Емхана таңдау өз еркіңізде!

photo_78089.jpg

 Өткен жылы тіркеу науқаны барысында емхана таңдау құқығын пайдаланған тұрғындар саны небары 25934-ті құрады. Жалпы, Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша 3 млн-ға жуық халық бар. Биыл тұрғындардың тіркеу кампаниясына деген қызығушылығы басым. Олай дейтініміз, халық арасында күнделікті түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде азаматтар науқаннан бөлек, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өздеріне қатысты мәліметтерді біле бастаған.

 

 

Кампанияның жыл сайын өткізілудегі себептеріне тоқталсақ:

 

1.Қызмет көрсететін емхана жұмысына көңілі толмаған азаматтарға емхананы ауыстыруға мүмкіндік беру;

 

2.Біз осы науқан арқылы рынокқа жаңадан қосылған қатысушыларға мемлекеттік тапсырыс негізінде халыққа қызмет көрсетуге мүмкіндік жасаймыз.

 

Осы күнге дейін келіп түскен сұрақтарды саралай келе, мынадай маңызды мәселелерді атап өткіміз келеді: Сіз тіркеу науқаны кезінде таңдаған емхана қызметін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап пайдалана аласыз. Оған дейін бұрынғы емхананың пациенті болып қала бересіз.

 

Кампания кезінде басқа емханаға ауысқысы келмеген тұрғындар арнайы комиссияның шешімімен өзі тұратын аймақтағы емдеу ұйымдарының біріне автоматты түрде тіркеледі.

 

Бірақ бұл медицина ұйымын таңдау құқығын пайдаланудың жалғыз жолы еместігін атап өткім келеді.

 

Заң бойынша тұрғындар емхананы мынадай жағдайларда ауыстыра алады:

 

1. Басқа жерге қоныс аударғанда.

 

2. Сізге қызмет көрсетіп келген емхана жабылса, белгілі бір қызмет түрін көрсетуді тоқтатса, қайта ұйымдастырылса, Медициналық сақтандыру қорымен арадағы келісімшартты ұзартпаса немесе белгілі бір себептермен қызмет көрсету туралы келісімшарт бұзылған жағдайда;

 

3. Сіз көптен бері (немесе мүлдем) емханаңызды ауыстырмаған болсаңыз және оның қызметіне көңіліңіз толмаса, жылына 1 рет емхананы ауыстыруыңызға болады;

 

4. Егер үйдің қасына жаңадан емхана салынса және ол Қордың дерекқорына енген болса.

 

Биыл тіркеу тәртібіне енгізілген өзгерістер емхананы ауыстыруға қосымша мүмкіндіктер береді.

 

Атап айтсақ, ерікті медициналық сақтандыру полисін алған жағдайда және сол келісімшарт негізінде емхана қызметі көрсетілетін болса емдеу мекемесін ауыстыруға болады.

 

Тіркеу тәртібіне негізгі деген мынадай үш өзгеріс енгізілді.

 

Бірінші, бастапқы медициналық-санитарлық көмекті ұйымдастырудың негізгі қос принципін іске асыруға жағдай жасалып отыр.

 

Ол – отбасылық қызмет көрсету принципі мен емхананың жақын маңда болу принципі.  Мұның мәні неде?

 

Отбасылық қызмет көрсету принципі

 

Отбасылық дәрігер отбасы мүшелерінің қандай аурулармен ауыратынын және қандай инфекцияларға бейім екенін жақсы біледі, ем-домы да тиімді болады. Сондықтан бір маманға қанша ұзақ қаралсаңыз денсаулығыңызға жасалатын бақылау да нәтижелі болмақ. Емхананы таңдаған кезде біз ең алдымен учаскелік терапевт (ересектер үшін) пен педиатрды (балаларға) таңдаймыз. Емхана ауыстырған кезде осы мәселеге мән берген жөн.

 

Бастапқы медициналық-санитарлық көмек қызметі қолжетімділігінің принципі

 

Таңдаған емхананың үйге жақын маңда, жаяу жүргенде 15-20 минуттық жерде болғаны дұрыс. Бұл үйде біреу ауырып, өзін жайсыз сезінген жағдайда дәрігерлердің жедел көмек көрсетуіне мүмкіндік береді.

 

Осы принциптердің іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатында елді мекендерді аймақтарға бөлу көзделген. Бұл медицина ұйымдарының мамандарына өз пациенттерінің денсаулығын тұрақты бақылауда ұстап, қажет болған жағдайда олардың үйлеріне барып қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

 

Әсіресе, жедел жәрдем жүйесінде жасалған соңғы реформаларды ескерсек мұның маңызы арта түспек. Себебі, бұдан былай 4-санатқа жатқызылатын шақыртуларға жергілікті емханалар қызмет көрсетеді. Ал, жедел жәрдем бригадалары күрделі әрі шұғыл көмекті қажет ететін шақыртуларға ғана барады.

 

Тағы бір маңызды өзгеріс – дәрігерлерге түсетін жүктеме мен емханалардағы кезек мәселесін шешу.

 

Жаңа тәртіп бойынша, 1 жалпы практика дәрігеріне түсетін жүктеме 1700 адамнан аспауы тиіс (ересектер мен балаларды қосқанда). Бұрын бізде 1 дәрігер 2 мың адамға қызмет көрсетуі тиіс болатын.

 

Біздіңше, бұл жаңа учаскелердің ашылуына түрткі болуы тиіс. Және бұл мәселеде медицина бизнесі өкілдері белсенділік танытады деп сенеміз. Былтырдың өзінде қормен келісімшарт бекіткен қызмет берушілердің саны едәуір артты.

 

Қазіргі таңда Қордың қызмет берушілер тізімінде Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша 165 медицина ұйымы бар. Оның 82-сі жеке меншік. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Ал, 2019 жылы олардың саны тағы 10 пайызға артады деген болжам бар.

 

Биылғы тіркеу науқанына бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 67 ұйым қатысып жатыр. Мәселен, 2017 жылы бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге 57 медициналық мекеме белсенділік танытқан болатын. Яғни, биыл медициналық қызмет беруші ұйым қатарына 10 мекеме қосылды. Жалпы, Түркістан облысы бойынша 34 мекеме қатысуға ниеттерін білдірсе, оның 15-ін жеке меншік мекеме толықтырып отыр. Ал, Шымкент қаласы бойынша 33 мекеме қатысуда, жеке меншік – 17. Яғни, қала көлемінде тіркеу науқанында бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін жеке меншік мекемелердің саны жылдан-жылға артып отыр.

 

Үшінші өзгеріс – ерікті медициналық сақтандыру туралы келісімшарты бар азаматтардың емханалар желісіне тіркелуіне мүмкіндік беру. Бұл әсіресе, ылғи іс-сапарда жүретін немесе вахталық әдіспен жұмыс істейтін адамдар үшін өте қолайлы. Енді ерікті медициналық сақтандыру полисі бар азаматтар бір желіге кіретін кез-келген емхана қызметін пайдалана алады.

 

Бір айта кетерлігі, тіркеу науқаны ТМККК және МӘМС шеңберінде қызмет көрсетуден үміткер Денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорындағы медицина ұйымдарының арасында ғана өткізіледі.

 

Мәліметтер базасымен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми сайтындағы «Клиника таңдау» бөлімі арқылы танысуға болады.

 

Қазіргі таңда қазақстандықтар емханаға тіркеудің үш түрлі жолын пайдалана алады:

 

- таңдап алған емханаға тікелей бару арқылы,

 

- электронды үкімет порталы арқылы онлайн режимінде,

 

- Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы Connectіon poіnt бөлімі арқылы.

 

Емханаға барып тіркелу үшін жеке куәлік талап етіледі. Тіркеу бөлімінде емхананың бас дәрігері атына өтініш толтырасыз. Бұдан басқа құжаттың қажеті жоқ.

 

Отбасының өзге мүшелерін тіркеу үшін олардың жеке куәліктері мен жазбаша келісімі қажет (ересектер үшін). Ал, 18 жасқа толмаған тұлғаларды тіркеу үшін ата-аналардан (немесе баланың қамқоршысынан) жеке куәлік (немесе баланың атынан өкілдік ете алатынын растайтын құжат) пен баланың жеке құжаты талап етіледі.

 

Ал, egov.kz порталы арқылы емханаға тіркелу үшін жүйеге тіркелу қажет. Әрі қарай “Денсаулық сақтау” бөліміндегі “Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымына тіркелу” қызметін басасыз. Электронды өтінішті толтырасыз. Қызметтің нәтижесін Жеке кабинет арқылы білуге болады. Сондай-ақ, қазір қай емханада тіркеліп тұрғаныңызды да egov порталындағы Жеке кабинет арқылы анықтап біле аласыз. Егер бұрынғы емхана қызметі көңіліңізден шығатын болса қайта тіркелудің қажеті жоқ.

 

Тіркелудің үшінші жолы. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында Connectіon Poіnts деп аталатын бөлім болады. Ондағы кеңесшілер сізге электронды форматта тіркелу жолдарын түсіндіріп береді.

 

Диагноз газеті

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Емхана таңдау өз еркіңізде!