Дәрігерлер тұрғындарға үлгі болды
Түркістанда медицина қызметкерлерінің арасында «Дені сау дәрігер – дені сау пациент» облыстық спартакиадасы өтті. Оған аудан, қалалардан жиналған ақ халаттылар қатысты.
Мұндағы спартакиадаға қатысушыларды ортақ іс - медицина біріктіреді. Бүгін олар үйреншікті ақ халаттарын жаттығу киіміне, ал емхананы спорт алаңына алмастырды. Осылайша, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында жарыс додасына түсті. «Іс-шараның мақсаты – медицина қызметкерлері арасында жеткілікті дене белсенділігін, өз денсаулықтарына ортақ жауапкершіліктерін арттыру, сонымен қатар халық арасында дене белсенділігі мен спортты насихаттауда үлгі болуға шақыру»,- дейді Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Салтанат Жамалова.
Спартакиада да шағын футболдан 8 волейбол және арқан тартудан 6 командадан қатысты.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Естай Жақаев жастайынан футболға қызығатынын, бұл күні сүйікті спорт ойынына қатысуға мүмкіндік алғанын айтады.
Медицина ұйымдарының жарысы қаладағы «Қайрат» спорт кешенінде өтті. Жеңімпаз командалар кәсіподақ тарапынан арнайы сыйлық пен марапаттарға ие болды.