Қариялар да жарысты

       Screenshot_17.jpg  

Түркістанда тұңғыш рет «Түркістаным-Тұраным» атты бұқаралық марафон өтті. Жарысқа  1000-нан аса тұрғын қатысып, жүлделерді өзара бөліске салды. Жүгіру сайысы бойынша бақ сынаушыларға алдымен облыстық спорт және дене тәрбиесі басқармасының басшысы Полат Қырықбаев сәттілік тілеп, бұқаралық шараның салауатты өмір салтын сақтау және туристік мүмкіндіктерді арттыру жолындағы маңызы жоғары екендігін де атап өтті. Қатысушылардың алды таңғы жетіден бастап жинала бастады. Жүгіру алдында дене шынықтырып, жаттығулар жасады. Марафон «Парасат» саябағынан басталып, Қазыбек би көшесі арқылы Есімхан алаңында аяқталды. Жалпы, 5 шақырымды құрайтын бұқаралық спорттық шараға үлкендерден бастап, кішкентай бүлдіршіндер де қатысты. Алғаш болып жарыс жолына балалар шықты. Қатысушылар аптап ыстыққа қарамастан белгіленген межені бағындырды. Мәреге жақындағанда жылдамдық та арта түсері анық. Әрине, бірінші болуды кім қаламайды дейсіз? Тартысқа толы бәсекеде кентаулық Ардачер Захитдинов жүзден жүйрік шықты. Ол қарсыластарын артқа тастап мықтылығын дәлелдеді. Ал, екінші орынды Ақтілек Құралбай иеленсе, үшінші орынды Бақдаулет Абдужамал еншіледі. Одан бөлек марафонға қатысқан ең жас  спортшы мен жасы 70-тен асқан 5 марафоншыға ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар берілді. 

-  Жастайымыздан спортпен айналысып, аудандық облыстық жарыстарға қатыстық. Денсаулықтың арқасында осындай жасқа жетіп жатырмыз. Жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын. Марафон жылдан жылға жалғасын тапса деймін. Бұл жерде бастысы жүлде емес, жарысқа қатысып денсаулықты шыңдай түсу, - дейді марафонға қатысушы 70 жастағы қария Рысқұлбек Қалмырзаев. 

         Марафонда қауіпсіздік шараларына да тыңғылықты ден қойылған. Тәртіп сақшылары мен жедел жәрдем көліктері саны артқан. Алғашқы көмек көрсету жұмыстарына да баса мән берілген. Түркістан облысының құрылуына орай тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған марафон кедешекте де жалғасын таппақ. Келесі жылы марафонға қатысушылар саны бұл көрсеткіштен екі еселенеді деп күтілуде. 


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Қариялар да жарысты