Тегін медицинаға көп басымдық беріледі

d1c2d5290b5b6d9ac8ec011402042d12.jpg

         2020-2022 жылдарға арналған бюджет жобасында 2020 жылы медициналық көмекке жұмсалатын қаржы 1 трлн. 620 млрд теңге деп белгіленген. Бұл – биылғы бюджеттен 67 пайызға көп. Аталған қаржының 967,7 млрд. теңгесі тегін медициналық көмекке, 652,8 млрд. теңгесі – сақтандыру пакеті бойынша көрсетілетін қызметтерге жұмсалады.

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржыны ішкі жалпы өнімнің 5 пайызына жеткізу туралы тапсырма берген болатын. Ол да медицина саласын нығайтуға септігін тигізеді. Бірақ, бұл міндетті медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін саладағы қаржы тапшылығы мәселесі бірден шешімін табады деген сөз емес. Соның ішінде медициналық қызметтерді көп пайдаланатын балалар үлесі 2,4 пайызға, қарттар үлесі 4 пайызға көбейеді. Оған үнемі қымбаттап отыратын технологиялардың бағасын қосыңыз. Бұл жұртшылықтың денсаулық сақтауға жұмсайтын жеке шығындарының өсуіне ықпал етері сөзсіз.

Медициналық сақтандыру қоры – 2018 жылдан бастап тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттерінің қаржылық операторы. Яғни, халыққа көрсетілетін медициналық қызметтерді ҚР Үкіметі бекіткен тәртіп бойынша сатып алады. Осыған орай, биыл қормен келісімшарт бекіткен жеткізуші компанияларға 487 млрд теңге төленді. Бұл кепілдендірілген медициналық көмек пакеті шеңберінде бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасының 54,8 пайызын құрайды. 

2019 жылы МСҚ кепілдендірілген көмек түрлерін көрсетуге құлшыныс білдірген медицина ұйымдарымен 889 млрд теңгенің келісімшартын бекіткен болатын. Бұл өткен жылы бөлінген қаржыдан 6 пайызға артық. Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті.

Биыл мемлекеттік тапсырысты орындауға республика бойынша 1416 медицина ұйымы атсалысып жатыр. Оның ішінде 708 жекеменшік клиника да бар. Өткен жылғымен салыстырғанда олардың саны 64-ке артқан.
Мемлекеттен тапсырыс алған жеке меншік клиникалар саны жағынан Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қызылорда және Жамбыл облыстары көш бастап тұр.

Диагноз газеті