Медицина мамандары енді ағылшын тілінде сөйлейді

Screenshot_10.jpg

Түркістан жоғары медициналық колледжінде оқытушылар үшін арнайы ағылшын тілі клубы жұмыс істейді. Жуырда тілдер пәндері бойынша ЦӘК-тің ағылшын тілі пәнінің оқытушылары, «English club» жетекшілері Айжан Қалдыбекова, Ақбота Нурсейтованың аталысуымен онлайн түрінде шет тілі мәдениетіне оқытудың коммуникациялық технологиясын пайдалана отырып, жас оқытушылардың атсалысуымен жоғары деңгейде үйірменің ашық отырысы өткізілді. Жиынға  хирургия, педиатрия, дене тәрбиесі, терапия және тағы басқа ЦӘК-тердің ағылшын тілін меңгерген белсенді оқытушылары қатысты. Онлайн режимде ұйымдастырылған шараны республикадағы 22 колледж тамашалады.  Ұжым осылайша  дәрігер-оқытушыларды шет тілін үйренуге, оңай меңгеруге атсалысып жүр. 

 «Түркістанда медицина туризмі өркендейтініне сенемін. Өйткені медицина мамандарының да қызмет көрсету сапасы жылдан жылға жақсарып келеді. Мейіргер ісін бітірген түлектеріміз жаңа форматты маман болып, жаңаша көзқараспен халық денсаулығына өз пайдасын тигізетіндігі сөзсіз. Ең бастысы, диагнозды дәл қойып, пациенттің сырқатын дөп басып айтатын әрі ауруынан айықтыратын білікті денсаулық сақтау мамандары медициналық туризмнің жандануына себеп бола алады. Сондықтан қаламызға келген туристер науқастанып қалған жағдайда онымен тілдесе білу, онымен еркін әңгімелесу бастапқы медициналық көмек көрсететін мейіргердің міндеті болуы керек. Бұл бір жағынан шетелден келген адамға түркістандықтардың көмегі болып есептеледі, өйткені ол аудармашы жалдап әуре болмайды. Әйтпесе басқа елге емделуге барғандар көбінесе тіл білмей, аудармашы жалдап, екі есе шығындалып қалатынын естіп, біліп жүрміз. Біздің шәкірттеріміз тек Түркістанда ғана емес, облыстағы сауықтыру орындарында да жемісті еңбек етуде. Ал алдағы уақытта олар шет тілінде де қарым-қатынас жасап, емделушілердің көңілінен шыға алатын болады. Біздің негізгі мақсатымыз да осы – сапалы дәрігерлік көмек көрсете алу арқылы медицина туризмін дамытуға тамшыдай болса да өз үлесімізді қосу, – дейді Түркістан жоғары медицина колледжінің директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Каналбайқызы.