Ана мен бала өлімін азайту мақсатында ауқымды шара өтті

Screenshot_6.jpg

Түркістанда 1 маусым – Балалар күні мерекесінің құрметіне «Дені сау ұрпақ – Мәңгілік елдің кепілі» атты алғаш рет дәрігерлер арасында облыстық ауқымды шара өткізілді. Ауданаралық сайысқа облыс төңірегіндегі шағын қалалардағы қалалық аурухана, емхана, аудандық аурухана мамандарынан құралған 15 команда қатысып, байқау көрігін қыздырды. Сонымен қатар, 3-8 жас аралығындағы бүлдіршіндер спорттық ойындар мен сурет салудан жарысты. 

Іс шараның негізгі мақсаты – ана мен бала  өлімін, әсіресе бір жасқа дейінгі балалар өлімін азайту. Семіздік, қант диабеті, қан қысымы сынды аурулардың алдын алу үшін үздіксіз профилактикалық жұмыстар жүргізу. Сол арқылы халықтың денсаулығын түзеу. Көпшілікті салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, балаларды спортпен айналысуға баулу. 

– Республикадағы әр бесінші нәресте Түркістан облысында дүниеге келеді. Сол баланы  өмірге аман әкеліп, ары қарай денін сау етіп жетілдіруге дәрігерлердің қосар үлесі үлкен. Статистика бойынша аурудың жазылып кетуінің 52 пайызы науқастың тұрмысына, ал дәрігерлерге тек 8 пайыз байланысты екен. Сондықтан, бұл мамандық иелеріне балалар тек тексерілуге келсін, – деген тілегін білдірген облыс әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев жиналғандарды мерекемен  құттықтады. Осындай ауқымды шараны ұйымдастырған Денсаулық сақтау басқармасына, оның басшысы Мұқан Егізбаевқа алғыс айтты.

Жиылған жұрттың жүзінде шаттық ұялатқан шараға қатысушы балалардың құрметіне «Өмір өздеріңмен жарасады» ұранымен аспанға 1000 дана шар ұшырды. 

Ал, конкурстың бірінші кезеңінде қатысушы терапевт, эндокринолог, кардиолог сынды дәрігерлер аудандағы халық көп шоғырланатын ХҚКО сынды мекемелерге барып жүректің созылмалы жетімсіздігі, артериалдық гипертензия, артық салмақ пен қант диабетінің алдын алу мақсатында халықпен насихат жүргізген. Соны 3-4 минутқа жинақтап таспаға түсірген екен, үлкен экраннан жұрт назарына ұсынылды.  

Үшінші кезеңде әр аудан командасы «Дені сау ұрпақ – ел болашағы атты» фотогалерея жасап, ондағы суреттердің мағынасын түсіндірді. «Жүректен жүрекке – мейірім», «Ана алақанының аясы – ақ шынардың саясы» деген сынды тақырыптарда бала мен ана, дұрыс тамақтану, спорттық жаттығулармен айналысу тақырыбында түрлі суреттер безендірілген. 

Ал ауланың екінші жағында балалар бормен, қарындашпен, пластилинмен сурет салып, шахмат, шашка тоғызқұмалақтан жарысты. 

Жерге бормен сурет салуда темірландық, қазығұрттық, отырарлық балалар алға шықты. Пластилинмен ойын көрсеткендердің ішінде түркістандық, төлебилік, жетісайлық балақайлар түрлі сыйлықтармен марапатталды. Қарандашпен суретте төлебилік, түркістандықтардың өнері жоғары бағаланды. Бояумен  сурет салуда жетісайлық бала сыйлыққа ие болды. 

Осы іс-шараға қатысып, өз ауданының намысын қорғағаны үшін Денсаулық сақтау басқармасының басшысы М.Егізбаев сол жерде бірқатар бас дәрігер орынбасарлары мен қатысқан медбикелерге бір айлық көлемінде сыйақы тағайындайтынын жеткізді. 

Қорытындда ІІІ орынды емдеу ісі бойынша асықаталық Бекмұхан Амангелдиев, ІІ орынды бәйдібектік Бексұлтан Рысбеков, І орынды Кентау қаласының дәрігерлері алды. Ана мен бала денсаулығын күту бойынша ІІІ орынды Атакенттен Әсем Серікбайқызы, ІІ орынды Қазығұрттан Наушаман Боранбайқызы, І орынды Шардарадан Құралай Төленқызы жеңіп алса, бас жүлде Түркістан қалалық емханасының маманы Динара Маханбетқызына бұйырды. 

 Емдеу ісі бойынша бас жүлде ордабасылық дәрігер Айжан Данияроваға бұйырып, оған Манкентке он күнге демалуға жолдама табыс етілді.