«Үздік өзін-өзі басқару ұйымы» премиясын Түркістан жоғары медицина колледжі алды

33286c8c-826f-4a0c-a075-b47f339092b3.jpg

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні күні қарсаңында Түркістан облысының жастары арасында «Түркістан жастары премиясы» байқауы өткізілген болатын. Қазақстанның дамуына өзіндік үлесін қосып, облыс көлемінде жастар саясатының іске асырылуына белсенді атсалысып жүрген жастар ұйымдары қатысқан айтулы байқауда Түркістан жоғары медицина колледжінің өзін-өзі басқару ұйымы- Студенттік үкімет бас жүлдеге ие болды. Түркістан облысының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен байқауда Түркістан жоғары медицина колледжі жүзден жүйрік шығып, «Үздік өзін-өзі басқару ұйымы» аталымы бойынша бас жүлдені қанжығасына байлап, қомақты сыйлыққа ие болды. 

Жалпы Түркістан жоғары медицина колледжінің өзін-өзі басқару ұйымы 2008 жылы ашылған болатын. Сол уақыттан бері Студенттік үкімет жұмысы қарқынды дамып келеді. Отызға жуық студенттерді қамтитын белсенді ұйым бүгінгі таңға дейін көптеген жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Студенттік үкімет мүшелері студенттердің құқықтарын қорғап, олардың жақсы білім алуына барынша атсалысады. Қала көлемінде, облыс көлемінде өткізілетін іс-шараларға барынша атсалысып, өздері де арнайы іс-шаралар өткізуге ұйытқы болып келеді. Таңдағандары медицина саласы болса да, студенттер бос уақыттарында шығармашылықпен айналысып, өздерінің жан-жақты дамуына атсалысуда. Түрлі мәдени іс-шараларға қатысып, жүлделі орындарға да ие болуда. Бұл дегеніміз медицина саласында тек қана білікті маман ғана емес, сонымен қатар жүрегі нәзік, басқаларға жанашырлықпен қарайтын, коммуникацияға бейім тұлға қалыптасуда деген сөз. Сондықтан да өзін-өзі басқару ұйымының берері мол. Бүгінгі таңда Студенттік үкімет ұйымын басқарып отырған стоматология бөлімінің 4 курс студенті Алтай Рамазан: «Мен үшін өзін-өзі басқару ұйымы көп нәрсе берді. Менің болашаққа деген сенімім артты. Өз бетімше жұмыс жасай аламын және бөтен адамдармен тез тіл табысамын. Бұл мен үшін жетістік деп ойлаймын. Сонымен қатар биылғы оқу жылында мені Президент қылып сайлағаны үшін қуаныштымын. Студенттік үкімет мүшелері сабаққа да үлгеріп,  бос уақыттарында тиісті жұмыстарын атқарады. Сол арқылы ойлары да жетіліп, сенімділіктері жоғарылайды»-деп өзін-өзі басқару ұйымының жастарға берері мол екендігін аңғартты. Шындығында да өзін-өзі басқару студенттерге  жаңаша ойлауға, кез-келген қиындықтарға қарсы тұра білуге, өз ұстанымын дәлелдей алуға, өз мақсатына жетуге ұмтылуға айрықша серпін берері сөзсіз. 

Гульмира Алдабергенова

Түркістан жоғары медицина колледжі

Жастар ұйымының төрайымы