Қазақстандық ғалым қант диабетін емдеуге арналған бірегей жасуша ойлап тапты

Молекулярлық биология және биохимия институтының ғалымы Бақытжан Әлжанұлы геномды редакциялау көмегімен I типті қант диабетін емдеуге арналған бірегей жасушаларды ойлап тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Screenshot_12.png

Бұл жасушаларды трансплантациялау ұйқы безіне инсулин өндіруге ғана емес, сонымен бірге оның денедегі деңгейін өз бетінше реттеуге мүмкіндік береді. Болашақта құрылым науқас пациенттердің безіне трансплантацияланады. 

«Біздің бұл әдісіміз бірегей болып есептеледі. Жасуша геномын өңдеу үшін қолданылатын CRISPR технологиясын пайдалана отырып, біз инсулин синтезіне жауап беретін ұйқы безінің жаңа жасушалық тізбегін жасадық. Нақты түсіндіріп өтсем, алынған жасушалар ерекше сипатқа ие, яғни жарықтың әсерінен олар инсулин деңгейін жоғарылатуы немесе оны төмендетуі мүмкін. Негізгі мақсатымыз - І типті қант диабетін емдеудің заманауи тәсілдерін табу болды. Атап айтқанда, өзінің табиғи инсулинін шығаратын жасушалық терапияны табу болды», - дейді Бақытжан Әлжанұлы. 

Бүгінгі таңда әлемде І типті қант диабетін емдеу әдісі жоқ, пациенттер тек инсулин терапиясы бойынша емделеді. Қазіргі уақытта дүниежүзі ғалымдары трансплантациялауға болатын жасушаларды әзірлеумен айналысып жатыр.

 Қазақстандық биотехнолог өз жұмысында бұрын-соңды ғылымда қолданылмаған бета-клеткаларды алу әдісі арқылы бірегей нәтижелерге қол жеткізді.