Нұрмахан ЖҮНІСОВ, Өзі келіп көрінетін пациенттер көп

Screenshot_1.png

Өткен аптада Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының онкологиялық емханасында колоректальді ракты тексеруге арналған ашық есік күні болып өтті Мақсат – колоректальді рак ауруын ерте бастан анықтау, оның алдын алу мен емдеу ісін жүргізу. Бұл күні кез келген тұрғындар профилактикалық тексеруден тегін өтті.

Облыстық клиникалық ауруханасының колопроктология бөлімшесі меңгерушісі Нұрмахан Жүнісовтің айтуынша, қазір тұрғындар колоректальді рак туралы мәліметпен жақсы таныс. Себебі, бұрынғыдай емес, интернет қолжетімді дейді.

Көп жағдайда науқастар өзінде онкологиялық ісік аурулары барын білмеуі де мүмкін. Осы науқастарға кеңес беру үшін ашық есік күндері ұйымдастырылады. Халықтың көпшілігі геморройдан өздігінен емделетіндіктен, дәрігерге кеш көрінеді. Геморрой деп жүрген аурудың жоғары жағында кейде онкологиялық ісік кездеседі. Ашық есік күнінде сол ісік бар ма, жоқ па, таза геморрой ауруы ма, дәрігерлер анықтайды. Ол үшін пациенттер уақытында дәрігер проктологқа келіп көрінуі қажет. Тоқ ішек, тік ішек аурулары геморройға жақын орналасса аурудың белгілерін береді. Науқас оны өзі де білместен геморройға арналған дәріні қабылдап жүре береді. Асқыну жағдайында ол кеш болып есептеледі. Сол үшін де ашық есік күндерінің халыққа берер пайдасы мол.

 – Тоқ ішектің, тік ішектің арнайы тексеретін аппараттары бар. Соған тексеріліп, 100 пайыз көз жеткізу қажет. Ал таза геморрой ауруы болса оны емдеудің жолы басқа. Ол кезде жаңағы асқыну болмайды, уақытында көрінсе, қажетті емін алса геморройдың бастапқы, соңғы сатыларына байланысты дәрімен емделетін, ота жасалатын түрлеріне бөлеміз. Соларды біз көрген кезде ажыратамыз, – дейді Нұрмахан Жүнісов.

Ашық есік күнінің басты мақсаты сол –  науқастар онкологиялық ауруларды ажырата алмайтындықтан, қатерлі обырды жіберіп алмау үшін өткізіліп жатқан іс-шара. Келген науқастарға аурудың себебі түсіндіріліп, қажетті тексерулер тағайындалады. Тексеруден кейін тағы да қайтадан қабылдауға келіп, нақты диагнозын анықтайды.

Жалпы, проктологқа қаралуға бір күнде 30 адам келеді. Айына 500-600 адам, ал бір жылда 5000-7000 аралығында науқас келіп жатады. Соның ішінен қатерлі ісік табылған жағдайда пациент онколог дәрігерге жіберіледі. Аталған полип, геморрой, обыр ауруынан сақтанудың жолдары қандай? Маманның кеңесіне құлақ түрелік.

– Тұрғындарға айтатын ақыл-кеңесім, тік ішек, тоқ ішек ауруының белгілері пайда болса, үлкен дәретте қан көрінуі, үлкен дәреттің бұзылуы, іш қату, іш өту, іште жел қабыну, іш кепкен жағдайларда өздігінен ем қабылдамай жергілікті дәрігер-проктологқа келіп көріну қажет. Осылайша кеңес алып, диагнозды анықтап алса, онкологиялық аурулардың алдын алуға болады. Осыған көз жеткізіп, дәрігер тағайындаған емін қабылдаса бәрі жақсы болады. Негізінен проктологиялық аурулар әйелдерде де, ерлерде де бірдей кездеседі. Бірақ, әйелдердің келіп қаралу саны аз, себебі ұялу бар. Дегенмен, қазір тұрғындар проктологияның екенін не екенін жақсы біледі, бұрынғыдай емес. Интернеттен оқып, біліп алады. Осының нәтижесінде, жыл сайын емханаға өздері келіп, көрініп жатқандар саны көбеюде, бұл өте жақсы үрдіс, – дейді Нұрмахан Сағынәліұлы. 

Жансая СЫДЫҚБАЙ