Әмірхан СӘЛІМБЕКОВ: Еңбекпен емдеу пациентті өмірге бейімдейді

Стресс көп. Теледидарды қоссаңыз да, ғаламторды ақтарсаңыз да күнде атыс-шабыс, ұрыс-керіс туралы айтып, көрсетіп жатады. Көргісі келмесе де бәрібір еститін осындай үрей туғызатын ақпарлар әлсіз адамды депрессияға ұшыратады. «Астарлы ақиқат», «Пендеміз ғой» сияқты озбырлықтың түр-түрін насихаттап жатқандай көрінетін бағдарламалардың кері әсері, жаман жаңалықтардың салдары көбіне невроз ауруына шалдықтырады екен. Бұған жұртты үрейлендірген коронавирус та қосылыпты. Одан бөлек отбасылық проблемалар, кредиттер, жанжалдар адамның жүйкесін жұқартады. Осындай қиындықтардан психикалық ауытқу ауруына шалдыққандардың 26 мыңы есепте тұратын Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Әмірхан Сәлімбековтың айтуынша, соңғы жылдары ел ішінде науқастар көбейген. 

image.png

Суретте Әмірхан СӘЛІМБЕКОВ

Психологқа қаралып тұрыңыздар...

Мамандар туабітті аурулардан басқасының бәрі жазылатынына сенімді. Тек уақытылы дұрыс диагноз қойып, емдік шараларын үзбей қабылдау қажет. 

– Көбінде баласы ма, туысы ма сандырақтай бастаса, мұсылмандар қазақшылыққа салынып, молдаға апарады. Дем салдыруға ұмтылады. Кейбіреулер тәуіп атаулыға сенбесе де осыдан айығып кетер деген екіұшты үмітпен барады. Ол біреуге шипа болғанмен, екіншісіне жәрдем болмайды. Асқынып кеткен соң барып ем қонбады деп жыларман хәлде Психикалық денсаулық орталығының есігін қағады, – деген бас дәрігер адамдардың бұлай қателескенін қаламайды. 

Мамандардың сөздеріне сүйенсек, туабітті ақыл-есінде кемтарлық, тұқымқуалаушылық дерті барлар бала күнінен бастап осы орталыққа келіп, жатып, емдеу курстарынан өтіп тұрады. Облыстық емдеу мекемесі болғасын шалғай ауылдардан келеді. Соңғы жылдары амбулаториялық емдік шараларға көбірек көңіл бөлінуде екен. 

– Айына бір рет, 30 күнде екі рет егілетін, тіпті кварталына бір-ақ мәрте салынатын емдік әсері күшті дәрілер қолданыста бар. Ондай препараттарды осы орталықта салып береміз де үйіне барған жоқ жергілікті емханасында әрі қарай емін кешіктірмей қабылдауын қадағалаймыз. Негізінен бізге науқастар жедел жәрдем көлігімен, полициямен, туысқандарының алып келумен, дәрігерлік жолдамамен жеткізіледі. Олар жатып емделгеннен кейін үйлеріне қайтар кезде жергілікті емханасындағы психиатр дәрігеріне сол күні хабар беріледі. Біздің мамандар қабылдауы қажет деп тағайындаған дәрі-дәрмектің пациенттің ауылында бар-жоғы да күні бұрын анықталады. Көбінде адамдар біз ұсынған емнің әсері болмады деп шағымданады. Оның бір себебі пациент тәуір болғасын ауылындағы емдеуші дәрігеріне бармауы мүмкін. Екіншісі – біз жазып берген, осы орталықта қабылдаған дәрілер ауылында болмауы мүмкін. Сондықтан ондай қайталауларды болдырмас үшін ауылына барғасын ол дәрілер бар ма, жоқ па ол жақта, соның бәрі алдын ала зерделенеді. Жоқ болса, қашан емханаға жеткізіледі? Бәрі-бәрі сұралады. Сосын дәрі-дәрмегі бар болса ғана үйіне шығаруға рұқсат етіледі. Орталық мамандары мен ауылдағы амбулатория, емханалардағы дәрігерлермен осындай тығыз байланыс орнаған, – дейді бас дәрігер.

«Ел арасында «қылмыс жасап, жындыханаға барып жатып, «жынды» деген сары қағаз алып алды, сотталмау үшін» деп айтылатын алып-қашпа әңгімелердің рас-өтірігін білгіміз келген. Бірақ, бас дәрігер ондай жағдай болуы мүмкін емес екенін айтады. Өйткені қылмыс жасаған адам сот-психатриялық сараптама тағайындалмай, арнайы бөлім мамандарының бақылауынан өтпей мұнда тығылып кеп жата алмайды. Ондай адамдардың ісі Әділет департаментіне қарайды. Шешімді сот шығарады, емдеу мекемесі емес. 

Біздің қоғамда дәрігер жүйкесіне салмақ түскен пациентіне «психологқа қаралыңыз» десе, оның жауабы дайын, «мен жынды емеспін!» деп қарсылық танытады. Өйткені санамызда психологқа есі ауысқан адам қаралады деген ұғым қалыптасқан. Осыны растаған бас дәрігердің айтуынша, психикалық денсаулық орталығының аумағына кіргендердің арасында «мені біреу көріп қоймады ма екен? Танитын адам көрсе, жынды екен деп ойлар» деп қуыстанып, тығылып келетіндер де кездеседі екен. 

– Негізінде дамыған елдердің әр отбасының психиатр дәрігері, психологы болады. Бізде дәл солай болмаса да жергілікті тіркелген емханаңыздағы психолог, психиатр, психотерапевт мамандарға жылына бір рет болса да қаралып тұрған дұрыс. «Мен саумын» деген адамның өзі дәрігер тексеруінен өтіп тұруы тиіс. Психотерапевтен қашпау керек, – дейді Ә.Сәлімбеков.  

Мұнда біз ойлағандай науқастар өмірінің соңын күтіп, ауруханадан шықпай жатып емделмейді екен. Дегенмен, мамандар ұзақ жататындар болады дейді. 7 диагноз бойынша невроздар бөлімшесінде жатып емделетіндер жалпы тәжірибелі дәрігерлердің қарауына өтіпті. Олар көріп, психиатрдың қарауы қажет деп тапса, науқас жолдамамен жіберіледі. Дегенмен, аудандарда жиі кездесетін проблема – әлі де психиатрлар жетіспейді. Оларды әскери шақыртулар кезінде іздеп таппайсыз. Әскери комисариатта отырады. 

– Былтыр 30 төсек-орынды оңалту бөлімшесін ашқанбыз. Оның 15-і наркологиялық, 15-і психатриялық ауруларға арналған. Ол жерде де емханадағы бар мамандар – әлеуметтік қызметкер, психолог, психотерапевт жұмыс істейді. Бұдан басқа, еңбек терапиясымен емдеу мақсатында оңалту орталығындағы пациенттер мен өзіміздің қызметкерлер Сарыағаш қаласындағы бөлімшеміздің жанынан жылыжай салып бітірді. Осы көктемде алғашқы жемісін көреміз. Одан бөлек бау екенбіз. Бұл бөлімшеге сол төңіректегі Мақтарал, Жетісай, Шардара, Келес аудандарынан науқастар келіп, жатып емделеді. Сол сияқты Кентаудағы бөлімшемізге Түркістан қаласы мен Отырар, Созақ, Бәйдібек аудандарынан барады. Дерті қайталанатындар, есепте тұратындар сол бөлімшелерде ем қабылдайды. Ал, алғаш рет болғандар осы орталыққа жеткізіледі, – дейді Әмірхан Молдаханұлы.


Адамдарды табыстыратын орталық

Бас дәрігер бізбен таныстырған әлеуметтік қызметкер Жұмагүл Балтақожаевамен әңгімеміз жараса кетті. Ол кісіні тыңдай бергің келеді. Апай соңғы жылдары орталықта ұзақ жатқан 14 науқастың туыстарын қалай іздегенін айтқанда, бір-бірін жоғалтып, бірнеше жылдан кейін қайта қауышып жататын «Бармысың, бауырым?» бағдарламасын көріп отырғандай әсерде боласыз. Тіпті кейбір тағдырлар еріксіз күрсінтіп, жанарыңыздан жас тамшылатады. Өйткені әлеуметтік қызметкер аяқтан сабылып, табан тоздырып науқастың туысын тапқанда одан бас тартатындар да кездеседі екен. Оған басыңызды шайқап, бірден «тасжүрек екен!» деуіңіз мүмкін. Бірақ, оның орнына бір сәт өзіңізді қойып көрсеңіз, бұл ойыңыздан айнып қалуыңыз да ғажап емес. Өйткені психикалық ауытқуы бар адамды кез келген кісі күтіп баға алмаса керек.

image.png 

Суретте Жұмагүл Балтақожава

– Бір пациентіміздің туыстарын Кентаудан таптық. Баласы бар екен. Ол да ауырады. Туыстары күтіп баға алмаймыз деді. Сосын ағайын бір інісі бар екен. Сол алып қалды. Оған біз құжаттарын әзірлеп, мүгедектік зейнетке шығарып бердік. Баласын да мүгедектік зейнетке шығардық. Әжептеуір зейнетақы тағайындалады. Тым болмаса ауырталығын салмасын, материалдық шығыны болмасын дедік. «Егер ауруы қайталанғанда көндіре алмасам, өздеріңізге хабарласам. Болмаса, өткізем...» деп қалды. Қиын болса да бауырын қимады... Бір бала болды, бізде. Әкесі ертелеу қайтыс боп кеткен. Шешесі де дүниеден өткен соң ауытқуы бар бала біздің Кентаудағы стационарға жатқызылған. Үш бөлмелі үйі бар екен. Оны рәсімдеп, қамқоршысы табылғанға дейін құжаты бізде болды. Туыстарын іздеп едік, туған ағасының баласын Сарыағаштан таптық. Оның да әкесі өмірден өтіпті. Соған барып, «мынау сенің немере бауырың, жақының» деп табыстырдық. Жаңа жыл мерекесінің алдында ғана ол Кентаудан інісін өзінің үйіне апарып, бір бөлмесіне жайғастырды. «Қатты қиналып жатсаңыз, Түркістандағы мүгедектер үйіне өткізіңіз... Орналастыруға біз көмектесеміз. Ал, бауырыңыздың үш бөлмелі пәтері сізге сот шешімімен беріледі. Оны атыңызға аударып аласыз ба, жоқ па, ол жағын өзіңіз шешіңіз» деп жұбатқан болдық, – дейді Жұмагүл апай. 

Әлеуметтік қызметкер айтқан Саёраның тағдыры тіпті аянышты. Жеңіл жүрісті болғанға ұқсайды. 2009 жылы көшеде жүрген жерінен ауытқушылығы бар болғасын осы орталыққа жеткізілген. Бөлімшеде сұрастыра келе бірде-бір құжаты жоқ ол екі фамилияны есіне әрең түсіріпті. Түбі Өзбекстан екен. «Сезім» деген құжаттар дайындайтын орталықтан туыстарын табуға көмек сұратқан. Фотосуреттерін беріп, Өзбекстаннан сұрау салдыртып туыстарын тауыпты. 

– Екі фамилияны да бердім. Тәшкен аралап жүрген болсаңыздар, көмектесіңіздерші. Бір хабары болса, маған айтыңыздаршы дедім. «Сезімдегілер» маған көмектесті. Өзбекстан астанасында шешесі бар екен. Анасы келіп көріп кетті. Соның қызы екені анықталды. Саёраны жоғалды деп үмітін үзген екен. Екеуі осында жылап табысты. «Жди меня» бағдарласынан да әсерлі сәт болды. Табысқандар үшін біз де қуаныштан көз жасымызды бір сығып алдық. Ол кездегі күйімізді сөзбен айтып жеткізу қиын. Артынан әкесі келіп, 2019 жылдың 28 желтоқсанында алып кетті. Он жыл жоқтаған қызымен табысқанын көргеніңізде, сіз де жаныңыз тебіренбей тұра алмас едіңіз... Саёраның Тәшкенде әке-шешесінің қолында бір ұл, бір қызы да бар екен. Олар есейіп кеткен. Сол сияқты бізде былтыр зейнетке шыққан бір адам жатыр. 1957 жылы туған. Негізі ол мұнда Сарыағаштан түскен. Сөзі дұрыс, жақсы сөйлейді. Еміс-еміс есіне түсіргенін айтқаны бойынша іздеп барып, оның Сарыағаштағы үйін таптым. Бірақ, ол жерде басқа адам тұрады екен. Екі көршісінің де аттарын, үйлерінің нөмірлерін анық айтып тұр. Сол көршілерін тауып сөйлескенімде біздің пациентімізді танитынын жеткізді. Олар оның сотталып кеткенін айтады. Бірақ, баспанасы сүріліп кетіпті. Туыстарын іздеп, Сарыағаштағы бөлімшенің аға дәрігері Жадыра екеуміз Тәшкенге өттік. Махәлләсін таптық. Аты-жөнін айтып едік, бізде тіркеуде тұрады деді. 90 жастағы шешесі де тірі екен. Оны естігенде менің жүрегім жарылып кете жаздады. Қарындасы бар екен, соған хабар берді. Теміржол саласында әжептеуір қызмет істейтінге құсайды. Ол мәшинесімен келді. 62-63-інші жылғы болса керек. Мен пациентіміздің суреттерін ала барғанмын. Оған көрсеттім. Ағасының жағдайы жақсы екенін, емделгенін айттым. Бауырым-айлап жылады. Оның айтуынша, ағасы екі рет үйленген. Екі баласы Ресейде, Новосібірде органда істейтін болып шықты. Бірақ, олар әкесін іздеп келгенде «әкелерің қайтыс болған, жоқ» деп шығарып салыпты. Ал, өздерінің 90-ға келген анасының тірі екенін айтты. Сосын қарындасы маған 4 миллион сум берді. «Ағамның керегіне жаратыңыз» деді. Біздікімен 4 мың теңге. Оған Шымкентке оралғасын бауырының атынан жегісі келген тамағын апарып бердім, 2-3 рет. Қуанып қалды. Қарындасы бір аптадан кейін ағамды өзім алып кетем деп уәдесін берді. Оған сендім. Телефон нөмірін алдым. Кейін қайта-қайта хабарластық. Енді келеді деп отырғанда коронавирус пандемиясы басталып кетті. Наурызда келем деп еді, әлі күтіп жүрміз. Жылға жуықтады. Ағасы мені көрсе жылайды, «туыстарыма апарып тасташы» деп жалынады. Үмітін үзбейді. Егер шекара ашылса, енді қарындасына да бармай шешесіне бір-ақ апарып, туыстарына табыстағым кеп отыр. Сухандарияда тағы бір бауыры бар екен. Қарындасы бауырын әкеткісі келмегесін оған сенбей қалдық. Ол шешесіне ағасының табылғанын айтпаған болуы да мүмкін, – дейді апай. 

2018 жылы осы орталыққа әлеуметтік қызметкер болып ауысқан Жұмагүл Балтақожаеваның жанашырлығы жанарынан-ақ байқалып тұрады. Төрт қыздың анасы мұнда Шымкент қаласының Еңбекші ауданы әкімдігін айырбастап келіпті. Ол жақта да әлеуметтік қызметкер болып істеген. Бөлім басқарған. Жұмагүл апайдың орнында басқа адам болса, өзі айтқан ауыстырып жіберген жұмыспен қамту орталығында өзімен-өзі жүре берер ме еді... Содан бері іздеуі жоқ, сұраушысы болмаған 14 адамның 12-сін туыстарын тауып табыстырыпты. Қамқорлығына алғысы келмеген ағайынның біразын райынан қайтарып, бауырмалдығын оятуға септігі тиген. Психикалық денсаулық орталығының арнайы бөлген көлігімен ауытқуы бар пациентті артқы орындыққа отырғызып, ағайындарын іздеп талай тасыпты. 

– Алғашқыда қорыққан кездерім болды. Артыңызда отырған науқас ауруы қозса алдындағыны буындыра салуы да мүмкін ғой. Тыныш отыр деп ескертіп қоямыз. Бірақ, менде сенім болды. Олар да ауырғаны болмаса сезеді, жақсылықты біледі. Жақында ғана жасы қырықтан асқан бір жігітті Түркістанға апарып орналастырдық. Бауыры бар. Ол маған «Жұмагүл апай, мен бармай-ақ қояйыншы. Мені көрсе, бауырым жылайды. Оған жүрегім шыдамайды, мен де жылап қалам...» деді. Қимайды, інісін.. Бірақ, үйінде ұстауға мүмкіншілігі жоқ екен, – деп Жұмагүл апай амалсыз күрсінді. 

Психикалық ауытқуы болғанмен орталық пациенттерінің арасында білімі жоғарылар да кездеседі. Дерті олардың ақылсыздығын білдірмейді. Осында жеткізілгенге дейін игерген мамандығын сау адамнан артық білетіндер де бар. Соның біріне мүгедектік зейнетақы тағайындау Жұмагүл апайды біраз әбігерге салыпты. Өте сауатты заңгер қол қой деген жерге құжатпен танысып болғасын бас тарта беріпті. Банкке де, поштаға да апарып, есепшотын аштыруға көндіре алмаған. Амалсыз бір пошта бөлімшесіне барып, басшысына айтып, оған пациентке түсіндіруін өтінген. Солай ғана әрең көндіріп құжатын реттепті. Сөйтіп қамқоршысы болып танылған бауырына мүгедектік зейнетақысымен табыстапты. 


Тазалықтың ордасы

Бас дәрігердің орынбасары  Зулфия Қалиева психикалық ауыртқуы бар адамдармен шынайы қарым-қатынас ортау керек деп есептейді. Олар сыйлағанды жақсы біледі. Сол себепті Жұмагүл апайға сенеді. Олардың туыстары да әлеуметтік қызметкердің жанашырлығын сезеді. 

image.png

Суретте Зулфия Қалиева

– 725 адамды жатқызып емдеуге қауқарлы Психикалық денсаулық орталығы облыстың 2 млн-нан асатын халқына дәрігерлік қызмет көрсетеді. Мұнда 695 орын тәулік бойы қызмет көрсетуге арналған. Оның ішінде 195 орынды ерлерге арналған үш бөлімше, 35 койкалы балалар бөлімшесі, 150 адамдық екі әйелдер бөлімшесі, 35 орынды невроздар бөлімшесі, 30 орынды медико-әлеуметтік оңалту, 6 адамдық интенсивті терапия палатасы, 70 орынды ерікті наркологиялық және 60 адамдық мәжбүрлі наркологиялық бөлімшелері, Сарыағаш, Кентау қалаларында әрбірі 60 койкалы екі психатриялық бөлімше бар. Тәуліктік консультативті-диагностикалық бөлімшеміз – емханамыз бір күнде 120 адам қабылдай алады. Орталықтың өзінде былтыр наурыз айында ашылған 10 адамдық күндізгі стационар жұмыс істейді. Былтыр маусым айында Сарыағаш қаласында 20 адамдық Уақытша адаптация мен детоксикация орталығын ашқанбыз. Мұнда ішкі істер органдары қызметкерлері тарапынан жеткізілетін алкоголь ішіп мас болғандарға дәрігерлік көмектер көрсетіледі. Детоксикация – адам ағзасын алкогольден айықтыруға бағытталған кешенді қызмет болса, уақытша адаптация мастықтан айықтыру мен қоршаған ортаға бейімдеу. Орталыққа жеткізілгендер жағдайына байланысты 3 сағаттан 2 тәулікке дейін ем қабылдайды. Былтыр мұнда мыңға жуық адамға медициналық көмек көрсетілген. Сонымен қатар, Түркістан қаласында былтыр сәуір айында іске қосылған медициналық тексеру кабинеті психоактивті заттар қолданғандардың дерегін және сол сәттегі мастық деңгейін анықтау жұмыстарын жүргізеді. 2020 жылы 4 жарым мыңға жуық азамат экспертизадан өткізілді, – дейді бізге орталықтың тыныс-тіршілігін аралап көрсеткен бас дәрігердің орынбасары. 

338 маман қызмет көрсететін Психикалық денсаулық орталығын аралау барысында біз мұнтаздай тазалықтың куәсі болдық. Тазалықтың үлгісі деуге де болады. Біз жүріп өткен дәліздер мен кабинеттер жылан жалағандай. Мамандардың да өзіне жүктелген міндеттерін тап-тұйнақтай етіп атқаратыны көрініп-ақ тұр. Қызметкерлер үздіксіз ізденуге дағдыланған. Былтыр 35 дәрігер мен 10 психолог Алматы қаласында біліктіліктерін арттырып қайтыпты. Психатрия бойынша 3 дәрігер қайта даярлаудан өтіп, 62 мейіргер кәсібилігін жетілдіріпті.

image.png

Шеберхана ұстасы, еңбек нұсқаушысы Мейіржан Мүсілімов

Құрмет орденінің иегері, бас дәрігер Әмірхан Молдаханұлы айтқандай, орталықта еңбекпен емдеу ісіне баса назар аударылған екен. Бұл бағытта ағаш шеберханасына бас сұққанымызда пациенттердің қолынан шыққан неше түрлі бұйымдарды көріп, таң-тамаша болғанымызды несіне жасырамыз. Писхикалық аутқуы бар азаматтар домбыра жасайды деп кім ойлаған. Шахмат тақтасынан бастап, басқа да күнделікті тұрмысқа қажетті қолөнер заттарын құрастырады екен. Шеберхана ұстасы, еңбек нұсқаушысы Мейіржан Мүсілімов емделуші ер азаматтарды ағаш кесіп жонатын аппараттарға жақындатуға болмайды дейді. Абайсызда бір жерін зақымдап алуы мүмкін. Дегенмен, домбыра құрастыру сынды ойлау қабілетін жүйелейтін жұмыстар жетерлік. 

image.png

Тігін цехына кіргенде де дені сау адамның қолынан келе бермейтін бұйымдарды кездестірдік. Әйелдердің арасында тігіс тігіп, тоқымамен айналысатындардан басқа сурет салумен әуестенетіндер де бар екен. Олардың жасағандары кәсіби мамандардікінен кем емес-ау. Бөлім меңгерушісі Қарлығаш Шынтемірқызының айтуынша, тігін цехының іске қосылғанына жыл толыпты. 

«Жүйке жүйесін тыныштандыратын дәрі-дәрмек қабылдаған пациенттерге қозғалыс көбірек қажет» дейді бізді спортзалға алып кірген Зулфия Нуриддинқызы. Мұнда да заманауи дене шынықтыру аппараттарының түр-түрі тұр. Пациенттер күніге бір сәт келіп, дене ширатады екен. Оларды бақылап, дұрыс жаттығу жасауға бейімдейтін шынықтырушы маман да бар. 

Балалар бөлімшесінде біз кірген кең бөлме кішкентай пациенттердің ой-өрісін кеңейтіп, дамытатын бұйымдарға толы болып шықты. Монтессори әдісімен жұмыс жасайды екен. №8 балалар бөлімшесінің педагогы Гүлмира Көмектесқызы мен уақытша бөлім меңгерушісі Әшіргүл Ергешқызы 6-12 жас аралығындағы балалардың дүниетанымын жүйелейтін жаңартылу үстіндегі кабинеттің жұмысын, мақсатын айтып таныстырды.       

Бас дәрігердің орынбасарының айтуынша, білікті басшы Әмірхан Молдаханұлының жетекшілігімен орталықтағы осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде ауытқу ауруларының қайтаналануы 3 есеге дейін азайыпты. Құжат айналымы да толығымен цифрландыруға көшкен...

Көңіл көншітер жетістіктердің куәсі болсам да Жұмагүл апайдың жақсылықтары ойымнан кетпей қойды. Жақсылық жасап жүрейікші...

А.ДОС