Көзі ауырғандар Нұр-Сұлтан, Алматыға сабылмайды

Screenshot_29.jpg  

Түркістан қалалық орталық ауруханасы базасындағы көз микрохирургия бөлімшесінің соңғы үлгідегі медициналық құралдармен жабдықталуы медициналық туризмді қалыптастыруға жасалған алғашқы қадамдардың бірі.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, дүниежүзіндегі әрбір үшінші адамның көзінде кінәрат бар екен. Жас ұлғайғанда пайда болатын көз бұршағының бұлдырап, қарауытып, ағаруымен сипатталатын көз ауруы – катаракта. Көзіңізде катаракта байқалса ота жасатамын деп енді сыртқа сабылмайсыз. Өйткені мұндай дәрігерлік көмекке облыс тұрғындары Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларына бармай-ақ Түркістанда қол жеткізе алады. Туристер де солай етсе болады. Жоғарыда атап айтқанымыздай, оған соңғы үлгідегі медициналық құралдармен жабдықталған Түркістан қалалық орталық ауруханасы дайын. Бірер жылда Үкіметтік деңгейде қолға алынып, Түркия мамандары құрылысын жүргізуді бастаған көпбейінді аурухана пайдалануға берілгенде медициналық сервис жақсарып, медициналық туризмнің жандана түсері сөзсіз. Сұраныс та артады. Ал, әзірге қалалық аурухананың базасында бар болғаны 2,5 милиметр кескінмен 7-10 минут ішінде операция жасатып, көзіңіздің көру деңгейін 100 пайызға дейін жақсартуға болады.

– Бұрын көз ауруына тілу, кесу арқылы операция жасалатын. Ол сол сәтте жақсы нәтиже бергенмен бірте-бірте адамның көру қабілетінің төмендеуіне әкеліп соғады. Ал, қазір заман талабына сай жаңа құрылғылар бар. Лазермен науқасқа еш зиянсыз ота жасауға болады. Нәтижесін де бірден байқауға болады. Катарактаға шалдығатындардың көбі 50 жастан асқандар. Бұл дерт жанардың ішіндегі кристальниктің бұлдырлануынан туындайды, – дейді көз микрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Асқар Ауашев.

Орталықта бір аптаның ішінде 5 адамға ота жасалыпты.