Елжан Біртанов: Әр отбасының жеке дәрігері болуын қолға алудамыз
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов партия съезінен кейін денсаулық саласына қатысты атқарылатын жұмыстар туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елбасы айтып өткендей, алдымен қолға алатын дүние ол алғашқы медициналық және амбулаториялық көмек. Оның себебі де түсінікті, дамыған елдерде дәрігерлердің көмегінің 80%-ы ол алғашқы медициналық көмек кезінде ұсынылады», - деді Е.Біртанов. Сондай-ақ, министр денсаулық сақтау саласына бөлінетін қосымша қаражаттың 40 пайыздан 60 пайызға арттыруға қатысты да тоқталып өтті. «60%-ға дейін өсіру дегеніміз ол әр адамды, отбасын жеке дәрігермен қамтамасыз ету деген сөз. Біз бұл бағытта әрбір отбасының жеке дәрігері болуын қазірден қолға алудамыз. Сондай-ақ, жедел жәрдемнің жылдамдығын арттыру үшін қаладағы көпқабатты үйлердің бірінші қабатында шағын диспансерлік орталық болуы тиіс. Бүгінгі таңда бұл бағытта жоспар жасалып, барлық өңірлермен бекітілді. Бұл орталықтар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынып, жүзеге асырылатын болады», - деді министр. Министрдің айтуынша, сонда ғана медицина қызметінің сапасы мен қолжетімділігі артады. Айта кетсек, бүгінгі «Нұр Отан» партиясының кезекті съезінде Елбасы денсаулық саласын дамытуға қосымша 120 млрд теңге қаржы бөлуді тапсырды.