94 жастағы әжейдің сынған сүйегіне сәтті ота жасалды

Screenshot_12.png

Түркістандық дәрігерлер сан сүйегі, яғни ортан жілігі сынған 94 жастағы кейуанаға сәтті ота жасады. Олар науқастың сынған сүйегіне арнайы құрылғы орнатып, бекітті деп хабарлайды otyrar.kz. Жамбылдың жасына жеткен әженің отасы қалай өтті?

Жедел жәрдем қызметі 94 жастағы Ерке әжені 21 ақпанда Келес ауданынан Түркістан облыстық клиникалық ауруханасына жеткізген. Дәрігерлер науқасты тексере келе, сол аяғының ұршығы сынғанын анықтап, шұғыл ота жасауға шешім қабылдаған. Ота бір сағатқа жалғасты. Травматологтар сынған ұршық орнына блоктаушы темір қойып берді. Мамандар науқастың жасын ескеріп, пышақсыз, яғни жабық ота жасаған.

Ерке Сүлейменова “Осында аяғым сынып келген еді. Қазір жағдайым жақсы. Дәрігерлерге рахмет”.

Білікті дәрігерлер жасаған ота сәтті өтіп, 94 жастағы әже алғашқы тәулікте-ақ жай палатаға ауыстырылды. Қазір денсаулығы жақсы, дәрігерлер бақылауында.

Аслан Нұралыұлы, Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының ортопед-травматологы: «Науқасты операцияға дайындау үшін қан құйып, 23 ақпан күні сан сүйегіне ота жасадық. Бір сағаттың көлемінде ота өтті. Ота кезінде де қан құйылды. Бұл жабық операцияның тиімділігі наркозды көтеруі және оңалуына тез әсер етіп, ертесіне аяқ басып жүруге болады».

Айта кетейік, облыстық клиникалық аурухананың ортопедия бөлімшесінде жамбас пен тізе буындарын алмастыру, сынған-шытынаған сүйектерді қалпына келтіру сияқты түрлі ота жасайды. Қазір бөлімше мамандары қатерлі ісіктерді емдеу операцияларын жасай бастады.