Жантақпен несептас ауруын емдеуге болады
Түркістан қаласына бес елдің бас уролог дәрігерлері жиналды. Атап айтқанда, Ресей, Беларуссия, Қырғызстан және Өзбекстан мен Қазақстанның жоғары дәрежелі мамандары келді. Пленумда «Несептас ауруының алдын алу мәселесі қаралды. Олар несеп жолдарында пайда болатын аурулардың алдын алу, емдеу жайында өз ойларын айтып, өзара пікір алмасты.Пленумда еліміздің бас урологтары республика бойынша несептас ауруына ең көп шалдыққан өңірлерді атады. Көш басында Түркістан, Атырау, Маңғыстау облыстары тұр.
Мамандардың айтуынша, Түркістан облысындағы ауруханалардың Урология бөлімінде жатқан науқастардың 40 проценті осы ауруымен ауырады.
«Оның басты себебі, біріншіден, бұл өңірлерде күн өте ыстық, екіншіден, экологиялық ахуалы мәз емес, үшіншіден, ауыз судың сапасы нашар және туабітті бүйрек дертіне шалдыққандардың саны артқан», - дейді дәрігерлер.
– Ауруды емдеуден бұрын оның алдын алудың жолдарын қарастыруымыз керек. Мұнда біз дертті емдеудің тәсілдері мен одан толық айығудың амалдарын, қайталанбауын қарастырдық. Бұл жөнінде көп жұмыстар істедік. Бізде дәрі ретінде қолданатын жантақ бар. Несеп жолдары ауруларын емдеуде басқа да түрлі емдік шөптер көп қолданылады. Сондай мол тәжірибемізді басқа елдердің дәрігерлеріне көрсете біліміз керек, – деді ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҰҒА Академигі Мырзакерім Алшынбаев.
Алшынбаевтың айтуынша, оны тек Қазақстанның денсаулық сақтау басқармалары ғана емес, басқа елдердің де денсаулық сақтау басқармаларының қолдануына, ары қарай емдеудің сапасын көтеруге болады.