6 жоба Түркістан облысының ағын су тапшылығын реттейді
Түркістан өңіріндегі 267 млн.м3 ағын су тапшылығы 6 жоба арқылы шешіледі. Облысты ағын сумен қамтамасыз ету мәселесі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалық етуімен өткен отырыста талқыланды. Осы мақсатта облыс аумағында ауқымды жұмыстар жасалуда. Өңірде іске асырылып жатқан ірі су нысандарының құрылысы толық аяқталғанда ағын су тапшылығы толығымен жойылмақ.
Үкімет қаулысымен облыстағы 5 су нысаны, атап айтқанда «Бөген» су қоймасы, «Қосқорған» су қоймасы, «Түркістан» магистралды каналы, «Арыс» магистралды каналы және «Қараспан» магистралды каналы және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі бұйрығымен «Қараспан» су торабы республикалық меншіктен облыстық меншікке қабылданды.
Оларды күтіп ұстау мақсатында Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты «Бөген арнасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Мекемеде жаңадан 200-ге жуық штаттық бірлік жұмыс орны ашылып, 30-дан астам арнайы техникамен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде Түркістан өңіріндегі су нысандарын бір қолдан басқару жүзеге асырылып, вегетациялық кезеңде ағын су тапшылығының алдын алуға негіз болды.
«Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында аграрлық салаға, оның ішінде Түркістан қаласы аумағында ағын су тапшылығын жою мақсатында ірі су нысандары құрылысын жүргізуге басымдылық берілді.
Атап айтқанда, Түркістан магистралды каналында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба бойынша бұрын ағын су 43 %-ға фильтрациялық шығынға ұшыраса, бүгінгі күні 36 шақырым каналды бетондау жұмыстарының нәтижесінде 22 млн.м3 су үнемделіп отыр. Жалпы жобасы аясында 60 млн.м3 су үнемделеді және қала аумағындағы 8 шақырым канал бойы абаттандырылады. Бүгінгі күні 1,5 шақырым абаттандырылды.
Ал, «Кеңсай - Қосқорған - 2» су қоймасын салу жобасы бойынша 34 млн.м3 ағын су жеткізіледі. Қазіргі таңда үлкен дамбы биіктігі 28 метрге дейін көтеріліп, 60 % бетонмен қапталды. Нәтижесінде, биылдың өзінде көктемгі тасқын сулар ысырабына жол берілмей 5 млн.м3 су жинауға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жобасы бойынша бөгет 34 шақырым ұзындыққа көтеріліп, биылғы жылдың өзінде 250 млн.м3 су жинақталды. Бұл жоба алдағы уақытта Түркістан өңірінің экологиялық жағдайын жақсартуға оңды ықпалын тигізеді.
«Сырдария өзенінен машиналық арна салу» жобасы бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Жоба мемлекеттік сараптама қарауында. Нәтижесінде Түркістан қаласына жылына 53 млн.м3 ағын су қосымша жеткізілетін болады.
«Сарқырама» су қоймасын салу жобасы бойынша құжаттар әзірленуде. Вегетациялық кезеңде «Бөген» су қоймасына қосымша 50 млн.м3 су тасталып, Түркістан өңірі бойынша ағын су кепілді түрде жеткізіледі.
Сонымен бірге, Кентау қаласында «Қосқорған» су қоймасын одан әрі толықтыра отырып, су төмендету жүйесін салу жобасы қолға алынбақ. Вегетациялық кезеңде Түркістан өңіріне қосымша 70-95 млн.м3 дейiнгi ағын су жеткізілетін болады.
Сала мамандандарының қатысуымен өткен жиын барысында атқарылған жұмыстар мен қолға алынуы тиіс жобалар талқыланды. Ақсу өзенінің бойындағы «Орта Ақсу» және «Жоғары Ақсу» тоғандарына күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 40 млн.тг бөлінді. Ауқымды жұмыстардың нәтижесінде ағымдағы жылы вегетациялық кезеңде 10 млн.м3 ағын суды үнемдеп, Арыс өзені арқылы Бөген су қоймасына тасталды.
Ал «Қапшағай» су қоймасын күрделі жөндеуден өткізген жағдайда сыйымдылығы 34 млн.м3 болатын су қоймасын қайта құруға және төтенше жағдайдың алдын алуға негіз болады.
Шардара ауданындағы «Жаушықұм» алқабын игеру арқылы 12,2 мың га суармалы жер жаңадан қосылады. Жылына орта есеппен 100 млрд. тг. ауыл шаруашылығы өнімдері алынады. Жылыжай, балық өндірісі, қайта өңдеу саласы дамиды.
Түркістан қаласының ішкі жүйелері мен жасыл аймақты, шаһар айналасына құрылған «Азық-түлік» белдеуін ағын сумен қамтамасыз ету бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіліп келеді. Облыс орталығында бірнеше жасанды көл салынып, есу каналының құрылысы жүргізілуде. Жалпы алғанда, 80 млн.м3 шамасында суды қажет етеді.