Тәжірибе алаңына айналған мекеме

Screenshot_7.jpg

Бүгінде Денсаулық сақтау минстрлігімен мойындалған Түркістан қалалық орталық емхананың бас дәрігері Жанар Оспанованың айтуынша, емдеу мекемесі бүгінде Түркістан қаласының медицина мамандар үшін ғана емес, сонымен қатар облыстың денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлерді де үйрететін тәжірибе алмасу алаңына айналған. Мұнда тіпті жергілікті мамандарды үйретуге шетелдік дәрігерлер де қызығушылық танытуда. Шаһарға арнайы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың шақыртуымен Ричард Чарльздің келуі соның айғағы.  Өз ісінің үздігі Алабама штатындағы магистр, жедел медициналық көмек, жетілдірілген және тактикалық шұғыл медициналық көмек саласындағы кәсіби маман Түркістан қалалық емханасында американдық технология бойынша BLS, ALSD тақырыбы бойынша мастер-класс өткізде. Түркістан облысының фельдшерлері, медбикелері, реаниматологтары мен ЖТД дәрігерлері бұрын соңды болмаған мүмкіндікке ие болды. 

Ричард мырза алыс шетелден құр қол келмепті. Аты әлемге әйгілі дәрігер қазақ жеріне табан тірер бұрын, жергілікті ұлттың әдет-ғұрпы мен ерекшеліктері жайлы сұрастырып, біліп келгенін айтады. Жергілікті дәрігерлер үшін шетелдік қонақ әр түрлі медициналық муляждарды сыйға тартты. 

– Бүгінгі таңда алғашқы медициналық көмек көрсету адам өмірін құтқаруда басты рөлге ие. Америкалық әріптесіміз біздің дәрігерлерімізге бұл технологияны соңғы халықаралық стандарттар бойынша оқытатын болады. Яғни, қиын жағдайларда шұғыл көмек көрсету бойынша дәрігерлеріміздің кәсіби деңгейі одан да жоғары болады деген сөз. Елбасы тапсырмасына сай келешекте туристік орталыққа айналатын Түркістан қаласында медицина мамандары саяхатшыларға, шипа іздеген шетелдіктерге де дәрігерлік көмек көрсете алатындай болуы үшін мұндай тәжірибе алмасулардың маңызы зор. Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен Ричард мырза ағылшын тілін білетін 4 маманымызды өзімен бірге АҚШ-қа алып барып, тегін оқытатпақ. Олар өз кезегінде елге келген соң отандастарына практикада көрген-білгенін үйрететін болады, – дейді Жанар Мықтыбекқызы.

Ричард Чарльз – фельдшер, реаниматолог, халықаралық деңгейдегі нұсқаушы және жаттықтырушы, Алабама штатында медициналық көмек корпорациясында жұмыс істейді. 22 жылдан астам уақыт ішінде доктор АҚШ-тан тыс елдерде мастер-класстар өткізіп жүрген маман. 

– Қазақстанға алғаш рет келдім. Түркістан маған қатты ұнады. Тарихи ескерткіштерге бай, көне шаһарлары бар сіздің халық бақытты екен. Ата-баба руһын сезіне алатындай осындай тамаша аймақта тұрып жатқан халықтың жолы болғыш деп ойлаймын. Мені дәрігерлердің кәсібилік деңгейі де қуантты. Менің мақсатым – мейлінше көп маманға адам өмірін сақтауға үйрету, – дейді Ричард.

Осындай әлеуеті бар Түркістан тарихи орындарымен ғана емес, медицинасымен де туризм орталығына айналатын күн алыс емес.


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Тәжірибе алаңына айналған мекеме