Бас хирург Түркістанда ота жасады

Screenshot_11.jpg

Түркістан облысының дәрігерлері облыс орталығында бұрын соңды жасалмаған оталарды қолға ала бастады. Жақында Түркістан шаһарына ат басын тіреген А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының басқарма төрағасы Болатбек Баймаханов қалалық орталық аурухананың базасында жергілікті мамандармен бірге 4 операция жасады. Күрделі оталарды жасаудың ұңғыл-шұңғылын практикада үйреткен хирург-трансплантолог екі күн лекция оқып, мастер-кластар өткізді. Бұрын мұндай оталарды жасату үшін Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына сабылатын облыс тұрғындары енді Түркістанда да хирургиялық ем қабылдайтын болды.  

«Облыс орталығы Түркістанға көшкеннен кейін облыс деңгейінде көмек көрсететін тиісті емдеу мекемелері болу керек. Оның ішінде хирургия саласы да бар. Келешекте хирургия саласы мен жоғары мамандандырылған көмекті халыққа жақындату үшін осында диагностикалық тәсілдерді, жаңа  емдеу тәсілдерін енгіземіз», - деді Б. Баймаханов.  

Еліміздің бас хирургінің айтуынша, бұл бір күндік акция емес.  А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының басшылығы келешекте облыстық Денсаулық сақтау басқармасымен меморандум түзіп, Түркістан облысының хирургиясын дамытуды көздейді. Осы мақсаттағы семинардың алғашқы күні күрделі отаға ұласты.  

«Бүгін болатын операция ұйқы безінің ісігі. Соған байланысты бірден бес мүше алынады: асқазан, ішек, ұйқы безінің 50 пайызы, аш ішек, өт жолдары. Бұл өте қиын операциялардың бірі. Соңғы кезде іш құрылысына байланысты, өт қабынуы, тас пайда болуына байланысты оталар көбейді. Бұл операцияларға қаржыны Үкімет бөлетіндіктен, операциялар тегін жасалады», - деді басқарма төрағасы ота алдында берген брифингінде.

Екі күнде семинар барысында  А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы мен қалалық орталық аурухана арасында келісім жасалды. Осы келісім бойынша таяуда түркістандық дәрігерлер тәжірибе алмасу үшін Алматыға аттанады. 

Айта кетейік, қалалық орталық аурухана мен хирургиялық зерттеу орталығы арасында келісім жасалды. Енді түркістандық дәрігерлер үнемі білімін жетілдіріп отырады. Жақын арада жергілікті хирургтарды тәжірибе алмасу үшін Алматыға жіберу жоспарланып отыр. 




®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Бас хирург Түркістанда ота жасады