Тауар қауіпсіздігін талдау нәтижелері жарияланды
ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы – Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Жандарбек Бекшин тауар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша 2019 жылдың 1 тоқсанында жүргізілген жұмыс қорытындысын жариялады.
– Ай сайынғы тағам қауіпсіздігінің мониторингі шеңберінде 2019 жылдың бірінші тоқсанында 14880 өнім түрі алынды. Оның ішінде азық-түлікке жатпайтын тауарлар тобына 77834 зерттеу жүргізіліп, оның 3,5 пайызы техникалық регламенттердің белгіленген көрсеткіштеріне сәйкес келмейтіні анықталды. Зерттелген үлгілердің жалпы көлемінің 72,6 пайызы таңбалауы бойынша техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейді. Микробиологиялық қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша 16,2 пайызы, физикалық-химиялық көрсеткіштер бойынша 11,2 пайызы сай емес, – дейді Жандарбек Бекшин.
Оның айтуына қарағанда, ішкі нарықта айналымдағы өнімнің ассортименті, тауар позицияларының топтары бақыланған. Зерттеумен барлық негізгі өнім топтары: сүт өнімдері, құс еті, ет және балық өнімдері, кондитерлік және нан-тоқаш өнімдері, балалар тағамының ассортименті, арнайы тамақ өнімдері, шырын өнімдері, энергетикалық және басқа да алкогольсіз сусындар қамтылған. Сол секілді азық-түлікке жатпайтын тауарлар топтары ішінде ойыншықтар, киім, аяқкиім, тұрмыстық химия тауарлары, гигиена құралдары, әйнек жуатын сұйықтық, парфюмерия және косметика, тағаммен жанасатын метариалдар, балалар тауарлары және басқалары бақыланған.
– Тамақ өнімдерінің 12,5 мыңнан астам сынамасы зерттелді. 65 мыңнан астам зерттеу жүргізілді, олардың ішінде зерттеудің 3,3 пайызы белгіленген талаптарға сәйкес келмейді. Сондай-ақ комитет тек қауіпсіз өнімдерді ғана емес, сонымен бірге жалған өнімдерді анықтау, гендік түрлендірілген объектілердің болуын, жануарлардан алынған тамақ өнімдеріндегі геномдарды типтеу, өсімдік майлары мен трансизомерлерді анықтау, өсу гормондарының, антибиотиктердің болуын анықтау бойынша шараларды қабылдауда. Зертханалық бақылауды Ұлттық сараптама орталығының 17 облыстық филиалдан, 22 қалалық және 154 аудандық бөлімшеден тұратын 193 филиалы жүзеге асырады. Олар техникалық регламенттер көрсеткіштерінің 90 пайызына дейін қамтамасыз етеді, – дейді Жандарбек Бекшин.
Оның айтуына қарағанда, бүгінде Комитеттің Ұлттық сараптама орталығының зертханалары заманауи жоғары технологиялық көп функционалдық жабдықтармен жарақталған. Оларда классикалық микробиологиялық және физикалық-химиялық зерттеулерден басқа өнімнің жалғандығына зерттеу жүргізіледі.