Шардаралықтар медициналық көмек үшін сыртқа сенделмейді

Screenshot_3.jpg

79 мыңнан астам адам қоныстанған шағалалы мекен Шардара ауданында соңғы жылдары денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлініп келеді. Осыншама тұрғынға аймақта орталық аурухана қалтықсыз қызмет етуде. Ауруханаға қарасты 10 дәрігерлік амбулатория, 1 БМСК орталығы, 1 ФАП, 14 МП  бар. Ел саулығы үшін  медициналық қызмет көрсетіп келе жатқан мекеме бүгінде жаңашылдыққа бет бұрған.

 Шардара ауруханасы десе ең алдымен аузымызға мұндағы триаж жүйесі бойынша жабдықталған бөлімше оралады. Себебі бұл аудан әкімдігі және облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен республикада  алғашқылардың бірі болып ашылған жаңаша, заманауи  бөлімше. Ғимараттың кіреберісінен бастап еденге жасыл, сары және қызыл жолақтар белгіленген. Жасыл жолақ жоспарлы түрде тексерілуге келгендерге бағыт сілтейді. Қызыл ағын – өміріне қауіп төніп тұрған емделушілерге жедел көмек көрсету, сары ағын – бұнда да жедел көмек көрсетілуі тиіс, дегенмен адам өміріне қауіп төніп тұрмаған жағдайлар. Онда науқасқа бірнеше дәрігер шұғыл көмек көрсетеді. Бұл жүйе – ауруханадағы кезек мәселесін шешуге және келушілер мен ақжелеңділердің уақытын үнемдеуге арналған. Жоспарлы түрде тексеріске келген тұрғындарды қабылдау бөлек жүргізіле береді. Екі жылдан бері  шардаралық мамандар триаж жүйесінің арқасында пацинетке 60 секундтың ішінде алғашқы медициналық көмек көрсетіп келеді. Жаңа ғимараттың ішінде бірнеше бөлімше бар. Шардара ауданы эпидемологиялық аймақ болып саналды. Мұнда адамдарды қарақұрт, кене шағу секілді қауіптер басымырақ келеді. Осы секілді шұғыл түрде инфекциямен түскен науқастар бірден бокс бөлмесіне жатқызылады. Қауіптің бетін қайтарған соң пациент инфекциялық бөлімге ауыстырылады. Сондай-ақ блокта 5 жасқа дейінгі бүлдіршіндерге жедел көмек көрсететін бұрыш та бар. Дәрігерлер мұнда ұстама, астма секілді бірден қозып кететін кеселді тұрақтандырады. Барлық қажетті құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмектер осында орналасқан. Эндоскопия бөлмесі де тұрғындардың асқазан ауруларын толыққанды тексеріп, диагнозын жылдам қоюға көмектеседі. Блоктағы тағы бір маңызды бұрыш ол – қарқынды терапия бөлімі. Қазір дүние жүзінде жүрек-қан тамырлары ауруы алдыңғы орында тұрғаны мәлім. Аталған дертке шалдыққан пацинеттердің кез-келген уақытта жағдайы нашарлап кетуі мүмкін. Келеңсіз жағдайларда науқас бірден осында келеді. Төсекке орналастырылған науқас қажет болған жағдайда өкпені жасанды жетілдіру аппаратына қосылады. Кез-келген жерге көтеріп баруға ыңғайлы реанимациялық жиынтықтың ішінде керекті дәрі-дәрмектің барлығы бар. Бір-екі сағаттың ішінде науқастың жағдайы тұрақтандырылса әрі қарай ем алу үшін қажетті бөлімшелерге жіберіледі. Егер жағдайы өзгермесе жансақтау бөліміне жатқызылады. Бұл өз кезегінде науқсақа алғашқы көмекті дер кезінде көрсетіп, өлім-жітімнің азаюына себеп болуда. 

Screenshot_5.jpgТриаж жүйесінің тағы бір ұтар тұсы науқас төсектен тұрмайды. Анализ алу, аппаратқа түсіру барлығы сол бөлімшеде жасалады. Тіпті пациент орнынан тұрмай жылжымалы рентген аппаратына түсе алады. Мамандар диагнозды сол жерде қойып, қорытындысын әп-сәтте шығарып береді. Мекемеде «SOS» жүйесінің орнатылуы да жедел көмекті үдете түскендей. Әрбір маманнның қалтасында дабыл баратын мобильді телефон жүреді. Бұл ауруханаға түскен науқастың жағдайына қарай қажетті маманды дер кезінде шақыртуды қамтамасыз етеді.

Бөлімше құрылымы толығымен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің «Қазақстан Республикасында жедел медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының талаптарына сәйкес жасалған. Заманауи бөлімшені жаңғырту жұмыстарына 15 миллион қаржы жұмсалған. 

  Өткен жылы «Үздік аурухана» атанған Шардара аудандық орталық ауруханасы 1969 жылы құрылған. Стационарлық 9 бөлімше, қосымша амбулаториялық хирургия, балалар кеңесі, әйелдер кеңесі, орталықтандырылған залалсыздану, трансфузиялогия бөлімдері, клиникалық және бактериологиялық зертханалар, физиотерапия, рентген, УДЗ, ФГДС кабинеттері бар.        Аудандық аурухананың тағы бір ерекшелігі мамандандырылған орталықтардың көптігінде. Айталық мұнда  инсульт, оңалту орталықтары және «Артериалды гипертония»,  «Жүрек ишемия», «Қант диабеті»,  «Отбасын жоспарлау», «Босануға дайындық»,  «Ана мен бала», «Бронхиалды демікпе»,  «Қатерлі ісіктің алдын алу»,  «Салауатты өмір салтын насихаттау»,  «егде жастағы қарттар», «Жас өспірімдер», «Туберкулездің алдын алу» мектептері мен телемедицина орталығы жұмыс істейді. 

Статистикалық мәліметтер бүгінде әлемде неврологиялық аурулардың көбейіп отырғандығын көрсетеді. Емі күрделі әрі ұзақ болып келетін кеселден оңалу оңай емес.  2018 жылы аурухана ішінен ашылған 20 төсек орынға лайықталған неврология бөлімі жүйкесі сыр берген науқастарға көмек көрсетіп келеді.  Кез-келген ауруханадан неврология бөлімшесін кездестіре бермейсің. Науқастардың орталыққа ағылып жататындығы да сондықтан. Шардара ауданы облыс орталығы Түркістаннан – 460, үшінші мегаполис  Шымкенттен 300 шақырым қашықтықта орналасқан шалғайдағы мекен. Жүйке жүйесі сыр бергендердің орталыққа жетуі де қиямет. Тұрғындардың алысқа сабылмай, өз ауданында сапалы ем көрсету мақсатында ашылған бөлімшеде біліктілігі жоғары мамандар қызмет көрсетуде. Дәрігерлер жүйке жүйесі ауруларын емдеудің тиімді тәсілі оңалту жұмыстары екенін алға тартуда. Ендеше, мұнда оңалту бөлімі де науқастраға есігін айқара ашқан.  Адамның өмірге деген құлшынысын арттыратын бөлімшеде күніне 10-15 науқас жаттығады.  

       Қазір инсульт алған науқастар өзге қалаларға ем іздеп сабылмайтын болды. Себебі инсульт бөлімшесіндегі  компьютерлік томографияның арқасында пациенттерге сапалы ем көрсетілуде. Жапонияда жасалған аппарат нақты диагноз қоюда дәрігерлердің таптырмас көмекшісіне айналған.  Мұндағы мамандар да осал емес. Олар Қазақстанда және шетелдерде білімін жетілдірген. 

Screenshot_2.jpgАурухананың негізгі жүктемесін азайтып амбулаторлы емге басымдық берген мекемеде емхана жанынан ашылған амбулаторлы хирургия бөлімшесінде жеңіл оталардың барлығы жасалады. Ота демекші жақында аурухана тағы бір жаңа аппаратпен толықты. Аудан әкімі Қайрат Жолдыбай  және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимовтың қолдауымен алынған лапороскопиялық қондырғы өттегі тас ауруын, жарықтарды, өкпе, бауыр құрттарына лапароскопиялық ота жасауға аса қажетті құрал. «Соңғы жағымды жаңалығымыз мекемеге лапароскопиялық аппараттың алынуы. Таяуда  Шымкент қаласынан арнайы мамандар келіп,  жергілікті хирург дәрігерлерімен бірге  мастер класс өткізді. Оның ішінде 10 науқасқа өт тас ауруы, созылмалы холецистит диагнозымен ота жасалса, 4 науқаска отадан кейінгі жарықтарға лапороскопиялық жолмен ота жасалынды. Бұл дегеніміз енді науқастарымыз ота жасатуға арнайыүшінші мегаполиске барып портал күтіп ем алмай, өзімізде хирург дәрігеріне келіп тексерілуге, қажет жағдайда отаға жүгіне алады»,- дейді аурухананың бас дәрігері міндетін атқарушы Нұржан Нөсеров. 

  «Ескіні жамасаң есі есің кетеді» дегендей мұнда бәрі жаңаша. Бір ауысымда 150 келушіні қабылдауға қауқарлы емхана бірер жыл бұрын тұрғызылған. Құрылыс жұмыстарына 1 миллиард 600 миллион теңге қаражат жұмсалған. Сонымен қатар аудан және ауыл орталықтарынан шалғайда орналасқан елді мекендерге қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында жалпы құны 390 миллион теңгені құрайтын 13 модульдік медициналық тірек бүгінде халыққа қызмет көрсетуде. Заманауи талаптарға сай дайын медициналық бекеттер неміс технологиясымен жасалған. Дәрігерлік бекеттер әсіресе жырақта орналасқан ауыл халқының жылдар бойғы мәселесін шешіп берді. Сонымен қатар Қызылқұм, Шардара, Жаушықұм, Ұзыната елдімекендерде орналасқан дәрігерлік-амбулаторияларда жалпы құны 88 миллион теңгені құрайтын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. 

Сырқат – сынақ, дерт – қонақ. Елді жайлаған тәжвирусты қонақ деп және оның таяу арада планетамыздан кететініне сенейік. Ия, бұл пандемия шардаралық ақ халаттыларға да үлкен сынақ болды.  Аурухана басшысының айтуынша бүгінгі таңда 14 науқастың зертхана нәтижесі оң болып тіркелген. Барлығы сырттан жұмыс жасап немесе басқа қалаға қыдырып келгендер екен. Аудан тұрғындарының арасында бүгінде  коронавирусты жұқтырғандар тіркелмеген. Бұл аудан әкімдігі және дәрігерлердің кеселді дер кезінде ауыздықтай білгендігінің нәтижесі деп білеміз. 

      Мамандардың айтуынша қазіргі таңда алдын – алу іс – шаралары, үй аралап үгіт насихат жүргізу жұмыстарын жүргізу үшін  мобильді бригада құрылып өз жұмыстарын атқаруда. Барлық күдікті науқастардан ПЦР –зерттеу жұмыстары наурыз айынан осы күнге дейін 2034 адам тексеріліп, оның ішінде 3 оң нәтижелі,  2031 теріс нәтиже көрсеткен.  Одан басқа – жеңіл, симптомды түрінде науқастар үй жағдайында оқшауланып, аймақтық жергілікті дәрігерге хабарласып, «үй стационарын» ұйымдастырып немесе амбулаторлық көмек ала алып жатыр.  Ал орта және ауыр дәрежедегі науқастар кезекші дәрігерге қаралып, ентігу белгісі бар науқастар провизорлық бөлімшеде емін алуда. «Оң» нәтиже шыққан науқастар инфекциялық госпитальда емделеді.

 Ауруханада төсек орын тапшылығы жоқ. Қазіргі таңда терапия бөлімінде төсек орындар қайта бейімделіп 30 төсек орын және жаңадан 20 төсек орын қосылып екі жақты өкпе қабынуымен түскен науқастар емделіп жатқан көрінеді. Бүгінге дейін 40 науқастың жағдайы жақсарып емделіп шықты дейді дәрігерлер.

    Screenshot_4.jpg«Барлық қажетті дәрі – дәрмектер жеткізіліп жатыр. Қосымша тапсырыс берілуде. Індетпен күресте Түркістан облысының Қоғамдық Денсаулық Басқармасы барынша қолдау көрсетуде. Айта кететін бір  жағдай, науқастардың үлкен үлесі оттегіге тәуелді, сол себептен күнделікті көптеп оттегі баллондарының қажеттілігі сезілуде. Аудандық әкімшілік тарапынан, кәсіпкерлер тарапынан күнделікті қолдау көрсетіліп оттегі баллондарынан үзіліс болған жоқ. Барлық қолдау көрсетіліп жатқан кәсіпкерлерге алғысымызды білдіреміз. Халықты қиын жағдайда қалдырмайтынына көз жеткізіп отырмыз»,- деген Н.Ахметұлы тұрғындарға өтінішін жеткізді: «Тұрғындар арасында аурудың барына сенбеушілік, қорғаныс шараларының толық ұстанбауы, адамдар көп шоғырланатын жерлерге баруы, той – томалақтарға баруы, ара қашықтықтың ұстамауы індеттің одан әрі белең алуына әкеп соқтыруда. Коронавирустың қауіптілігі және одан сақтанудың жолдары БАҚ  беттерінде айтылып жатсада, мамандар үгіт насихат жұмыстарын жүргізіп, үйме – үй аралап, ескертулер айтып жатқанынан қарамастан өкінішке қарай адамдар қарапайым ережелерді сақтамауда. Егерде біз барынша қорғаныс шараларын, гигиена, арақашықтық сақтамасақ COVID – 19 ауруын тоқтату қиындыққа соқтыруы мүмкін. Осы орайда аудан тұрғындарынан барлық қорғану шараларын сақтап,  антисептикті жиі қолданып, қолғап, бетпердені жиі ауыстыру керектігін айтқым келеді. Жеке гигиенаны сақтау арқылы сіздер  қиын кезеңде дәрігерлерге көмек көрсетіп, өз денсаулықтарыңызды күте аласыздар. Біз дәрігерлер күні түні жұмыс істеп індетпен күресудеміз. Сіздер де үйде болып, вирустың таралмауына септігіңізді тигізіңіз».

Адам өмірінен, денсаулығынан құнды ештеңе жоқ. Тұрғындардың басты байлығын қорғап, сақтап жүрген шардаралық ақ халаттылар мұнымен тоқтап қалмай денсаулық саласындағы инновациялық өзгерістерді игеруге және бар күш-жігерін елдің саулығы үшін жұмсауға қашанда әзір. 

А.ОҢҒАРБАЙ