Оңалту орталығы белсенді өмірге бейімдейді

1882 жыл. Роберт Кох туберкулез қоздырғышын ашып, аурудың жұқпалы екенін анықтайды. Дәл  осылай биология сабағында туберкулез тақырыбын өткенде селқос қабылдадым. Араға 3 жыл салып бұл ауру әкемнен анықталды. «Бәрі бітті» деп ойладым. Тіпті әкем де түкірігіне араласқан қанды көріп, дәм-тұзының біткеніне бек сенді. Ауданнан Шымкентте орналасқан «Облыстық фтизиопульмонология орталығына» жолдама алып, әкем ем алды. Анам жол бойы әкемнің жылап барғанын кейіннен айтты. Өлімге үкім кесілгендей едік. Ел-жұрт та бізден іргесін алшақтатты. Студент едім. Мен де өзімше қорқып жүрдім. «Өлем» деп кеткен әкем, 2 айда шат-шадыман ортамызға оралған еді. Сол кезеңдегі қайғырғанымыз есіме түссе, «білместік қой» деп жымиямын. Әрине, әкемді белсенді өмірге қайтарған дәрігелерге айтар алғысым  бөлек. 

image.png

Бас дәрігер орынбасары Қарлығаш Қапанова 

Болатхан Салыбекұлы Сағымбеков басшылық ететін орталық Түркістан облысы және Шымкент қаласының барлық тұрғындарына емдеу-профилактикалық, ұйымдастыру-әдістемелік көмек көрсетеді. Жыл басында Түркістан облысының Қоғамдық денсаулық басқармасының бұйрығы негізінде Облыстық фтизиопульмонология орталығы базасында туберкулезден кейінгі «Оңалту орталығы» ашылған екен. Жақсыны көрмекке, жаңаны білмекке деп жолға шықтық. 

Бізді бас дәрігер орынбасары Қарлығаш Қапанова қарсы алып, оңалту орталығымен таныстырды. 

– Оңалту орталығы  20 төсек-орынмен қамтылған. Соңғы бес жылда туберкулезбен ауырған, өкпесінде кіші немесе үлкен қалыпты өзгерістері бар, туберкулездың өкпеден тыс түрлерімен сырқаттанған және осы секілді диагнозға шалдыққан науқастар ем алады. Бізде ингаляция, электрофорез, тұзды шахта, Шарко душы, массаж, жаттығу залы бар. Сол арқылы пациенттеріміз емдік процедуралар қабылдай алады, – Қарлығаш Қапанова. 

Өмірді кез келген сәтте өзгеруге болады

image.png

Сөзде іске көшіп, орталықты аралауға кірістік. Мұнда ең жас пациент – 19  жасар Жасұлан (есімі өз өтінішімен өзгертілді – Б.Б). Оны процедура бөлмесінде кезіктірдім. Он бірінші сыныбында өкпесі сыр берген соң тексерістен өтпек болады. Сол кезде өзінің туберкулезге шалдыққанын білген. Бірақ қатты уайымдап кетпеген екен.

– Екі әпкем, бір ағам бар. Оларда бұндай диагноз болмаған. Ата-анам сезімін ашық жеткізбеді. Анам іштей қам жеп, қобалжыды. Достарымның маған деген мәмілесі өзгерген жоқ.  Ем қабылдап жүргендіктен мектеп бітірген сәттен оқуға құжат тапсыра алмадым. Дегенмен, адам бір есік жабылса, келесісін табу керек қой. Жұмысқа орналастым. Қазір сату менеджерімін. Бұл орталықта ем қабылдап жатқан 6-шы күнім. Диагнозым белсенді өміріме кедергі емес. Ашық сұрамаса, адамдарға бұл жөнінде айта бермеймін. Себебі көп нәрсені түсіндіруіме тура келеді, – деп Жасұлан сөзін тәмамдады. 

Осы аралықта Жасұланға «араласатын қызың бар ма?» деп сауал қойып, ұялтып кеттік. Әңгімемізді тыңдап отырған ем қабылдау бөлімінің медбикесі Қыздығой Әбішеваны сөзге тарттық. Науқастардың агрессиясы туралы диалог құрғым келген. Жүзі жылы Қыздығой апай позитив тұрғыда әңгімені жалғап кетті. 

– Мен агрессивті науқаспын. Маған қандай қатынас жасайсыз? – деп сынай қарадым. 

– Ашу бар жерде ақыл тұрмайды. Сабыр сақта. Ойыңды өзгерт.  Барлығын жақсы жағынан қабылдауға тырыс. Жаратқан дертіңе шипа береріне сен. Түңілме! Күліп жүр. Жақсы қатынас жаса. Өзің оң энергия шығарсаң, саған жылы эмоция орнайды. Өмірді кез келген сәтте өзгертуге болады, – деп Қыздығой апай диагнозын қоғамда айтуға қымсынатындарға арналған кеңесін беріп, бетімізді бері қаратты. Іштей ризалығымды білдіріп, бөлмедегілермен жылы қоштасып, келесі есікке беттедік.


Ізгіліктен із қалдыру үшін  ем аламын

image.pngФизиотерапия бөлмесі

Физиотерапия бөлмесіне ендік. Жалпы физиотерапияда электрмен, сумен, жылумен, механикалық әсерін тигізіп емдеу түрлері болады. Біздің медицинамызда кеңінен пайдаланылатын көп әдістердің бірі электрмен емдеу. Олар: электр өңірін тұрақты, айнымалы, үздіксіз және үзік электр токтарын айнымалы электромагнитті өңірін қолданатын әдістер. Күләш Абилаева өзінің жұмысын қарапайым тілмен түсіндіріп берді. 

– Біздегі аппараттардың мүмкіндігі мол. Науқастарды құрылғыларымыздың қызметі мен пайдасы жөнінде ақпараттандырамыз. Электрофорез аппаратын 15 минут қолданып, ем алады. Ультрадыбыстық терапия тізе, өкпе ауруларын бәсеңдетеді. Ингалияция аппаратыың 2 түрі бар. Соңғы, жаңа үлгіде. Дәрігер нұсқауы бойынша ингалияция физраствор, фито шай, амбромен, баржоми,  т.б. қоспалармен жасалады, – деп  Күләш апай әңгімесін аяқтады. 

Электрофорез аппаратымен ем қабылдап жатқан Ергешов Бақтыбай ағаны сөзге тарттық. 

– Құрылыс саласында қызмет етемін. Төрт бала-шағам бар. Жасым – 43-те.  2019 жылы арнайы ота жасалды. Сол кезден бастап ем алып жүрмін. Бұл ауру сынақ шығар. Біреуден жасырғанмен ешнәрсе өзгермейді. Ашық айтамын. Ем алуға мотивациям – перзенттерім. Отадан кейін де белсенді өмір сүруге кедергі болмады. Туған өлкемде өзім салған үйлерді көргенде, уақытым текке кетпегенін ұға түсемін. Оны ары қарай жалғастырып, ізгіліктен із қалдыру үшін ем аламын. Денсаулығымды оңалтуға көмек қолын созған барша ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз, – деді Бақтыбай аға. 

Ең қарт екі пациент бір палатада екен. Шакизада Әбдісадықова 79 жаста екен. Жасын сұрағанымызда біршама кідіріп, ойланып қалды. Бибіайша Байжанова апа 77 жаста екен:

– Мен көп сырқаттанбаған едім. 1979  жылы қоныс аударғанмын. Сол кездерде 1 айдай ем қабылдағаным бар. Соңғы 5-6 жылда қан қысымы мазалайды. Қан қысымым жоғарыласа, жүрегім қысылатынды шығарды. Қартайсаң да жан керек екен ғой (апа күліп алды). Докторға жүрегімді тексертейін дегем. Өкпемнің ауыратыны сонда анықталды ғой. «Емханада маған ешкім қарамайды. Үйдегідей болмайды», деп келіспегем. Орталыққа келгенде ол ойым теріс екенін ұғындым. Барлық қызметкерлерге алғыс айтамын, – деп сөзін аяқтады. 

Оңалту орталығына саяхатымызды жалғастырып, «Тұзды шахтаға» бет алдық. 

«Бұрын армандап жүретін едім»

image.png

Тұзды шахта

Ерекше атмосфера. Музыка. Тұзды шахта – көптеген медициналық мәселелерді медициналық араласусыз шешудің тамаша тәсілі. Қазірде бұл терапияны дененің  иммунитетін жоғарылату үшін қолданады. Сондай-ақ, ағзаның тыныс жолдарының инфекцияларына төзімділігін арттырады. Бронх демікпесін, созылмалы бронхитті және басқа бронхопульмоналды ауруларды емдеумен шектелмейді. Тұзды шахталар қан айналымы мен стресс кезінде де пайдалы екен. Жақсыкүл Лабарова апай құрбыларымен отыр екен. Жүзі жылы, әңгімешіл екен. Менің алдымды орап, әңгіме бастап кетті.

image.png

– Жасым – 54-те. Мемлекеттік қызметтемін. Бұл диагноз 2012 жылы қойылды. Аңдысқан жау алмай қоймайды дейді ғой. Кейіннен қант диабеті қосылды. Сол себепті бір рет қайталанды. Шүкір, биыл бесінші жыл, туберкулез белгілері байқалмады. Көптеген санаторияларға қаражат шығарып баратынмын. Бұл жолы тегін оңалту орталығына келдім. Төрт перзентім бар. Арнайы тексеру барысында диагнозым анықталды. Флюорографияға алтын алқамды шешпей түсіппін. Соның салдары деп ешкімге жеңістік бермей, екінші рет түстім. Өкпем ыдыраған болды. Ем алып, жазылып шықтым. Ауруға мойынсұнбадым. Дәріге тәуелділік басталды. Диета ұстайын десем, туберкулез болғандықтан тоқ жүруім шарт. Тоқ жүрсем, қант диабетім мазалайды. Білікті эндикринолог маман инсулин қабылдауды ұсынды. Қант диабетіне ішкен дәрілерім көзіме әсер етті. Ота жасаудан басқа жол қалмады. Бір Аллаға тәуекел еттім, көзімді емдеттім. 

Алғаш 1-2 ай елден жасырдым. Ағайын-жұрт бір айдан кейін-ақ іздеп, сұрап алаңдады. Жасыра алмадым. Айттым... Бәрі қолдады. Ойнақтап, жазылып кетер едім, қант диабеті аяғымнан шалып отыр ғой. Бөлім меңгерушісінен бастап тазалыққа жауапты қызметкерлерге дейін бәріне алғысымды білдіремін! Негізі тұзды шахта деген дифицит екен ғой. Бұрын армандап жүретін едім. Қазір осында отырмын, – деп апай жылы жымиып, ағынан жарылды. 

Әңгіме арасында ем алу барысындағы шығындар тақырыбында сөз қозғағам. Апай еліміздің түкпір-түкпіріндегі шипажайларды сипаттап берді. Тегін дегеннен шошитын халықпыз ғой. Апай біршама мамандарды мақтады. Соның ішінде мақтауы асқан массажист болды. Массаж бөлмесіне асықтым. 

Әр қызметкер агрессияны позитивке айналдырады

image.pngМассажист Айбекджан Ачилов

Массажист Айбекджан Ачилов екен. Массаж жасап жүріп те, диалог құрып үлгерді. Туберкулез болғандықтан өкпе аймағын абайлап қарайды. Науқастар аяғының қақсайтынына шағымданады екен. Денсаулығына күтім жасау туралы кеңес алатындар да жетіп артылады. Айбекджан ағайға дилемма ұсындым. «Мен аяғы ұйып қалатын пациентіңізбін. Маған қандай кеңес берер едіңіз?» дедім. 

Аяқтың ұюына бірінші себеп – қан қоюланғандықан. Сұйықтық аз қабылданса, жұмыс көп істесе адамдарда бұл жағдаят орын алады. Қан айналымы реттелу үшін қою тамақ ішіп, тұзды азайтасыз. Массаж қабылдған соң, душқа түспей, оранып жату керек, – деді маман. 

Массаж алып жатқан атаға жалт қарап, душты қашан қабылдайтынын сұрадым. Спортпен шұғылданып болған соң, кешкі уақытта қабылдайтынын жеткізді. Көп науқастар ауруы екінші рет мазаламауы үшін не істеу керегін ақылдасады екен. Орталықтағы әр қызметкер агрессияны позитивке айналдыра біледі. Айбекджан ағаның күліп жүргенін дәлізде кезіккенде-ақ аңғарғанмын. Дегенмен, эмоциясы өзгерер сәтті күттім. Еш қабағын түймеді. Қойған әр сауалыма күліп жауап берді. 

image.png

Жаттығу залы

Жаттығу залына аяңдадым. Өзін Талғат Тілесов деп таныстырған кісі жаттығып жүр екен. Жасының 55-те екенін  айтқанда, таң қалдым. Шынында отыздан енді асқан екен деп ойлағам. Туберркулез диагнозы қойылғанда 35 жаста болған екен. Айтып жеткізгісіз ауыр хәлге түскен екен. Бір ыстық, бір суыққа шығып жүріп ауруын асқындырып алса керек. 

image.png

– Алғаш диагнозымды білгенде отбасыма жұқпауын қатты қаладым. Жұмыстастарым ауру туралы ақпарат алып, сақтығын жасады. Одан кейін есімнен шығып кеткен еді бәрі. Дерт 2015 жылы қайталанды. Бұл орталықтың тамағы, бізге көрсететін күтімі бәрі ұнайды. Жақын жерден өмір сүруімізді белсенді ететін осындай орынның болғанына қуанамыз, – дейді ол. 

P.S. Үміт. Қуаныш. Ұмтылыс. Орталықтағы бар науқастың көзінен көре алған сезімім. Түңілген, оты өшкен жанар жоқ. Үміт отын өшірмей, лаулатып отырған орталық мамандарының кәсіби деңгейі күмәніңізді сейітеді. Рас айтам... 

Б.БӨРІБЕК

Фотограф Нұржан ҚАМЫТБЕК