Таргетті препараттар қолданысқа енуде

Screenshot_12121212131.jpg

Онколог дәрігерлерден құралған топ өңір мамандарына ғылыми әдістемелік, тәжірибелік көмек көрсету мақсатында келген. Қатерлі ісікпен ауырған науқастарға сырқаттың ауру тарихын, емдеу әдісін көріп, консультациялық көмек берді. Өкпедегі обыр тек елімізде емес, дүние жүзіндегі ең өзекті проблемаға айналған.

Бұл ауру бірінші кезекте ер кісілерде көбірек кездеседі. Оған бірден бір себеп – темекі. Екінші – қоршаған ортаның экологиялық таза болмауы, үшінші – химиялық қосындылары бар өндірістік орындарда жұмыс істеу.

Статистика бойынша екінші кезекте емшек бездері бойынша сырқаттанған әйелдер тұр. Бүгінге дейін қатерлі ісікті емдеудің жаңа әдістері пайдаланылып, аталған сырқатпен ауыратындар емделіп, өмірін сақтауға мүмкіндік туып келеді. Онкологиялық орталықтарда зертханалар жаңартылып жатыр. Заманауи таргетті емдеу түрі әсіресе жағдайы ауыр, ішкі органдарында метостазға айналып кеткен науқастардың жақсаруына оң әсер етеді. Орталық жүйке жүйелерінің қалыпқа келуіне де жақсы нәтиже береді.

Аталған институттың химиотерапиялық кеңесінің төрағасы Рамиль Абдрахманов өкпедегі қатерлі ісік ауруларын емдеудің диагностикалық түрі қолға алынып жатқанын, бірақ Шығыс Қазақстан мен  Павлодарда бұл ауру түрі өте көп кездесетінін айтады. Эндоскопиялық түрде яғни денені тілмей ота жасау түрі елімізде өте белсенді түрде іске асуда. Бұның экономикалық тиімділігі бар. Науқас ота жасаған соң аурухана төсегінде жатпайды. Бұрын барлық ауруларды  бір уақытта  емдеуге кірісетін. Ал қазір әрқайсысына жекелеп ем-тәсілді түсіндіруге мүмкіндік туған. Яғни, әр науқасқа жеке персоналды түрде қызмет көрсетіліп келеді.  Егер, өкпедегі обыр дертімен үш сырқат келетін болса, үшеуіне үш түрлі ем жазылады. Алматылық дәрігерлер осы әдістерді көрсетіп, тәжірибе алмасуға келіпті. 

– Біз әр аймаққа «супер» заманауи зертхана ашуды мақсат еткен жоқпыз. Бұл қаржылық тұрғыдан шығын, әрі оған білікті мамандар, қажетті құралдар  керек. Сондықтан, кешенді жоспар аясында елімізде енгізіліп жатқан онкологиялық ауруларды емдеудің жаңа тәсілдерін кеңірек қолдануға мүмкіндік туғанын көрсетеміз. Мұның бәрі Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен іске асуда. Жақында мамандандырылған референс зертхана ашамыз. Ол бірнеше аймақтарды қамтиды. Бұл зертхана мамандары барлық аймақтардағы ауру түрлерін емдеуге бағыт береді, – дейді Рамиль Зуфарұлы.  

Маманның айтуынша, өкпе обырына шалдыққан адамдарды таргетті түрде емдеу жаңадан қолға алынуда. Ол препараттар таблетка күйінде пайдаланылады. Емделушілер үшін өте ыңғайлы. Науқастар емханаға жатпайды. Ійінде жүріп, ем қабылдай береді. Екіншіден, таргетті препараттардың химиялық терапиялық емдеумен салыстырғанда денсаулыққа зияны аз. Әрі осы түрімен ұзағырақ емделіп, өмірін ұзарта алады. Аталған таргетті препараттар америкалық және еуропалық онколог - дәрігерлердің ұсыныстарымен енгізіліп жатыр.