МӘМС - бәсекелестікті арттырады

Screenshot_3.jpg

Бүгінгі денсаулық сақтауды дамытудың маңызды бағыттарының бірі алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметін күшейту және өңір тұрғындарын жалпы практика дәрігерлеріне қадамдық қолжетімділікпен қамтамасыз ету болып табылады. Осыған орай, Түркістан облысында 1981747 тұрғын тұрады. Жалпы, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 710 мекеме болса, оның ішінде 191 дәрігерлік амбулатория, 260 фельдшерлік амбулаториялық пункті және 211 медициналық пункті бар. Облыстағы медицина мекемелерінде 4993 дәрігер жұмыс істейді. 2019 жылы тағы 126 жалпы практика дәрігерінің учаскесін ашу жоспарлануда, бұл бір дәрігердің жүктемесін 1700 адамға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Түркістан облысында 73 мекеме тегін медициналық көмек көрсетеді. Медициналық сақтандыру қоры денсаулық сақтау нысандарымен келісімшарт бекітуді толық аятаған. Енді келісім жасасқан емханалар мен клиникалар кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде мемлекеттік тапсырысты орындайды. Жалпы өңірдегі мемлекеттік тапсырыстың 46 процентін жекеменшік, ал қалған 54 процентін мемлекеттік емханалар орындап отыр. Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі азаматтардың медициналық қызметке деген қолжетімділігін арттырады. Аталған жүйеге тіркелгендер келер жылдан бастап 20-ға жуық медициналық көмекті тегін ала алады.

МӘМС сақтандыру пакетіне, мемлекет тарапынан кепілдендірілген медициналық көмек пакетінен басқа, медициналық қызметтің кең көлемді тізімі – қызмет түрлері кіреді.  Бұл – емханалардағы медициналық қызмет түрлері, дәрігер қабылдаулары, түрлі зерттеулер, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, стационарлық ем ақысы. Бұдан басқа, сақтандырылған азаматтар үшін түрлі оталар, олардың ішінде қымбат тұратыны да, қолжетімді болмақ. Бүгіндері олар екі түрлі себеппен қол жетімді бола бермейді – мемлекет есебінен кезек көп, не өз есебінен төлеуге қалта көтермейді.

Дегенмен, МӘМС енгізудің ең басты пайдасы – бәсекелестік  есебінен медициналық қызмет сапасын арттыру мүмкіндігі. Қарапайым логика. Науқастар көп келетін білікті дәрігерлерді тарту арқылы пациенттерге ең жақсы қызмет көрсететін клиникаларға қаражат та көп бөлінеді, яғни олар көп табыс табады.  Ал азаматтар кейбір медициналық ұйымдардың аспандаған бағаларына қисынсыз қаражат жұмсамайды. Барлық шығындарды емдеу мекемелерімен жасалған шарт бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры көтереді. Жарна төлеушілерден Қорға түскен қаражаттың мақсатты да тиімді, орнымен жұмсалуы ерекше маңызды. Сондықтан толық және сапалы медициналық қызмет көрсету бірінші кезектегі міндет болмақ.


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: МӘМС - бәсекелестікті арттырады