Денсаулық басқармалары министрлікке бағынуы тиіс

190729134842024a3551847i.jpg

Министрдің мәлімдеуінше, халықтың денсаулығын сақтау мен медициналық көмек сапасын арттырудың негізгі мәселелері жергілікті атқару органдарының құзырында болса да қаражаттың жеткіліктілігне қарамастан мемлекеттік бағдарлама шараларында алшақтық туып, өңірлерде орындалмаулар орын алуда.

– Денсаулық сақтау басқармаларын Денсаулық сақтау министрлігіне қайта бағындыру мәселесін көтереміз. Мұны Үкімет пен Президент Әкімшілігіне дейін жеткіземіз. Келесі мемлекеттік бағдарламалардың неге орындалмағаны туралы Сіздерді тұрғызып, сұрап отырғымыз келмейді. Денсаулық сақтау басқармаларының басшысын министрлік тағайындайтын бұрынғы жүйені қайтару керек. Сонымен қатар, трассадағы медициналық-құтқару бекеттері денсаулық сақтау құрылымына, облыстық денсаулық сақтау басқармаларына берілуі тиіс деп есептейміз. Мұндағы қаржыландыруды өз мойнымызға аламыз. Яғни, облыстық жедел жәрдем станциясы құрылымында оларды қаржыландыруға әзірміз, – деді Елжан Амантайұлы.

Осыған байланысты министр орынбасарына қаржыландыру бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен бірлесіп жұмыс істеуді тапсырды.

– Күн сайын адамдардың жол апатынан зардап шеккені туралы ақпарат түседі. Арасында ажал құшқандары да бар. Барлық жерде жедел жәрдем жұмыс істеп жүр. Трассадағы құтқару бекетінің көмек көрсеткенін естімеппін. Ең алдымен жедел жәрдем бригадасының белгілі бір уақытта жеткенін көрсетеді, олардың жылдамдықтары жаман емес, деп ол трассадағы медициналық-құтқару бекеттерін барып өз көзімен көргенін жеткізді. – Құтқару бекеті деген аты ғана бар. Менің ондағы көргенім нағыз деградация. Көліктері қираған, мамандары әлсіз, тіпті ауруды басатын және әсері күшті препараттарға лицензиясы жоқ. Шокқа қарсы шараны қалай жасайтындары түсініксіз. Сондықтан, бұл қызметті қолға алу қажет.

Сол сияқты елімізде бақылау кеңесін құрмаған өңірлер де бар екен. Біртанов оларға бір ай уақыт берді. Оның айтуынша, бақылау кеңестерін құру тізімінде Маңғыстау облысы мен Шымкент қаласы көштің соңында қалған.

– «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» аясында Елбасының корпоративті басқаруды енгізу тапсырмасы бар. Бұл 2015 жылы болды. Өткен жылы осы бақылау кеңестерін құру туралы менің бұйрығым шықты. Маңғыстау облысы әкімдігі бұйрықты елемей отыр. Бұл үлкен жүйелі мәселе. Ашықтық жоқ жерде, қоғам оқиғадан хабарсыз жерде дәрігерлермен, құрал-жабдықтармен түрлі мәселелер болады. Мен сіздерге бір ай уақыт беремін. Бір айда қоғам мен бизнес алдында есеп бересіздер. Мұны өзім қадағалаймын! деді Елжан Біртанов.

Сондай-ақ, министрліктің кеңейтілген алқа отырысында Қазақстанда бұдан былай науқастан не оның туыстарынан донорлыққа келісім сұралмайтындығы айтылды. Ол туралы емханаға тіркелерде әр азаматтың электронды денсаулық паспортында донорлық туралы арнайы баған енгізіледі. Министрдің айтуынша, сол бағанда пациенттің келісетіні не келіспейтіні көрсетіледі. 

– Емханаға тіркелерде сіздің қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісіміңіз сұралады. Егер бас тартсаңыз, жауабыңыз электронды құжатта көрсетіледі. Өткен аптада таныстырған электронды денсаулық паспортында бұл туралы арнайы баған болады. Жыл соңына дейін бұл мәселе шешіледі, – деді ведомство басшысы.

Министрдің мәлімдеуінше, донорлықтан бас тарту үшін адамдар емханаға арнайы келуі тиіс.

– Адамдар емханаға арнайы келіп, донорлықтан бас тартуын тіркетуі тиіс. Ұзақ уақытқа сақтап қою үшін қағаз құжат та міндетті түрде болады. Бірақ, марқұмның туыстары дау шығарады. Бұл жерде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет деп ойлаймын. Әрине, біздің менталитет, дәстүр, психология үшін бұл оңай емес. Бірақ жұмыс істеу қажет, – деді ол.

Диагноз газеті