген жас ананың үйінде тағы үш перзенті бар.
– Үшемдерге жүкті екенімді бесінші аптада білдім. Үй-ішімізбен қуандық. Бастапқы жүктілік кезінде біраз қиналған кездерім болды. Бірақ ерекше күтім жасап, дәрігерлердің айтқанын тыңдадым. Перзенттерімді аман-есен босанып алдым. Дәрігерлерге алғыс айтқым келеді, бізге жақсы ем-дом жасап, жақсы қарады. Есімдерін Фатима, Исмайл, Зухра деп қойдық. Осылайша өмірге үш перзент әкеліп, батыр ана атандым. Алла тағалама осындай перзенттер бергені үшін ризамын, – дейді Сайера Туклиева.
Қос ана мен нәрестелеріне облыстық әкімдіктің атынан сый-сыяпаттар жасалды. Әр нәрестеге араба мен керуеттер, киім-кешектер мен ойыншықтар табысталды.
Қос үшемді перианалды орталықтан үйіне шығару салтанатына облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың өзі арнайы келді. Елдің қуанышына ортақтасқан ол сәбилердің алдағы уақытта да ерекше күтімге алынатынын жеткізді.
– Қазіргі таңда нәрестелердің барлығының жағдайы жақсы. Бастапқы кезде салмақтары аздау болғандықтан, оларды дәрігерлер қарауларына алды. Медициналық күтім жасап, үйлеріне жақсы жағдайда шығарып жатырмыз. Бұдан былай әр отбасына мейіргер бөлінетін болады. Осы үшемдердің жағдайын қарап, бақылауда ұстап отыратын боламыз, – деді Мұқан Кеңесбекұлы.
Айтакетейік, жыл басынан бері өңірде үш үшем дүниеге келген. Екі ана Түркістан қаласында, тағы бір ана Шымкент қаласындағы облыстық перинаталдық орталықта босанған.