Дәрі-дәрмек қатаң бақыланады

890e49843088d893881bfb55af5c25fc_XL.jpg

 Шымкент қалалық диагностикалық орталығы бас дәрігерінің орынбасары А.Саймасаеваның айтуынша, жыл соңында іске қосылатын бұл жоба кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу процесін жетілдіруді көздейді.
– 2018 жылдың басында Медициналық сақтандыру қоры кепілдендірілген тегін көмек пакеті шеңберінде берілетін дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарына ақы төлеу тәртібін өзгертті. Яғни, бұрын дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдар ақысы дәрігер жазған рецепт бойынша төленіп келген болса, енді дәрі-дәрмек қолма-қол берілген рецептілерге ғана төленеді,  – дейді бас дәрігердің орынбасары.
Саймасаевның сөзіне сүйенсек, пациент дәріні алған кезде тиісті құжаттарға қол қояды. Содан кейін төлем туралы мәлімет «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Ендігі кезеңде бақылау жүйесіне пациенттердің өздерін тарту көзделген.
Осыған орай тегін дәрі-дәрмек беру барысын бақылаудың жаңа жүйесі іске қосылды. Дәлірек айтсақ, Денсаулық сақтау министрлігі, МСҚ мен «СК-Фармация» ЖШС бірлесіп SMS-хабарлама жүйесін іске қосты. Хабарлама қараша-желтоқсан айларында тегін дәрі-дәрмек алғандар тізіміне енген науқастарға жіберіледі. Жоспар бойынша хабарлама рецептілерде көрсетілген 3 млн нөмірге түсуі тиіс.
Хабарламада дәрі-дәрмектің берілген күні мен атауы көрсетіледі. Егер пациент препараттарды алмаған болса, SMS-хабарламаға жауап ретінде «0» цифрын жолдайды немесе «СК-Фармация» ЖШС 1439 байланыс нөміріне қоңырау шалуға болады. Айта кетерлігі, пациенттердің амбулаторлық карталарында көрсетілген телефон нөмірлері қате болуы мүмкін.
Сол себепті SMS-хабарламаны бәріне барады деу қиын. Сондықтан «СК-Фармацияның» байланыс орталығына шағымдануға болатынын еске салғымыз келеді.
Алынған мәліметтер сарапталып, әр факті жеке-жеке тексеріледі. Анықталған заң бұзушылықтар ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Қоғамдық денсаулық сақтау комитетіне жолданады. Хабарлама нәтижесі мен ақпараттық жүйедегі мәліметтер арасында айтарлықтай алшақтық табылып жатса, жоба мерзімі ұзартылады. Сонымен қатар, болашақта ол кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде көрсетілетін өзге де қызметтерге қолданылуы мүмкін.
МСҚ республикалық бюджеттен қаржыландырылатын тегін медициналық көмек (ТМКК) пакетінің және жұмыс берушілер, азаматтар мен мемлекет жарнасы есебінен қаржыландырылатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакетінің операторы. ТМККК пакеті шеңберінде көрсетілген қызмет ақысын былтырдың басынан бастап Қор төлеп келеді. Ал МӘМС пакеті бойынша қызмет көрсету 2020 жылы басталмақ.
Бұған дейін шілде айының басында Шымкентке арнайы ат басын бұрған Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрайымы Ляззат Бюрабекова мен СК «Фармация» ЖШМ төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріп ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте министрлік тарапынан дәрі-дәрмектердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау күшейтілтілгенін мәлімдеген болатын. Жиынға қаладағы мемлекеттік, жекеменшік денсаулық ұйымдарының басшылары түгел қатысқан еді.
– Дәрінің бағаларын реттеу, дәрі-дәрмектерді рецептімен сату және контрабандаға қарсы күресті күшейту бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілді. Қазіргі кезде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін дамытудың бес негізгі қадамы әзірленді, – деп еді Л.Бюрабекова.
Комитет төрайымы, сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің арасында жиі кездесетін дәрі-дәрмекпен айналысатын компаниялардың препараттарын «өткізіп» беру жағдайына тоқталған болатын.
– Медицина қызметкерлері арасында дәрілік заттар жарнамасына қатысу не оларды жұмыс орнында өткізу, азаматтарды белгілі дәріхана ұйымдарына жіберу, олармен ынтымақтастық орнату жағдайлары болса, кінәлілерге заңмен шара көріледі. Бұл жағдайда маман сертификатынан айрылып, 80 АЕК-тен бастап 300 АЕК-ке дейін айыппұл төлейді, – деді спикер.
Шымкентте өткен жылы 7 дәріханада Қазақстанда тіркелмеген және қауіпсіздігі айқындалмаған 298 препарат сату фактісі тіркелген.
Ал СК «Фармация» ЖШМ төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріптің сайтуынша, Шымкентте биылға құны 4,8 млрд теңгені құрайтын амбулаториялық дәрімен қамтамасыз етуге ұсыныс түскен.
– Елімізде тіркелген және қауіпсіздігі сақталған кез келген препараттың қорабындағы нұсқама қазақ тілінде жазылады. Осы арқылы дәрінің жалған еместігін ажыратуға болады. Тегін амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша ақпарат алу үшін Саll-орталық іске қосылды. Осы орталыққа 1439 қысқа нөмірі арқылы хабарласып, тегін босатылатын дәрілер жайында кез-келген ақпаратты білуге және шағымдануға болады, – деді Б.Шәріп.
Бұдан бөлек, шілде айынан бастап DariKz мобильді қосымшасының көмегімен тіркелген дәрі-дәрмектер, бағасы, дәріханаларда сату шарттары және қолдану жөніндегі нұсқаулықпен толық танысуға болады.

Диагноз газеті

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Дәрі-дәрмек қатаң бақыланады