Түркістанды дамытудың ІІ кезеңінде 109 жоба іске асырылады
Түркістан қаласының «Жасыл белдеуінде» жеміс ағаштары да өсірілуде. Бұл жұмыстарға агрономдар, мамандар, кәсіпкерлер, қала тұрғындары атсалысуда. Осы ретте қаланы 32 секторға бөліп, аудан, қала әкімдіктері мен басқармаларды жауапты етіп, жұмысты жүйелеу өз жемісін беру үстінде. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев әр секторды аралап, қаланың абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын тұрақты түрде тексеріп тұрады. Барлық секторда жұмыс қарқыны жоғары. Қала күн сайын қоқыстан тазартылып, гүлзарлар, саябақтар жайнай түскен.
Қала аумағындағы жасыл аумақтарға су жүйесі жүргізіліп, тұрақты түрде суарылып жатыр. Жасыл желектерді күнделікті суару үшін қала аумағына гидранттық жүйе жүргізілген. Бүгінде үш кезеңмен жұмыс жүргізіліп, 1600 га жерге 60 мыңнан астам көшет егілген. Қалада сенбіліктер өткізу, тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыру бағытындағы іс-шаралар дәстүрге айналған.
«Жасыл белдеуге» тағы да барып, бақылаудан өткізген Өмірзақ Естайұлы егілген көшеттердің уақтылы суғарылуына аса мән берілуі керектігін, сонда ғана іс нәтиже беретінін айтты. Ұрпақ үшін пайдалы бұл бастама үздіксіз жүзеге асырыла беретінін жеткізіп, азаматтарға жұмысты жанашырлықпен, сергектікпен атқаруды тапсырды.
Биыл ел Үкіметі Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын мақұлдады. Түркістан қаласын дамытудың 1-кезеңі аяқталып, негізгі әлеуметтік инфрақұрылымы қаланды. 123 нысанның құрылысы аяқталды. Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі аясында 109 жоба іске асырылады. Бұл мақсатқа 1,3 трлн теңге инвестиция бағытталады. Бұл қолдау мен жоспарлар Түркістанды Орта Азиядағы ең көрікті шаһарлардың біріне айналдыруға серпін беретіні сөзсіз.
Әсіресе, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары қарқынды. Жан жадыратар жаңалықтар мен көз қуантатын өзгерістерді ел қазірдің өзінде сезіп-біліп отыр. Түркістанды дамыту бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.