«Фастфуд» зиян ба?

1432295739268_14322957392998.jpg

 «Fast food» өткен ғасырдың 80-90 жылдары «жүгіріп жүріп тамақтану» деген атпен бүкіл әлемге танылды. Қазіргі уақытта жылдам дайындалатын донер, шаурма, чикен, қуырылған картоп және түрлі газдалған сусындар көп-ақ. Бірақ, олардың сапасы мен құрамына көңіл аударып қараған біреу жоқ.

 

 Қарапайым тілмен айтқанда ақшаға ауру сатып алып жатқан сияқтымыз. Тез дайындалатын осындай тағамдардың зиянын білмекке ұмтылдық.

 

– Қазіргі таңда тез дайындалатын тағам ретінде гамбургерлер, шаурма, сэндвичтер, пицца, чебурек, чипсылардың «дәуірі» жүріп тұр. Тұтынушылар бұл тағамдардың зияны туралы білмей, біреулері күнде қолданса, басқалары анда-санда пайдаланатыны анық. Әсіресе жастар, студенттер арасында осы тағамдарды қолдану кең таралған. Барлық «фаст-фудтардың» құрамында көп мөлшерде калория бар. Өйткені майлы ет, майлар, майонез, трансгенді майлар қосылып дайындалады. Оған қоса, бірқатар жастар бұл тағамды құрамында қанты көп газдалған тәтті сусынмен бірге ішеді. Сонымен қатар, тез дайындалатын бұл ас түрі  бұзылмау үшін көп мөлшерде консерванттар, тұз, өнімнің дәмін және иісін жақсарту мақсатында түрлі тағамдық, химиялық қоспалар қосады, – дейді Шымкент қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы Сәуле Махатова.

 

Оның айтуынша, «Фастфудтағы» химиялық қоспалардың бәрі әр түрлі ауруларды тұдыратыны дәлелделген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, бүгінде кең таралған созылмалы жұқпалы емес аурулардың – инфаркт, инсульт, қант диабеті, семіздік, қатерлі ісіктер, асқазан-ішек жолдарының бұзылуы және тағы басқа да дерттердің дамуының себептерінің бірі осы дұрыс тамақтанбау, тез дайындалатын тағамдарды, фастфудттарды, тәтті газдалған, газдалмаған сусындарды қолдану, қант пен тұздың мөлшері жоғары болатын өнімдерді артық тұтыну, көкөністер мен жемістерді жеткіліксіз қолдану болып табылады. Мұндай тамақтанудан әсіресе балалар қатты зардап шегеді екен. Оған дәлел ретінде Қазақ тамақтану академиясының 2014-2017 жылдары жүргізген ұлттық зерттеудің нәтижесін келтіруге болады: 5-9 жастағы қазақстандық балалардың 17,6 пайызында және 10-14 жастағы балалардың 15 пайызында артық дене салмағы және семіздік анықталған. Сондықтан да маман балаңызды кішкентайынан дәмді, денсаулыққа пайдалы тағамдар дайындалған үстел басында бүкіл отбасымен жиналып тамақтану дәстүріне үйретуге шақырады.

 

Ары қарай «фастфуд» өнімдері сатылатын көшелерді араладым. Байқағаным көбінесе 14-16 жастағы жасөспірімдер осы асқа құмар. Еліктіргіш қасиеті бар ма, бір жесеңіз арыла алмайсыз. 18 жастағы Перизат Маратқызы да солай дейді. Оның айтуынша, бұл тағам түрін жақсы көрмейтін адам жоқ. Тіпті, жылдам әрі дәмді дайындалатындықтан асты достарымен бірге қорек ететінін де жасырмады. «Денсаулыққа зиян, семіздік ауруына әкеледі деп қорықпайсың ба?» деген сауалымызға жауабы да дайын екен.

 

– Семіздіктің алдын алатын түрлі жаттығулар бар. Зиян болмас үшін күнде емес, сирек тұтынамын, – дейді ол.

 

Ал, сіз ше, қалай ойлайсыз?

 

Диагноз газеті

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: «Фастфуд» зиян ба?