Балалардың бос уақытын тиімді пайдалану маңызды
Салауатты өмір салтын насихаттап, ауыл балаларын спортқа баулу мақсатында Түркістанда 2006-2007 жылғы жасөспірімдер арасында футболдан турнир өтуде. Жастар жылына орай ұйымдастырылған, Түркістан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы мұрындық болған додаға 8 команда қатысуда. Олар енді әр апта сайын жасыл алаңда бар мүмкіндігін салып, жеңіске жетуге талпынады.
Бұл жарыс, яғни командалар арасындағы кездесу әр аптаның жұма, сенбі күндері өтетін болады. Үш айға жоспарланған доп додасы тамыз айында аяқталмақ. Жеңімпаздар арнайы сый-сыяпатқа ие болып, марапатталады. Сондай-ақ жеңіс жолын жалғастыруға мүмкіндік алады. Яғни облыстық, республикалық жарыстырда бақ сынауға жол ашылады.
«Оқушылардың, балалардың бос уақытын, демалыс уақытын тиімді өткізу үшін және оларды салауатты өмір салтына баулу үшін қала біріншілігін өткізіп отырмыз. Бұл жарыс әр аптаның жұма, сенбі күндері өтіп тұратын болады»,- дейді Түркістан қалалық №3 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің директоры Руслан Қарпықбаев.