Түркістан медицинасын жоғары бағалады

Screenshot_2.jpg

Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевпен бірге өңірдің бірқатар медициналық мекемелерін аралады. Алдымен Түркістан қалалық орталық емханасына бас сұқты. Облыста алғашқылардың бірі болып тұрғындарға қағазсыз қызмет көрсетуді бастаған емдеу мекемесінің қалай қызмет көрсететінін бақылады. Емхананың бас дәрігері Камагүл Мұсаходжаева жасалып жатқан жұмыстар барысын баяндады. Аталған емхана былтыр жыл қорытындысында цифландыруды енгізуде елімізде үздік деп танылып, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың өзі марапаттаған болатын. 

Вице-министр бастаған топ Марат Пашимов басшылық ететін облыстық клиникалық ауруханасының жұмысына, техникалық жабдықталуы мен ақ халаттылардың біліктілігіне жоғары баға берді. 

Жергілікті дәрігерлермен кездесу барысында вице-министр алдағы жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, биыл 1 маусымнан бастап ерекше сұранысқа ие мамандардың жалақысы өседі. Нәтижесінде, 29 мыңнан аса дәрігер, 90 мың орта қызметкер, 60 мыңға жуық кіші қызметкердің жалақысы ұлғаяды. Дәрігерлердің орташа жалақысы 146 мың теңгеге дейін, орта қызметкерлердің жалақысы 99 мыңға дейін, кіші қызметкерлердің жалақысы 63 мыңға дейін көбеймек. Бұл бағытқа биыл республикалық бюджеттен қосымша 1 млрд 800 млн теңге бөлінбек.

Ләззат Ақтаева айтуынша, қалада және ауылда инфрақұрылымды дамыту, амбулаториялық көмекке қолжетімді арттыру мақсатында 2021 жылға дейін алғашқы медициналық-санитариялық қызметтің 595 нысанын салу жоспарланған. Оның 18-і қалада, қалғаны ауылда болады.

– 2021 жылға қарай ауылдар медициналық-санитариялық алғашқы көмекпен 100 пайыз қамтылады. Сондай-ақ, аймақта 10 аурухана салынады. Осы мақсатта  республикалық бюджеттен 120 млрд теңге бөлінеді, – деді вице-министр.