Патронаждық қызмет жайын талқылады
Отырар аудандық орталық ауруханасында Түркістан облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының ана мен бала бөлімі бас маманы Нұрхан Нарымбетованың қатысуымен патронаждық қызметтің әмбебап прогрессивті моделін енгізу бойынша семинар тренинг өткізілді. Тренингтің негізгі мақсаты – жүкті әйелдер мен 5 жасқа толмаған балалары бар отбасыларға патронаж қызметтерін көрсетудің әмбебап-озық үлгісін енгізу. Бұл үлгі Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп Қазақстандағы Біріккен Ұлттар ұйымындағы Балалар қорының (ЮНИСЕФ) қолдауымен әзірленіп, сынақтан өткізілген.
Үлгінің әдістемесі тәуекелдерді алдын-ала анықтау, жүкті әйелдерге және 5 жасқа толмаған балаларға үйлеріне барып сапалы күтім жасау және антенаталдық күтім көрсету арқылы балалардың өлімі және ауруларын азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, патронажды күтім жасаудың жаңа үлгісі медициналық мен әлеуметтік қызметкерлерге баланың және оның отбасының қажеттіліктерін жақсырақ түсініп, бағалауға және анықтауға көмектеседі.
Бүгінде Отырар аудандық ауруханасының 22 жалпы тәжірибелі дәрігері «Ерте жастағы балаларға патронаждық қызметтің әмбебап прогрессивті үлгісін енгізу» бағдарламасы бойынша білімін жетілдірсе, 49 орта буын медициналық қызметкері ИКАТ (ауру бала күтімі) , «Патронаждық қызметтің әмбебап прогрессивті моделі» бағдарламасы бойынша «Ерте жастағы балалардың дамуы», «Ерте жастағы балалардың және жүкті әйелдер патронажының әмбебап прогрессивті моделі» тақырыптарында білімдерін жетілдіріп, дәрігерлік қызметтерін жалғастыруда.