Елордада балабақша қызметкері туберкулезге шалдыққан болып шықты

Screenshot_1.png

Елордадағы қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің бастығы Сәдуақас Байғабылов Нұр-Сұлтан қаласындағы жекеменшік балабақша қызметкерінің туберкулезбен ауыратынына түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоға сілтеме жасап.

Бұл факт «Киндер» жекеменшік балабақшасының қызметкері 2019 жылдың 14 наурызында медициналық мекеменің қызметіне жүгінген кезде белгілі болған. Сол күні-ақ ол туберкулезге қарсы диспансерге жатқызылды. Айта кетейік, науқас өзінің жұмыс орнын жасырған. Алдын ала зерттеу нәтижесінде науқастың Нұр-Сұлтан қаласындағы бірде-бір медициналық мекемеге тіркеуге тұрмағаны анықталды.

Өз кезегінде, «Киндер» жекеменшік балабақшасының жетекшісі науқас әйелдің кір жуу қызметін атқарғандықтан, балалар мен қызметкерлерден бөлек жеке есіктен кіріп-шығып жүргенін айтты. Алайда, осы жылдың 4 сәуірінде туберкулездің алдын алу жөніндегі департамент мамандарының түсіндіру жұмыстары кезінде ата-аналар науқастың үлкен және кіші топтарда күтуші болып жұмыс істегенін айтқан.

2019 жылдың 5 сәуірінен бастап Мәскеу көшесі, 12/2 мекенжайында орналасқан «Киндер» балабақшасын («Ж.С.Құсайынова» ЖШС) жоспардан тыс тексеру басталды. Балабақша меңгерушісін қоса алғанда, барлық қызметкерлер қосымша рентгендік тексеруден өтті, туберкулез анықталмады. Балалар медициналық тексеруден өтіп жатыр, алдын ала деректер аурудың белгілері жоқ екенін көрсетті, деп хабарлады ҚДСД.

«Алаңдауға еш себеп жоқ, балалар туғаннан бастап туберкулезге қарсы екпе алғандықтан, «Киндер» балабақшасындағы бүлдіршіндердің денсаулығына қауіп төнген жоқ», - деді Сәдуақас Байғабылов.

Тексеру қорытындысы аяқталғаннан кейін қосымша ақпарат жарияланады деді ведомстводан.