Ойыншық қауіпсіздігі өзекті мәселе
Бүгінгі таңда ел аумағында сырттан әкелінетін тауарлар саны күн санап артуда. Алайда бұл тауарлардың сапасы бүлдіршіндеріміздің өмірі мен денсаулығына қаншалықты қауіпсіз? Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнамасының бұзылушылығының алдын алу, анықтау, жолын кесу және нормативтік құқықтық актілердің, гигиеналық талаптар мен техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау мақсатында, 2019 жылдың наурыз айында Түркістан облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің аумақтық басқарма мамандарымен балалар ойыншықтарына, оның ішінде Қытай мемлекеті шығарған ойыншықтарына мониторинг жүргізген болатынбыз. Нәтижесінде, Түркістан қаласы, Тәукехан көшесі, н/ү орналасқан «Аяулым» ойыншықтар әлемі дүкенінен 13 ойыншықтан таңбалануы бойынша, оның ішінде «үлкен шахмат ойыншығы» бұйымының иісі 3,0 балл, формальдегид 0,16мг/дмі мөлшерде, «кішкентай шахмат ойыншығы» бұйымының иісі 3,0, формальдегид 0,14 мг/дмі мөлшерде ( норма бойынша формальдегид мөлшері 0,1 мг/дмі, ал бұйымның иісі 2,0 баллдан көп болмауы қажет), сонымен қатар «Holіday Game» камаз ойыншығының иісі 3,0 балл, ал «МАК-8» спорт машина ойыншығының иісі 3,0 балл мөлшерде екені анықталды (норма бойынша 2,0 балл). Тексеру қорытындысы бойынша ойыншықтар сатылымнан алынып, 166 дана, жалпы соммасы 244600 теңгені құрайтын ойыншықтар жеткізушіге кері қайтарылды. ҚР ӘҚБ К-нің 425-бап, 1-тармағына сәйкес, ЖК Байтурешовке 25250 тг көлемінде айыппұл салынды.
Біз елемей жүрген, қауіп-қатері «сүйкімді» түр-түсіне жасырынған, көрінбейтін жауларымыздан қалай қорғануға болатынын бөлісейік. «Балаларға арналған өнімдер мен бұйымдардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламентіне сәйкес, баланың денсаулығына немесе өміріне зиян келтірудің алдын алу үшін ойыншықтар бұйымның түріне қарай химиялық, механикалық, биологиялық, өрт, электр, термикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуі тиіс. Ойыншық аларда ең алдымен ойыншықтың қаптамасына, ондағы таңбалануға мән берген жөн. Таңбалаудың мазмұнында: құрамы, ойыншықты қолдану тәртібі, гигиеналық өңдеу тәсілі, ойыншықты қолдану барысында қауіпсіздік шаралары, ескертпе жазбалар, жинақтау бойынша нұсқаулық болуы қажет. Химиялық ойыншықтың қорапшасына «Назар аударыңыз! Тек ... жастан асқан балаларға арналған. Тек үлкендердің қадағалауымен ғана қолданыңыз!» деген жазу болуы қажет. Рұқсат етілген жас шамасына назар аударыңыз.
Кішкентай бүлдіршіндерге ең үлкен қауіп ойыншықтардың құрамындағы зиянды химиялық заттардың (формальдегид, фенол, бензол, стирол, винилхлорид және т.б.), ауыр металдардың концентрациясы (қорғасын, мырыш, күшән, сынап, хром, кобальт, никель) белгіленген мөлшерден асуынан болады. Дәмін тату арқылы баланың ағзасына, иммундық жүйесіне қауіп төніп, әр түрлі аллергиялық реакциялар тудырып қана қоймай, онымен қоса асқазан, ішек дерттеріне де ұшыратады екен. Мұндай жағдайды болдырмау үшін құрамындағы қоспаларды көрсететін сәйкестік сертификатын талап етіңіз. Одан бөлек, өз тарапыңыздан қауіптің алдын алу мақсатында сыртқы көрсеткіштеріне қарап ойыншықтың қауіптілік дәрежесін анықтай аласыз. Ол үшін:
- Әуелі ойыншықтың иісіне мән беріңіз. Резеңкенің әлсіз иісі рұқсат етіледі, алайда өткір йіс сезілсе қауіптеніңіз;
- Саусағыңызды сулап ойыншықты сүртіңіз, егер бояуы жұқса ойыншықты сөреге қайтарғаныңыз абзал.
Тағы ерекше ескере кететін жайт, ойыншықтың беріктігі. Мүмкіндігінше пластмассадан жасалынған ойыншықтарды алмауға тырысыңыз. Себебі, беріктігі төмен пластмасса сынғанда майда сынықтарға бөлініп, балаға қауіп төндіреді. Сонымен қатар, ойыншықтың жиектері, ұштары, серіппелері, бекітпелері баланы зақымдамайтындай болуы тиіс. Ойыншықтың түсіне де ден қойыңыз. Түсі табиғи түстерден ерекшеленбеуі керек. Өткір түстер баланың жүйке жүйесін зақымдап, нәтижесінде бала психологиялық тұрғыдан әлсіреп, мінез-құлық реакциясы нашарлап, ашуланшақ болады.
Ойланбастан түрлі ойыншықтарды сатып алған ата-ана балаларға қалай қауіп төнгенін де сезінбей қалуы мүмкін. Себебі, ойыншықтың қауіпсіздігі мен сапасына мән беретіндер саны аз. Дүкен сөрелерінде «мен мұндалап» жайғасқан түрлі түсті ойыншықтар көз сүріндіргенімен, олардың сапасын назардан тыс қалдыруға болмайды. Ойыншықтардың кейбірі балалардың денсаулығына, психологиясы мен дамуына кері әсер ететінін ескеріп, әрбір ата-ана бала қауіпсіздігін сақтауды ең бірінші орынға қою керек. Біздің мақсатымыз – дені сау, сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, білімді, мәдениетті ұрпақ тәрбиелеу. Бұл құндылықтарды біз әрқайсысымыз өз шаңырағымызда сіңіреміз. Сондықтан, құрметті ата-аналар, балапандарыңыздың өмірінің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамаңыздар. Сапалы, қауіпсіз ойыншықтардың бағасы қымбаттау, ал бағасы төмен ойыншықтардың сапасы да тым төмен екені сөзсіз. Алайда, ойыншықтарға үнемдеудің қажеті жоқ. Балаларыңыз Сіз бір сәттік қуаныш сыйлау үшін сатып алып берген ойыншықтармен ойнап, балалық шақтарын өткізеді. Дамушы еліміздің дамытушы болашағы – өскелең ұрпақтарымыздың өміріне жауапкершілікпен қарауға шақырамыз.
Диагноз газеті