Туберкулездің таралуы азайып келеді

Screenshot_9.jpg

Статистикалық деректер бойынша Түркістан облысында 22 мыңнан астам мейірбике бар. Олардың 380-ге жуығы Түркістан облыстық туберкулезге қарсы диспансерінде қызмет етуде. Дәрігерлердің көмекшілерін төл мерекесімен құттықтаған диспансердің бас дәрігері Болатхан Сағымбеков 5 медбикенің кеудесіне «Нұр-Қуат» қоғамдық бірлестігінің «Үздік мейірбике» медалін тақты. Үздік мейірбикелердің қатарында жансақтау бөлімінің медбикесі Халида  Тасқұлова, ІІІ терапияның  медбикесі Сәуле Төржанова, жалпы емхана бөлімінің медбикесі Шолпан Айшова, қосымша бөлімінің медбикесі Гүлсара Ақжігітова және  ІІ терапия бөлімінің медбикесі Раиса Төлемісова бар. 

Бас дәрігер шара барысында ресми деректерді келтіре келе туберкулез ауруымен күрес жолында мейірбикелердің де төккен терінің барын атап өтті. Ресми деректерге сүйенсек, 2018 жылы Түркістан облысында жаңа жағдаймен туберкулез ауруы бойынша 746 пациент тіркеліп, 100 мың тұрғынға есептегенде, алдыңғы жылмен салыстырғанда 51,9-дан 37,8-ге дейін төмендеген. Халықтың арасында туберкулездің таралуы 25,8 пайызға азайған. Емін сәтті аяқтап диспансерлік есептің белсенді емес тобында тұратын пациенттің саны – 1432. Бұл көрсеткіш өзге аймақтармен салыстырғанда төмен дейді салаға жауаптылар.

Отыз бес жылға жуық осы саланың ыстығы мен суығына төзіп келе жатқан диспансердің бас мейірбикесі Жұпаркүл Наурызбаева мейірбикелердің жұмысы оңай еместігін айтады. 

– Бізде науқастар психологиялық тұрғыдан ауру екеніне сенбей келеді, ауруларын асқындырып келеді. Туған-туысқандары білмесін деп жасырынып келеді. Мұндай жағдайда мейірбикелеріміз науқастарға ем-дом жүргізумен қатар жылы сөздерін аямай, психологиялық көмек көрсетіп жатады, – дейді Жұпаркүл Ташкенбайқызы. Бас мейірбикенің айтуынша әр салада қызмет ететін мейірбикелер әрдайым ізденіс үстінде жүру керек дейді. 

Мерекелік шара кезінде сондай-ақ бірқатар мейірбикелер алғыс хатпен марапатталса, қалған біразы табиғаты тамаша Бурабай шипажайына жолдама алды. Сый-сияпат мұнымен біткен жоқ. Мекеме басшысы жауапкершілігі көп, жүктемесі ауыр мейірбикелерді ынталандыру мақсатында 127 медбикеге 50 мың теңгеден сыйақы тағайындады. Жалпы құрт ауруымен күресіп келе жатқан мекеме мейірбикелердің әлеуетін көтеруге баса назар аударып, оларды ынталандырып отыру дәстүрге айналған. Атап айтқанда, жыл сайын кәсібилігімен көзге түскен медбикелер түрлі шипажайларға барып, қосымша ем алып келеді. Көп балалы аналарға, яғни мамандарға жыл сайын сыйақының берілуі де осының дәлелі. Сондай-ақ тұрмысы төмен отбасыларға жылына екі рет әлеуметтік көмек көрсетіліп тұрады. Мәселен, өткен жылы 74   орта медицина қызметкері осындай әлеуметтік көмекке ие болған. 

        Айта кетейік, бүгінгі таңда облыстық туберкулезге қарсы диспансерде 380-нен астам орта буынды медицина қызметкері жұмыс істейді. Олардың 77,5 пайызы түрлі санаттарға ие. Диспансерде 7 терапия бөлімі, хирургия, жансақтау, балалар және жасөспірімдер, мәжбүрлеп емдеу және созылмалы аурумен ауыратын науқастар бөлімі, сонымен қатар қабылдау бөлімі, емхана, рентген, бактериологиялық, клиникалық, физиотерапия бөлімі қарастырылған. 


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Туберкулездің таралуы азайып келеді