Түркістан жоғары медицина колледжі «Үздік колледж-2018» аталымына ие болды

56b0a58b-962f-4785-bcf1-7475e4174e2e.jpg

Жаңа жыл қарсаңында Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен  арнайы номинациялар байқауында «Үздік колледж - 2018» аталымы бойынша елу жылдық тарихы бар Түркістан жоғары медицина колледжі тағы да көш бастап, үздіктер қатарынан көрінді. «Үздік колледж - 2018» аталымына ие болған Түркістан жоғары медицина колледжінің қаланың көркеюіне, мәдени өсуіне және қоғамдық-саяси және экономикалық жағынан дамуына қосар үлесі мол. Өйткені жарты ғасырдан астам тарихы бар іргелі оқу орны жыл сайын Түркістан облысы жастарын ғана емес, Қызылорда, Шымкент, Тараз өңірінен келген жастарды да білім нәрімен сусындатып, медицина саласының қыр-сырын меңгертіп келеді. Сонымен қатар студенттердің бос уақытын тиімді пайдалануда асқан шеберлікпен көзге түсуде. Мысалы: колледж студенттері бос уақыттарында өзін-өзі басқару ұйымында жиналыс өткізіп, тиісті тапсырмаларын орындаса, кейбірі шығармашылықпен айналысып, ән, би, күй өнерімен шұғылданады. Ер балдардың басым бөлігі спортпен айналысса, қыздар «Ана қуанышы» үйірмесінде медицина ғылымына ізденіс жасайды. Жалпы айтқанда пән үйірмелерінен бөлек студенттер «Жомарт жандар» клубына белсенді қатысады, мүгедектерге қол ұшын беріп, сондай-ақ массаж да жасап, болашақ мамандықтарына бейімделеді. 

Колледжде онлайн жүйесінде жыл сайын бірнеше рет медицина тақырыбында республикалық конференциялар мен семинарлар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Медицина саласы бойынша білім сайысына қатысқан студенттер жүлделі орындарға ие болып, колледждің ғана емес Түркістанның да атын шығаруда. Республикалық, облыстық, қалалық ән, күй, би, КТК, дебат сайыстарында да алдына жан салмайтын колледж студенттері әрқашан да біздің мақтанышымыз. 

Оқытушылар да республикалық байқауларда алдыңғы орындарды иеленуде. Атап айтқанда «Мейіргер ісі негіздері» пәнінің оқытушысы Г.Бабаханова, «Анатомия негіздері» пәнінің оқытушысы Қ.Омаш, «Кәсіптік ағылшын тілі» пәнінің оқытушысы А.Нурсейтова, «Химия» пәнінің оқытушысы К.Тилепбаева педагог ретінде жеңістерге қол жеткізген үлгілі ұстаздар. Бүгінгі таңда колледжде медициналық пәндерді ағылшын тілінде жүргізу қолға алынуда. Бұған колледжің дәрігер-оқытушылары да дайын екендіктерін аңғартып, сабақ жоспарларына өзгерістер енгізіп, дайындықтарын бастап кеткен. 

Қорыта айтқанда үздік колледждің алар асуы әлі алда. Қаланың құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, м.ғ.к. Ғ.Бимурзаев басқарып отырған іргелі оқу орны бұл жеткен жетістіктерімен тоқтап қалмайды, келешекке құрған үлкен жоспарлар мен ұлы мақсаттар жолында алға қарай қадам баса беретін болады. 

Гульмира Алдабергенова

Түркістан жоғары медицина колледжі

№11 Тілдер пәндері бойынша ЦӘК төрайымы