БЖТ жаңа салық түрі емес
БЖТ жаңа салық түрі емес, бұл төлемнің төрт түрін, яғни жеке табыс салығын, әлеуметтік және медициналық сақтандыру қорларына, сондай-ақ бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударымдар жасауға жағдай туғызады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Бірыңғай жиынтық төлем енгізуді тапсырған болатын. Президент өз сөзінде ең маңызды мәселелердің бірі – өзін өзі жұмыспен қамтушыларды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тарту екенін атап өтті. «Табысынан ешқандай төлем жасамайтындар бар және тиісінше, олар зейнетақы жүйесімен және әлеуметтік қолдау шараларымен толыққанды қамтылмаған. Осыған байланысты қажетті заңнамалық өзгерістер жасалды. Өзін өзі жұмыспен қамтушыларды тіркеуді жеңілдету үшін бірыңғай жиынтық төлем енгізу ұсынылады. Оны төлеу өзін өзі жұмыспен қамтушылардың медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесіне, зейнетақымен қамсыздандыруға қатысуға мүмкіндік береді», деді Тұңғыш Президент.
№6 Шымкент қалалық емханасының әлеуметтік қызметкері Д.Тоқжігітованың айтуынша, 2019 жылдың 1 қаңтарынан басталған БЖТ 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін енгізілмек.
– Бүгінгі таңда еліміздің заңнамасына сәйкес, бұл аударымдар барлық азаматтар үшін міндетті болып табылады. Алайда халық арасында қызметін тіркемеген, еңбек келісімшарты жоқ немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегендер бар. Олар бүгінде әлеуметтік, зейнетақылық қамсыздандыру, әлеуметтік сақтандырудан қалыс қалып отыр. Бұл бірыңғай жиынтық төлем, ең алдымен, түрлі себеппен қорғансыз қалып отырған азаматтарымызды әлеуметтік қорғауды көздейді, – дейді маман.
БЖТ-ның үш оң сипаты бар. Біріншіден, ол ерікті түрде жүргізіледі, екіншіден, жеңіл әрі қолжетімді, тіпті есеп беруден мүлдем хабары жоқ адамдарға да лайықталған. Сонымен қатар БЖТ тек жеке тұлғаларға ғана қатысты қолданылады, заңды тұлғалар бұл механизмді пайдалана алмайды және ол мүлдем ештеңе төлемейтін адамдар санатына бағытталады.
Д.Тоқжігітова нақтылағандай, жаңа режимнің бірнеше артықшылықтарын атап кетуге болады. Мұнда салық сомасы азырақ, салық пен әлеуметтік төлемдерден тұратын бірыңғай төлем жасауға болады, салық бойынша есеп беру, салықтық тексерулер және әкімшілік жазалар болмайды. Сонымен қатар ауылдық елді мекендерде өмір сүретін халықтың жүктемесін азайту мақсатында, бұл төлемді ауыл тұрғындары үшін айлық есептік көрсеткіштің жартысына дейін қысқарту ұсынылған. БЖТ төлеу қызметті автоматты түрде тіркеуге және медициналық әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесіне қатысуға мүмкіндік береді.
Диагноз газеті